Мәдениет

Елі үшін туған ер

Written by Aray2005

Кеңес Одағының батыры Саттар Естемесовтың 100 жылдық мерейтойы бар салтанатымен аталып өтті 

Шұғылалы Шу ауданында Кеңес Одағының Батыры, пулеметші Саттар Естемесовтың туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік дүбірлі думан өтті. Аталған мерейтойға Алматы, Жамбыл облысы мен Тараз қаласынан меймандар, сондай-ақ Шуда туған белгілі азаматтар қатысты.

Көкқайнар ауылдық Мәдениет үйі мен батырдың аты берілген мектептегі кеудемүсініне гүл қою рәсімінен басталған мерейтой Шу қаласының «Жеңіс» саябағындағы Саттар Естемесовтың ескерткішінде батыр тұлғаны үнсіздікпен еске алумен жалғасты.
Ал Төле би ауылындағы М.Жүнісәлиев атындағы саябақта Саттар Естемесовке арналған «Ел үшін туған ер Саттар» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Құнды кітапқа батырдың өмірі, тарихи құжаттар, арнаулар мен зерттеу мақалалар енген. Тұсаукесер рәсіміне қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы, жинақтың шығарушы редакторы Дәрмен Смайыл, ауданның Құрметті азаматы Болат Рысмендиев, ауылдың ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Құрметті қонақтарға сөз беріліп, жылы лебіздер айтылды.
Орталық алаңда мерейтойға арналған арнайы жиын өтіп, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов жиналғандарды атаулы шарамен құттықтап, батырдың өмірінен деректер келтірді. Аталған шараның Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен тоқайлас, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасының аясына нақ келетінін тілге тиек етті. Қоғам қайраткері О.Асанғазы, журналист Д.Смайыл, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Қарғабаев мінберге көтеріліп, тойдың мазмұны мен мақсатына тоқталды. Жас ұрпаққа беретін тәлімін түсіндірді. Одан кейін аудан әкімі жоғарыдағы тұлғаларды «Саттар Естемесов – 100 жыл» медалімен марапаттады.
Түскі мезгілде батырдың ағайын-туыстарымен ұйымдастырылған аста ер рухына құран бағышталып, қадірлі қонақтарға сөз берілді. Ас соңында деректі фильмі көрсетіліп, ұйымдастырушыларға алғыс айтылды.
Бұрын «Наурызтөбе» аталып келген ат спортына арналған алаң қоғамдық кеңестің ұйғарымымен С.Естемесов атындағы атшабар болып, ашылу салтанаты өтті. Оның лентасын аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев пен мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев қиып, көпшілікке ізгі тілектерін арнады.
Ал бәйге десе делебесі қозатын ағайын аламан, құнан және тай бәйгелерін тамашалап, қою шаңның арасынан алғаш шығатын арғымақтың шабысын аңдып отырды. Осы күні көкпардың ақтық жарысы өтіп, жүлдегелер анықталды. Сол тұста балуандарға күрес кілемі де жайылып жатты.
Бұдан кейін қара сөздің қадірін білетін жұрт аудандық Мәдениет үйіне жиналып, аламан айтысты тамашалады.
Осылайша батырдың тойы бар салтанатымен аталып өтті.

Саятхан Сатылғанов,

Шу ауданы

ПІКІР