ЕЛІ БАРДА ЕР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

0 5

«Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қор» қоғамдық қоры 1992 жылдың 13 қарашасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қатысуымен құрылған болатын. «Биікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым» деген Димекең тіпті өз атындағы қордың ашылуына қарсы болған. Мемлекет қайраткері Кеңес Аухадиев ағамыздың естелік кітаптарында үзеңгілес серіктестері үгіттеп, әрең көндіргені жайлы жазылған.

Арада екі ай өткен соң, 1993 жылдың 6 ақпанында өткен тұсаукесеріне өзі қатысып, қордың қоғам алдындағы міндеттерін белгілеп берген. Жалпы қор тәуелсіз халықаралық ұйым болып табылады. Табыс табуды мақсат тұтпайды. Өзінің қаражаты мен мүмкіндіктерін қайырымдылық, мәдени-ағарту және басқа да игі мақсаттарға жұмсайды.
Қордың облыстық бөлімшесі 1996 жылдың қараша айында құрылды. Бұл шаруаның басы-қасында Айтбай Назарбеков, Жапар Түйебеков, Әбдіқадыр Жүргенов, Арыстан Өтеулин, Баттал Жаңабаев ағаларымыз болды. Бұрын да, қазір де қор басқармасы да, мүшелері де негізінен ардагерлерден, облыстың, қаланың, аудандардың Құрметті азаматтарынан тұрады.
Құрылған уақыттан бері облыстық бөлімшенің ұйытқы болуымен халқының жарқын болашағы үшін өлшеусіз еңбек сіңірген Дінмұхамед Ахметұлының есімін ұлықтап, мәңгі есте қалдыру бойынша атқарылған істер аз емес. Бөлімше мүшелерінің қозғау салуымен Тараз қаласындағы бұрынғы Украин көшесі ұлағатты тұлғаның атын алды. Ал 2002 жылы қаңтарда аталған көше басталар тұстағы облыстық бөлімше орналасқан ғимарат алдына Д.А.Қонаевтың бюсті қойылды.
Қалыптасқан берік дәстүр бойынша жыл сайын ардагерлердің, облыс тұрғындарының қатысуымен Дінмұхамед Ахметұлының туған және қайтыс болған күндері Тараз қаласындағы бюстіне гүл қою, еске алу шаралары өтеді.
Өткен жылы қор өз жұмысын жандандыра түсті. Атап айтқанда, қор басқармасының құрамы жаңарып, демеушілермен жұмыс белсенді жүргізіле бастады.
2020 жылдың шілде айы коронавирус індетінің нағыз өршіп тұрған кезі болатын. Сол сәтте қордың ұйымдастыруымен облысқа танымал кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері топтастырылып, нәтижесінде қиын-қыстау шақта тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетілді. Қор есепшотына 50 миллион теңгеге жуық қаржы құйылып, қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтар ауруханаларға таратылды.
Өткен жылы Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен Дінмұхамед Қонаевтың бюстіне жаңарту жұмыстары жүргізіліп, бастапқы қалпына келтірілді. Сонымен қатар бюст айналасындағы 20 шақты ескі орындық та жаңасына ауыстырылып, айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Халқымыздың біртуар перзентінің есімі жылдар өтсе де әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл күндері Қазақстанның әр қаласында Димекеңнің атымен аталатын көшелер, мектептер, жоғары оқу орындары көптеп кездеседі. Дінмұхамед атымен аталатын жас ұрпақ та желкілдеп өсіп келеді. Сірә, олар Димаш атасын, оның ғибратты өмірін өздеріне үлгі етері даусыз. Иә, қазақ халқы бар жерде Д.А.Қонаевтың есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық, ақиқат.

Әлімбек ЖҰМАБАЕВ,
Д.А.Қонаев атындағы
халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің төрағасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.