Sport

Елдос ерледі!

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов Қытай Халық Республикасының Хух-Хото аймағында өтіп жатқан Гран-При додасында топ жарды. Жерлесіміз ақтық айналымда тағы бір отандасымыз Ғұсман Қырғызбаевты тізе бүктіріп, дзюдо спортында теңдессіз екенін дәлелдеді.

60 келіге дейінгі салмақта белдескен балуанымыз алғашқы жекпе-жегінде жапондық Юма Ошиманы қосымша уақытта (голден скор) вазари ұпайымен жеңсе, екінші айналымда ресейлік Роберт Мшвидобадзені уақытынан бұрын алып ұрды. Жартылай финалда Бразилия дзюдошысы Пелим Фелипенмен күш сынасқан ол қарсыласын иппон ұпайымен ұтып, финалға жолдама алды.
Ал, тағы бір отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев финалға дейін жеңіліссіз 3 кездесу өткізді. Десе де, ақтық сында жерлесімізге әлі жетпеген Қырғызбаев күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, осы аптада Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық іріктеу кезеңі басталды. Хух-Хото Гран-Приі іріктеу кезеңінің алғашқы турнирі болып есептеледі. Сондықтан Сметов осы жеңісімен Токио Олимпиадасына бір табан жақындай түсті.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР