Жеңіс-75

Еленбей қалған ерлік

Written by Aray2005

Республикалық «Казахстанская правда» газетінің 1983 жылғы 27 қаңтардағы санында «Батырды білетіндер бар ма екен?» деген тақырыппен жарық көрген хабар жұртшылықты елең еткізді. Мақала авторы запорожьелік журналист – Михаил Глущенко.

«…Соғыс салған ауыртпалықтар, жаралар бара-бара көмескі тартар, ізі жоғалар, бірақ адамзат жадынан шықпақ емес. Мен міне, 12 жылдан астам уақыт бойы 417-ші Қызылтулы, ІІ дәрежелі Суворов орденді атқыштар дивизиясының майдан жорығы жайында кітап жазу ниетімен материал жинау үстіндемін. Запорожье плацдармын шабуылмен қайтарып алуда да дивизияның жауынгерлері асқан ерлік көрсетті. Шабуыл кезінде, сондай-ақ Сивашты алуда осы дивизияның 1372-ші атқыштар полкінің 3-ші атқыштар батальонының политругі Сұлтанбай Ысқақов ерекше ерлік танытты. Ұлты-қазақ. Тұрағы Жамбыл облысы. 1937 жылдың май айынан КПСС мүшесі.
«Казахстанская правда» газетінің оқырмандары батыр-жауынгерді, болмаса семьясын білетіндер болса, әйелінің аты-жөні – Сара Тартариева, бір хабар берсе…»
Соңынан іздеушінің мекенжайы, аты-жөні түгел жазылыпты.
Әрине, Ұлы Отан соғысында айрықша ерлік көрсеткен Сұлтанбай Ысқақовты жерлестері көп ұзамай іздеп тапты. Шу ауданының Шоқпар аулында еңбек ететін майдангер Сұлтекең өзінің ерен ерлігі үшін кезінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын білмейді де екен. Артынша республикалық басылымдарда уақытысында еленбей қалған ерлік иесі жайында мақалалар шыға бастайды. Алматыда 1985 жылы Ашықбек Зәуірбековтің авторлығымен «Отан үшін от кешкен» деген кітап жарық көрді. Онда 3-ші атқыштар батальонының парторгы Сұлтанбай Ысқақовтың соғыстағы ерлігі паш етілген.
Осыдан барып батыр жерлесіміз жайлы дерекпен жұртшылық бұрыннан хабардар деген ойдамыз.
Сонымен Сұлтанбай Ысқақовтың өмірбаянына көз жіберсек, 1915 жылы Шу жерінде Көктебе ауылында дүниеге келген екен. Бұрынғы «Чкалов», кейіннен «Ленин» колхозында алғашқы колхозшылардың қатарында механизатор болып еңбек етеді. 1937 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста, Хабаровск өлкесінде міндетін өтейді. Табиғаты қатал өлкеде 2 жыл әскер қатарында болу жас жігітті ширатса керек. Елге келген соң Көктерек ауылында учаскелік милиционер қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысы бұрқ ете қалған жылдың күзінде майдан қатарына алынады. Сол жылдың қазан айынан келер жылдың жазына дейінгі аралықта 105-ші атты әскер кавалерия дивизиясының құрамында болады. Бұл дивизия сол кездегі Жамбыл қаласында құрылғаны мәлім. Облыстық архивтің 282-қорының 1-тізіміндегі 453- ісінің 29-бумасында Жамбылда 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтауға байланысты атқарылған жұмыстар жайлы мәлімет сақтаулы. 1941 жылдың 13 қараша күні қабылданған СССР Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің қаулысы бойынша дербес ұлттық әскери құрамалар жасақтау жөніндегі қаулысын орындау аса маңызды еді. Осы қаулының негізінде 21 қараша күні еңбекшілер депутаттары облыстық советінің атқару комитеті мен облыстық партия комитетінің бюросының қаулысы бойынша Жамбыл қаласында 105-дербес ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтау туралы шешім қабылданды. Облыстың барлық елді мекендерінде әскери комиссариаттардың, атқарушы органдардың өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, ер-азаматтарды атты әскер дивизиясына келуге үгіттеді. Соның нәтижесінде 1 айдың ішінде 357 азамат дивизия сапында болуға тілек білдірген. 20 желтоқсан күнгі мәлімет бойынша 750 сарбаз дивизия кұрамына өткен. Осы жастардың бірі – шулық Сұлтанбай Ысқақов еді. Дивизия осында жасақталып, 1942 жылдың шілде айында майданға аттанған.
Аталмыш дивизия өзге әскери құрамаларды қайта толықтыру мақсатында таратылады. Қатардағы жауынгер С. Ысқақов 417-шы Сиваш атқыштар дивизиясының 1372-атқыштар полкінің 3-ші атқыштар батальонының құрамында соғысқа кіреді. Бұл дивизия соғыс уақытысында Тбилиси қаласында жасақталған болатын. Солтүстік Кавказ майданында 58-армия құрамында 417-шы атқыштар дивизиясы Кубань, Қырым, Украина, Прибалтиканың қалаларын жаудан азат етті. Донбасс пен Қырымда, Днепр мен Прибалтика соғысында, Вермахтың Курландия топтарын жоюда қиян- кескі ұрыстарға қатысты. Осы ұрыстар барысында қазақ жауынгері С. Ысқақов бірнеше мәрте ерлік көрсетіп, батылдық танытады. Оның жауынгерлер арасындағы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған полк басшылығы батальонның партия ұйымдастырушысы яғни парторг міндетін жүктейді. Осы мақсатта арнайы курста оқып, кіші лейтенант шені беріледі. Жалпы соғыс уақытысында жауынгерлердің патриоттық рухын көтеру мақсатында парторгке айрықша міндет жүктелген. Осы міндетті Сұлтанбай абыроймен атқарса керек. Соғыстан кейін майдандас қаруластарымен кездесу сәтінде олар политруг, кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақовтың осы қасиетін баса айтқан. Оған қоса, жауынгерлерді шабуылға өзі бастап, нағыз командирге тән қасиет көрсеткен. Сондай ұрыстың бірінде Верхне-Ясеновский хуторы маңындағы шайқаста жаңбырша жауған жау оғына қарамастан батальонды ұрысқа бастай білген өжеттігі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Ол өзінің майдандағы айрықша ерлігін 1944 жылы сәуір айында Сиваш көлінен өту барысында көрсетті. Оның бұл ерлігі қолбасшылық тарапынан былай бағаланды.
Марапаттау парағынан:
«1944 жылдың 8 сәуір күні 3-ші атқыштар батальоны алға қойылған міндетті орындай отырып, Сиваштан өтті. 9 сәуір күні жауды бірінші траншеядан ығыстырып, 14.9 белгісі маңындағы дұшпан қорғанысының қойнауында ұрыс жүргізіді. 13.5 белгісінің батыс беткейінде мықты бекініс торабынан жау аса күшті пулемет және минометтен оқ жаудырып, батальонды бас көтертпей тастады. Әсіресе 8-ші атқыштар ротасының шабуыл шебінде қиын жағдай туды. Мұндай жағдайды көрген 3-ші атқыштар батальонының политругі Ысқақов жаудың бораған оғына қарамастан, еңбектеп жауынгерлерге жетті. «Отан үшін! Соңымнан еріңдер!» деп ұран салып 8-ші ротаның жауынгерлерін алға бастады. Жау оғының астында жатып қоршау сымды кесіп өтті де, жүгірген қалпы дұшпанның траншеясына қойып кетті. Соңынан жауынгерлер де жетіп траншея ішінде ұрыс басталды. Сол ұрыста Ысқақов жолдастың бір өзі гранатпен және автомат оғымен 52 фашисті өлтірді, жаудың 2 пулеметін және танк ататын расчетты жойды, 7 неміс солдатын тұтқынға алды. Екі сағаттық ұрыста 25 жауынгерді ерлікке бастады, дұшпанның қарсыласу торабы талқандалып, тек батальонның ғана емес, бүкіл полктің ілгері басуына мүмкіндік берді.
1944 жылы 18 сәуірде Микензия ауданында болған ұрыстарда кіші лейтенант Ысқақов үш жауынгермен «дзотты» қоршау үстінде жараланды. Жарақатына қарамастан, өз тобымен бірге алға қойылған міндетті орындай берді. «Дзоттың» аузына танкіге қарсы қолданылатын гранат тастап, оның «расчетын» жойып жіберді. Дәл, сол күні жаудың қарсы шабуылын тойтара отырып, кіші лейтенант Ысқақов жанғыш сұйығы бар шөлмекпен жаудың танкін өртеп, өзі қайтадан ауыр жарақаттанды.
Ол Кеңес Одағының Батыры атағына лайық».
Полк командирі, подполковник Баранов.
13.05.1944 жыл
Полк командирі, подполковник Барановтың бұл ұсынысын, 417-ші Сиваш дивизиясының командирі, генерал-майор Бабраков та, 63-ші атқыштар корпусының командирі, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Кошевой да құптап Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін Кеңес Одағының Батыры атағын алуға лайық деп тұжырым жасады. Бұл шешімді әскердің соғыс кеңесі және соғыс кеңесінің мүшелері қолдаған. Алайда 4-Украин майданының қолбасшылығы кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігін «Қызыл Ту» орденіне ғана лайық деп тапқан. Сөйтіп 1944 жылдың 9 қыркүйегінде С.Ысқақовқа жауынгерлік «Қызыл Ту» ордені табыс етіледі. Бір ұрыста бір ғана өзі 52 фашистің көзін жою асқан ерлік емес пе?!
Ұлы Отан соғысы тарихындағы шешуші шайқастарда жеңіске қол жеткізген әскери құрамаларға сол қаланың немесе жердің атауы берілген. 417-шы атқыштар дивизиясына осы Сиваш көлінен өтердегі жанқиярлық ерлігі үшін «Сиваш» құрметті атауы берілген. Олай болса қазақ жауынгері Сұлтанбай Ысқақовтың ерлігі өз дәрежесінде еленуге тиіс еді.
Соғысты Еуропа төрінде аяқтаған кіші лейтенант Сұлтанбай Ысқақов туған елге жеңімпаз майдангер ретінде оралды. Өзінің ата қоныс Шуының өсіп өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. «Ленин» колхозында бригадир болып, одан соң ұзақ жыл «Шоқпар» астық совхозының белді мамандарының бірі ретінде тер төкті. Өнегелі отбасының иесі болды. Ұрпағы өркен жайды. Көпті бастан өткерген майдангер, ардагер ретінде ұрпағына үлгі-өнеге бола білді. Қартайып барып 1995 жылы дүниеден озды. Шоқпар ауылында бір көше отты жылдарда майдангер, әрі бейбіт күнде еселі еңбегімен ел құрметтісі бола білген Сұлтанбай Ысқақовтың атымен аталады.
Бүгінде Сапун тауының баурайында сұрапыл соғыс жылдарында қан төккен қаһармандарға арналған еңселі ескерткіш тұр. Оның бетіне майдангерлердің есімдері қашалып жазылған. Ол тізімде сол бір жылдары қолына қару алып жаумен жан аямай шайқасқан қазақ жауынгері, ержүрек Сұлтанбай Ысқақовтың да есімі бар.

Әділбек Баққараұлы,
облыстық мемлекеттік архивтің архивисі

ПІКІР