Uncategorized

Елен Әлімжанның драматургиядағы орны бөлек

Written by Aray2005

Жазушы-драматург, публицист Елен Әлімжан қазақ драматургиясындағы орны ерекше тұлға. Қай шығармасын алып қарасаңыз да сол кездегі ұлт болмысын, бітімін, тұрмысын, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Мен үшін сонысымен бағалы, сонысымен ардақты. Ал менің режиссурадағы қалыптасуыма Елен Әбдуатұлының «Бір қазаққа бір қатын» комедиясы үлкен ықпалын тигізді.

Жазушының алғашқы драмасы «Жанталас» 1987 жылы қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында сахналанды. Қоғамның бейнесін айшықтап, ұлттық болмысын, ішкі жан дүние бұлқынысын шебер суреттейтін көркемдік дәрежесі жоғары шығармада Петр есімді кейіпкердің бейнесін Әбиірбек Тінәлиев екеуміз сомдадық. Сахналаған режиссер Әскер Құлданов. Өзімізге берілген образды сапалы әрі жоғары деңгейде алып шықсақ керек, театр сыншысы Яхия Шынәсілұлы Әбиірбек екеумізге өте жақсы бағасын да берді. Алайда «Жанталастың» сахнадағы ғұмыры ұзаққа бармады. Соған қарамастан «Жанталас» Елен Әлімжанның драматургиядағы алғашқы қадамы еді.
Жазушының «Жанталастан» кейінгі бізге ұсынған шығармасы «Бір қазаққа бір қатын» комедиясы. Пьесаның автор қойған атауы «Қазақ байыса…» болатын. Сол кездегі облыстық қазақ драма театрының директоры Сыпатай Өсербаев пьесаны сахналау туралы ұсыныс жасады. Мен ол кезде Мәскеуде Маяковский атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Андрей Гончаровтың курсында тәжірибеден өтіп жүрген болатынмын. Пьесаны өзіммен бірге ала кетіп, спектакльдерді көріп, Мәскеуде дайындала бастадым. Елге қайтып келген соң 1992 жылы сахнаға шығардым.
Қоғам тамырын дөп басқан Е. Әлімжанның күлдіре отырып, терең ойға жетелейтін «Бір қазаққа бір қатын» комедиясының сол кезеңде маңызы зор болды. Режиссураға алғашқы қадамын жасаған мен үшін де өте сәтті дүние болғаны анық. Сәтті спектакль болды деуге толықтай негіз бар. Өйткені сахнада ұзақ уақыт жүрді. Сұраныста болуына байланысты он үш жылдай сахналанды. Кейін образдарды сомдаушы актерлар құрамының өмірден озып немесе зейнетке шығуына байланысты тоқтатуға тура келді. Спектальді жоғары деңгейде алып шығу үшін актерлар труппасы керек. «Бір қазаққа бір қатын» комедиясын қойған кезде актерлер мен актрисалар керемет жұмыс жасады. Жорабек Шүленбаев пен Үмбет Әлжанов екеуі керемет тандем болатын. Олардың сахнадағы серіктері Рахима Тезекбаева мен Шәмшәгүл Жаменкееваның да спектакльдің сәтті шығуына қосқан үлесі айрықша. Төртеуінің ансамблі өте керемет үйлесті. Одан бөлек сол кездегі жас буын Жүніс Әлімбеков, орта буын өкілдері Несіпкүл Омарбекова, Ерсін Қалыбаева, Майра Әлімбетова, Шалқия Бақытжанова секілді сахна шеберлерінің еңбегі де жарқырай көрінді. Осы актерлар труппасы талпынып, бір-бірімен жарысып ойнады. Егер алдағы уақытта актерлар труппасы табылып жатса, қойылымды қайта сахнаға шығаруымыз да мүмкін.
Одан кейінгі жұмыс жасаған шығармам – «Жанұран». «Жанұран» қазақтың рухы, халқымыздың өнер, мәдениет деңгейінің бағалануы туралы спектакль. Аталмыш спектакль 2003 жылы Бішкекте өткен халықаралық фестивальде арнайы номинацияға ие болды. Кейін пьеса қырғыз тіліне аударылып, Қырғыз телерадиокорпорациясының «Учур» театрында қойылды.
Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 65, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай Елен Әлімжанның «Бауыржан Момышұлы» спектаклін сахналадық. Шығармада Бауыржанның рөлін Мәлік Ақүрпеков сомдап, үлкен бейне жасады. Аталмыш спектакльде де жақсы ансамбль ойнады. Қойылымды көрген Мекемтас Мырзахметовтің: «Баукеңді тірідей көргендей болдым ғой» деп кемсеңдеп жылағаны да әлі есте. Бұл әрине драматургтің, режиссердің, актерлар труппасының еңбегі. Жалпы драматургтің жазған щығармасының бағы жануы режиссер мен актерлар труппасының түсінісіп жұмыс жасап, идеясын дамыта отырып халыққа ұсынуында.
Сөз басында Елен Әлімжанның қазақ драматургиясындағы орны ерекше деуімнің бір себебі, драматург қазақ театрына шығарма жоқ кезде әкеліп тұрды. Шыны керек режиссерлар пьеса таппайтын. Тығырыққа тірелген қазақ театрын қиын сәтте құтқара білді. Бүгінге дейін Елен Әлімжанның пьесалары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында және бірсыпыра облыстық театрларда, халық театрларында қойылып келеді. «Тақталас», «Бір қазаққа бір қатын» комедиялары орыс тіліне аударылып, облыстық орыс драма театрында сахналанды. Келешекте өзге де ұрпаққа ой салар, ғибрат алар шығармаларымен қазақ театрының қанжығасын толтырады деп ойлаймын. Ал біздің шығармашылық байланысымыз ешқашан үзілген емес. Алда көптеген жоспарларымыз да бар. Әлі де көрерменге ұсынатын дүниелеріміз көп.

Қуандық ҚАСЫМОВ,
театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

ПІКІР