Елге үлгі Әміреқұловтар әулеті

0 1

Жанұя өмірінде бір-біріне көмектесу, ісіне ортақтасу сезімі қалыптасқан жағдайда өмір сүру дағдысы жеңілдейді. Ынтымақ-бірлігі нығаяды. Ортақ бірлікті сезінген, оның дәмін татқан адам оны сақтауға бар күшін салады. Ең маңыздысы отбасылық бірлікті ұрпаққа жалғастыруды үйретеді. Міне, бүгін жарық дүниедегі ең жақын жандардың мерекесі. Яғни, 15 мамыр — халықаралық отбасы күні. Айтулы күнге орай Мойынқұм ауылының тұрғыны, үлгі тұтар тұлға-Әміреқұловтар отбасы жайлы айтуды жөн көрдік. Әулеттің бас иесі, ауданның «Құрметті азаматы», тыл ардагері — Шора Әміреқұлов атамыз 40 жыл бойы ұстаздық етіп, мектеп директоры, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Жұбайы Мемлекет апа екеуі 4 ұл, 3 қызын өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. 1 ұл, 3 қызы әке жолын ұстанған, білім беру саласының майталмандары екен.


Немерелерін «Кең болсаң-қор болмайсың, адал бол», деп әркез адамгершілікке тәрбиелеуде. Бүгінде апа екеуі кіші ұлы Ақан мен келіні Айханның қолында тұрады.
«Біз ата-енеміздің қамқорлығының арқасында өзімізді бақытты жанұя деп санаймыз» дейді ұстаздық қызмет атқаратын келіні Айхан Әлімқұлқызы. Ол 2001 жылы Абай атындағы гуманитарлық колледжін үздік аяқтап, өзі білім алған қазіргі М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінде бастауыш сынып оқушыларына білім береді. Бүгінде 1 қыз, 3 ұлы бар көп балалы ана. Олар ата – апасының тәлім-тәрбиесін көріп, өсіп келеді. Жолдасы Ақан аға –Ақбақай кең-байыту комбинатында жұмыс істейді. Үлкен қызы -Ақбота аталған мектепті «Алтын белгіге» тәмамдаған. Қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің студенті. Ағылшын тілін меңгеруде. Ортаншы ұлдары- Азат пен Азамат мектептің озат оқушылары болса, кенже ұлы –Айбар биыл мектеп табалдырығын аттағалы отыр.
«Мектептің жанары – мұғалім. Мұғалім қандай болса – мектеп те сондай болмақ. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар көбірек білім алып шығады» – дейді орыс жазушысы Л.Толстой. Айхан Әлімқұлқызының сабырлы да салмақты биязы мінезі, окушыларға деген көз-қарасы, қарым-қатынасы өте ерекше. Сабақ беруден тыс оларды ұлы ақындарымыз –А.Құнанбаев, М.Мақатаев, Ж.Жабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқуға баулуда. «Шәкіртсіз-ұстаз тұл» дегендей оқушылары түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы.
Ел арасында немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі от¬басылардың көптігі ризалық сезіміне бөлейді екен. Бізде республикалық «Бақыт — отбасынан басталады» байқауына қатысып отырған Әміреқұловтар отбасына амандық, дендеріне саулық, жақын адамдарыңыздың қамқорлығы мен ықыласын тілейміз.

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА,

Leave A Reply

Your email address will not be published.