Жамбыл жаңалықтары

Елге қызмет еткеннің еңсесі биік

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 3603 мың жамбылдық жұмыспен қамтылған

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Дипломмен — ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы 2010 жылдан бері жүзеге асуда. Ол ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіптік кешені салаларының мамандарына қолдау білдіруге бағытталған.
Бағдарлама шеңберінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үйге бюджеттік кредит беру түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Дегенмен, мемлекеттің мұндай қолдауына қарамастан, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын толықтай жою әлі күнге дейін мүмкін болмай отыр.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы тұрғыдағы және жас мамандардың жұмысқа орналасуы жолындағы мәселелер жан-жақты сараланды.
Өткен жылдан бастап облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы аталған бағдарламаның үйлестірушісі болып табылады. Басқарма басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, 2010 — 2019 жылдар аралығында 3603 жамбылдық бағдарлама қатысушысы атанған десек, олар жалпы көлемі 564,4 миллион теңгенің көтерме жәрдемақысын алған. Оның ішінде 1814 маманға 5,2 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие берілген. Мамандардың басым бөлігі білім беру саласында жұмысқа орналасқан десек, олардың саны – 1027, денсаулық сақтауда – 347, ауыл шаруашылығында – 119, мәдениетте – 51, спортта – 40, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 6 маман жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 101 маманға 27,7 миллион теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы, 10 маманға 38,4 миллион теңге көлемінде тұрғын үй несиесі берілген. Жалпы биыл «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасын іске асыру үшін 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.
Несие жеңілдетілген шарттармен, яғни 15 жылға дейін, жылдық 0,01 пайыздық мөлшерлемемен берілгеніне қарамастан, жыл сайын борышкерлердің саны артуда.
– 2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша 1814 маманның 652-і несие бойынша қарыз екендіктері анық­талды. Олармен түсіндіру жұмыс­тары жүргізілуде. Нәтижесінде 2020 жылдың 1 мамырындағы ақпарат бойынша борышкерлер саны 529-ды құрады, – дейді Г.Жауынбекова.
Айта кету керек, бұл мәселе еліміздің басқа да өңірлерінде кездеседі. Бірқатар облыстарда борышкерлерге қолдау көрсету мақсатында акция ұйымдастырылып, өсімпұлдарды есептен шығару бойынша шешім қабылданған. Мұндай шара біздің облыста да өтпек. Оған қатысу шарттарын тиісті басқармалар аудан әкімдіктерімен бірлесіп талқылайтын болады.
– Жалпы, «Дипломмен — ауылға!» бағдар­ламасы ауылға мамандарды көптеп тартуға және жұмыссыздық дең­гейі­нің төмендеуіне мүмкіндік береді, – деп Гүлдана Жауынбекова өз баяндамасын түйіндеді.
Бердібек Сапарбаев аудан әкімдік­тері­не жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуді және өңірдегі мамандар жағдайына талдау жасауды тапсырды.
– Жергілікті жерде талдау жасап, қай салаға, қандай мамандар қажет екенін анықтаңыздар. Жыл сайын сұраныстағы мамандықтар бойынша универ­си­тет­тер­ді қанша студент бітіретінін бақылап отыру керек. Биылғы оқу жылы да аяқталып қалды, ал аудан әкімдерінде ондай мәліметтер жоқ. Бәрін аз уақытта орындау керек, созылып жүретін уақыт жоқ. Мен әрдайым барлық салаға жас мамандардың қажет екенін айтып жүремін. Алдағы уақытта олардың бастамашыл қасиеттері көптеген мәселелерді шешуге ықпал ететін болады. «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ла­ма­­сы­­ның мүмкіндіктерін пайдалана отырып біз оларды тиісті қажет­тілік­тер­мен қамтамасыз ете аламыз, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, ол аудан әкімдеріне жас мамандармен кездесулер өткізіп, олардың мәселелері мен өтініштерін тыңдап, оны шешу үшін жастармен бірлесе жұмыс жасауды тапсырды.
– Біз тек жұмыспен қамту мәсе­ле­сін ғана қарастырмауымыз керек. Егер жастарды ауылда ұстап қал­ғы­мыз келсе, олар үшін мәдени демалыс­тар ұйым­дас­тырып, спорттық ғимарат­тар­мен қамтуға тиіспіз, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыстық жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жергілікті атқарушы органдарға несиеге бөлінген қаржыны пайдаланып, қызметкерлер үшін тұрғын үй салуды ұсынды. Оның айтуынша, егер қызметтік пәтерлерді кейіннен сатып алуға мүмкіндік болатын болса, ол жастардың ауылда тұрақтауына көп септігін тигізбек.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұл мәселенің міндетті түрде қаралатынына сендірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР