Елі барда қаһарман ұлдың ерлігі ұмытылмайды

0 8

Желтоқсан көтерілісінің жарық жұлдызы, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті исі қазақ жұрты құрмет тұтады. Арамызда сау-саламат тірлік кешіп жүргенде Қайрат биыл 55 жасқа толып, бір емес, бірнеше баланың әкесі ретінде еліміздің өркендеп-өрістеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген қоғам қайраткерлерінің алдыңғы легінен табылатыны сөзсіз еді.

Бүкіл қазақ еліне жағылған қара күйе – ұлтшылдықты алып тастауға мұрындық болып қана қоймай, жазықсыздан-жазықсыз жазаланған жастарымызды ақтап, олардың еркіндікке шығуына ықпал еткен ақын Мұхтар Шахановты бүгінде бүкіл әлем біледі. «… Жүрегінен намыс алауы лапылдаған осы жігіт тірі тұрғанда, сөз жоқ, өз халқының айбарлы ақыны, үлкен қоғам қайраткері болар еді», деп, өзегі өртене өкінішпен:
«Мүмкіндігім бола тұра
Саған жәрдем бермесем,
Менің қолым кесілсін.
Көгершінге оқ атсақ,
Күншіл тоғай арасында
Ел сенімін жоғалтсақ,
Жазаласын бізді анамыз,
Жазаласын халқымыз…», деген Мұхаң 1992 жылы туған ауылында ескерткіш салыну сәті басталарда, Мұхаң қыруар қоғамдық жұмыстары басынан асып жатса да бізге қол ұшын беруді ұмытпады.
Әкімшілдік-қатыгездік жүйенің қысымымен Қайратпен бірге нақақтан-нақақ жапа шегіп жазаланған, 1991 жылы түрмеден босап шыға салысымен Бірлік ауылына келіп, Наурыз мерекесінде Қайраттың қорын ашуға атсалысқан Қайыркелді Күзембаев (қатыгез сот алдында Қайратпен бірге қасқайып тұрған 4 жігіттің бірі) інімізді көпшілік біле бермейді.
Бүкіл республика бойынша Қ.Рысқұлбековтің істерінің ақтығын көрегендікпен сезе де, түсіне де білген, Жетісай қалалық саябағына оның есімін бергізуге алғаш мұрындық болған, сол аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарған белгілі ақын марқұм Әлібек Мейірбекұлын Жаратқан Иеміз пейіштің төрінде шапағатымен нұрландырсын дейміз.
Қасиетті Абай бабамыздың топырағынан мәңгілік орын тапқан жас боздақтың аруағын құрметтеп, оның зиратының басына ескерткіш-құлпытас орнаттырып, 1991 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық спорттық жарыстар, ақындар айтысын өткізуді ұйымдастыруға белсене атсалысқан Семей облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Аманғазы Тілеубаевқа Қайраттың жерлестерінің атынан ыстық алғыс сезімімізді білдіреміз.
Амал қанша, біз қыршынынан қиылған боздақтың рухын құрметтеуге арналған іс-шараны Кеңес одағының шатқаяқтамай тұрған шағында оның 1991 жылы 13 наурызда 25 жасқа толатын туған күнін өзінің ауылы Бірліктегі мектепте атап өтуден бастадық. Алматыдан «Желтоқсан» қоғамдық ұйымының өкілдері Бек Сүлейменов, Нұрлыхан Ескендіров сынды азаматтар келіп, ұстаз-оқушылармен, ауылдастарымен кездесулер өткізіп, Желтоқсан оқиғасы жайлы түсінік жұмыстарын жүргізуге әрекеттенді. Сондай-ақ кинорежиссер Қалдыбай Әбенов пен желтоқсаншы Құттыбек Аймаханов та арнайы келіп, мектепке Қайрат Рысқұлбековтің есімін беруді насихаттап кетті. Желтоқсаншылармен де тығыз байланысып, сол жылдың соңына таман едәуір дау-дамайлы, айтыс-тартысты қиыншылықтардан кейін Қайраттың есімін Бірлік орта мектебіне бергіздік. Кейінірек Бірлік пен Киров атындағы орта мектептер қосылған соң, бірден Халық қаһарманының есімін иеленді. Бұл ретте Қайраттың қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназаровтың табандылық танытқаны айрықша атауға тұрарлықтай. Сондай-ақ марқұм Тасболат Іңкәрбековтей ақсақалдың, Мақсат Сейдалиев, Берікбай Қадықов, марқұм Найманхан Нүпбаев, Қалибек Шайжан, Қалдыбек Ақмурзин сынды азаматтардың тұрақты қолдау көрсеткенін атап өтпесем болмас.
1992 жылы көктемнің басында Мойынқұм аудандық кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Орынбаевтың қабылдауында отырғанмын. Ол кісі қызмет бабымен өзін сынаған, не қарсы пікір айтқан азаматтармен ешнәрсе болмағандай бүкпесіз, ашық-жарқын сөйлесе беретін. Қайрат қоры жайлы және ескерткішті қалай тұрғызу туралы кеңесіп отыр едік, сұңғақ бойлы қара торы кісі кіріп келді. «Мәке, міне, ескерткіш жасап беретін адамның өзі де келді», деп таныстыра бастады. Алматыдағы көркемсурет және театр институтының проректоры Байтұрсын Өмірбеков Мойынқұм ауданындағы Еңбек Ерлерінің мүсіндерін жасаған үлкен өнер иесі болып шықты. Бөкең сөзге келмей-ақ «Қайраттай батыр ұлымызға ескерткіш орнату, оның бейнесін мүсіндеу кім-кімге болсын зор мәртебе. Егер біздің көмегіміз қажет болса, әрдайым дайынбыз», деп мекенжайын айтып, қызмет телефонының номерін жазып берді.
10-15 күн өтер-өтпестен Мойынқұм аудандық кеңесінің төрағасы Мұрат Сейдалиев, орынбасары Жұмабек Орынбаев, Коминтерн ауылдық кеңесінің төрағасы Ермұрат Асанбаев, Байтұрсын Өмірбеков және мен бас қостық. Аудан басшылары Қайраттың басы мен иығын ғана сомдап, кішігірім мүсін орнатуды мақұлдаса, мен Одақтағы ескерткіштер жинағы кітабын көрсетіп, ақыры жасатқан соң көлемді етіп, белуарына дейін қамтып, қатыгез соттағы қасқайып, қаймықпай тұрған сәтіндей үлгіде жасауды ұсындым. Бәріміз осы үлгіге тоқтадық. Алайда Қайраттың тергеуде қырынан түсірілген суретін табу бізге оңайға түспеді. Мұхтар Шаханов арқылы Жоғарғы Соттың төрағасы Т.Айтмұханбетовке дейін шығуға тура келді. Арасында мекемелер мен банктерге де кіріп, демеуші іздестіре бастадым. «Крамдс» банкі басшысының қабылдау бөлмесінде отырғанымда бір жігіт «Төле би» банкінің директоры Мамырбек Әбдірахмановпен таныстырды. Мамырбек Қайраттың суреті мен қатынас қағазын алып тұрып: «Ескерткіштің құнын қанша болса да мен көтеремін», деп уәде берді. Байтұрсын Өмірбеков пен Болат Досжановтар ескерткішті бастап жатқандарында іздеген сурет те табылды. Мүсін жасалып жатқанда Қайраттың ата-анасы мен қарындасы Меруертті арнайы алдырып, ұқсамайтын жерлерін асықпай жөндеттірдік.
Ескерткіш дайын болғанша төсбелгі жасаттыру үшін сол кездегі аудандық мәдениет бөлімін басқаратын А.Шүңіреков екеуміз Алматыдағы Сейфуллин даңғылы бойындағы сувенирлер фабрикасына барып, жетекшілеріне мән-жайды түсіндірдік. Қайраттың кім екендігін сұрай бастады. Асылхан байқамай «Желтоқсан оқиғасына қатысқан», деп қалғаны. Сол-ақ екен, қабылдап отырған мырза: «О, онда біз жасай алмаймыз, Министрлер кабинетінің рұқсаты керек», деп ат-тонын ала қашты. Тауымыз шағылған екеуміз баяғы жанашыр ағамыз Мұхтар Шахановқа келгенімізде: «Мен оларға бәлен-түген деп айта алмаймын, менің атымды естіп қалса, одан сайын қисайып, қырсығып қалады. Одан Мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Иманғали Тасмағанбетовке жолығыңдар, сол жігіт көмектеседі», деді ол кісі. Иманғали бірден бөлім меңгерушісі Өтеген Келібаевқа тапсырып, ол төсбелгі жасайтын орынды табуға көмектесті. 1992 жылдың 10 қыркүйегіне ашылу рәсімі белгіленген ескерткіш те дайындалып, төсбелгілердің де жартысын ала алдық. Ашылу рәсіміне 1 күн қалғанда күтпеген жерден «Төле би» банкінің басшысы Мамырбек Әбдірахманов, «Төле би» қорының төрағасы Оралжан Масатбаев пен жазушы Сәрсенбі Дәуіттер байғазы ретінде ескерткіштің құнына, Қайраттың туыстарына жаңа үйге кіруіне көрімдікке, Қайрат оқыған мектептің озат оқушыларына Төле би және Қ.Рысқұлбеков атындағы стипендияларға, Қайраттың атына құрылған қорға ақшалай аударылған банк түбіртектері мен құжаттарын ала келіп, мерейімізді көтеріп-ақ тастады.
Ертеңіне қаһарман Қайрат ескерткішінің салтанатты ашылуы зор деңгейде өтті. Желтоқсаншыларды басқара келген Мұхтар Шаханов сол мезетте шығарған «Оралу» өлеңінде:
Дархандық пен кеңділіктің,
Арамдық пен пенделіктің,
Арасынан мәңгі итжығыс,
Түсіп жатқан осы алапат майданның,
Жігеріңмен көктеп өтіп,
Ұлт мүддесін шекпен етіп,
Төбең бір сәт көкке жетіп,
Өз өлкеңе ескерткіш боп оралдың ба, айдарлым!?
Жетекке алып саналы арман,
Бүршігіңді жаңа жарған шағыңда,
Денең қалып сонау Семей түрмесінің маңында,
Рухыңмен туған өлке топырағын,
Қайта бастың кемелдеп.
Аражігін ерлік пенен ездіктің,
Бір-ақ қадам екендігін дәлелдеп,
Қиын сәтте жалау еткен намысын,
Бағың жансын, қайсар ұлым,
Жанын қиған ары үшін.
Алматыға Ноғайбайдың перзенті боп аттанып,
Бар қазақтың мақтаны боп қайта оралған арысым!
Ақын осынау жырды жан жүрегімен тебірене оқығанда, жиналғандардың көпшілігі көздеріне жас алды.
Шу өзені жағасындағы киіз үйлерден дәм татқан соң, Мұхаң қоштасар сәтте көтеріңкі көңіл күймен, аудан басшыларының алдында маған «Ескерткішті жақсы жасатыпсыңдар, енді Қайраттың өлімінің құпиясын ашуға шыққын, саған енді ешкім кедергі келтіре алмайды», деп ашық айтты.
Қайрат Рысқұлбеков атындағы қор басқармасының да алдындағы бөгеттер алынып, бірте-бірте көптеген игі шараларды ұйымдастыра бастадық. Қайраттың қамшының сабындай қысқа да келте, өнегелі де өнерлі ғұмырын жас жеткіншектерге насихаттап, тәрбие беру мақсатында мұражай ашу, жас ақындар айтысына, спорттық жарыстарға жүлделер белгілеу сынды жұмыстарды үзбей жалғастырып отыру міндеттерін негізге алған едік. 1993 жылы қаңтардың 4-жұлдызында ұлтжанды да өнегелі қасиеттерімен қоғамдық жұмыстарда айрықша көзге түскен қазақ жастарына арналған Қайрат атындағы сыйлық белгіленді. Оның мәтіні кезінде «Алматы ақшамы» газетінде жарияланып, «Таңшолпан» телебағдарламасы арқылы бірнеше мәрте берілді.
1993 жылы 17 қарашадағы қор басқармасының 8 мүшесі қатысқан жиын өтіп, көпшіліктің ұсынысымен тағайындалған Қайрат Рысқұлбеков атындағы сыйлық қазақ жастарының арасында ең озық та өнегелі қасиеттерімен ерекшеленген Омбыдағы Қазақ мәдени орталығының директоры Алтынай Жүнісоваға тапсырылсын деп шештік. Алматы қаласындағы «Төле би» қорының директоры Оралжан Масатбаев (Қайрат қорына да қаржылай көмектескен болатын) төсбелгілер мен сый куәліктерін және 100 данадай «значоктарды» өз қаражатына жасатты. Сол сыйлыққа арнап, арғымақтың қаражатын «Көктерек» агробірлестігінің бас директоры Үмітқұл Бекбаев, ал ер-тұрманды мойынқұмдық Уәйділдә Мансұров мырзалар сыйлайтын болды. Қайрат атындағы сыйлықпен марапатталу рәсіміне қатысу үшін Омбыдағы Алтынай Жүнісоваға Алматыға тездете жетуін өтініп, жеделхат жібердік. 1993 жылы Алматыдағы орталық концерт залында өтетін «Желтоқсан жұлдыздары» кешінен бірер күн бұрын халқымызға танымал ақын-сазгер, термеші Аяз Бетпаевпен бірге келдім. Аякең сол кештің беташарына Қайратқа арнаған жыр-толғауын шығарған еді.
Алтынай Алматыға дер кезінде жетті. Шынында, Алтынай қиырдағы Омбыда жүрсе де қазақ елінің мәртебесі үшін талай игі істер атқарыпты. Мешіт, мектеп ашуға тікелей атсалысқан. Бұрынырақта баспасөз бетінен «Алматының Алтынайы қайдасың?» атты мақала оқығанымды, Омбыдағы қазақ жастарының арасындағы келеңсіз кикілжіңдерді жалғыз өзі қалай шешкенін білгім келіп еді:
– Иә, аға, ондай жағдайлардың болғаны рас. Қазақ жастарының екі тобы бір-бірімен тіл табыса алмай, тіпті уақыты мен кездесетін жерді белгілеп, төбелескелі жатқанын естідім. Сөйтіп, жастардың кездесетін жеріне мен де барып: «Бұларың ұят емес пе, біз жат жұрттамыз ғой. Әне, қазақтар бірін-бірі ұрып, өлтіріп жатыр деп басқа ұлт өкілдері мазақтап күлмей ме?!», деп ренішімді айттым. Бірте-бірте ашулары тарқағанан кейін қарама-қарсы топтардың басшыларын бір-бірімен қол алыстырып, сағаттарына дейін айырбастатып, татуласып кетулеріне көмектескенім рас еді, – деп ағынан жарылды.
Алтынай ана тілімізде таза сөйлеп қана қоймай, инабатты да тәрбиелі жас екендігін анық танытты. «Желтоқсан жұлдыздары» кешінің соңына таяғанда бізге де кезек тиді. Жиналған көпшілікке Алтынайды таныстыра келе, өзім сый-куәлігі мен төсбелгіні, танымал әнші Асылхан Шүңіреков ер-тұрманды, Оралжан Масатбаев «конверттегі арғымақты» салтанатты түрде тапсырдық.
Осы ретте жоғары деңгейде өткен кештен кейін алған хатты жариялай кеткенді жөн көріп отырмыз. «Омбыдан ыстық сәлем. Естуімше, Жамбыл облысының бұрынғы аты Әулиеата болу керек. Көнекөз қарттарымыз арғы ата-бабаларымыз сол жақты қоныс еткен деуші еді. Сондықтан Әулиеатаны атажұртымыз деп есептейміз. Астанамыз Алматыда Қайрат Рысқұлбеков атындағы бірінші сыйлықты біздің «Мөлдір» мәдениет орталығының директоры, аяулы қызымыз Алтынай Жүнісоваға берген екенсіздер. Алтынай жас та болса бас болып, елімізге қызмет етіп жүрген беткеұстар азаматтарымыздың бірі. Сіздер де солай бағалаған екенсіздер. Атажұрттан ажырап қалған ағайынды бауырға басқандай болдыңыздар.
Бұл құрметті біз Омбы еліне көрсетілген ықылас деп түсінеміз. Сол үшін Әулиеата азаматтарына, егемен еліміз Қазақстанның ел басқарушыларына Омбы елінің алғысын айтамыз! Сәлеммен, Амангелді Жүсіпұлы. Ақын. Омбы қаласы» делінген екен хатта.
Бұл біздің Қайраттың құрметіне орай өткізген айтулы бір шарамыз еді.
Жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі ұлағатты шараларды қолға алуға Қайраттың желтоқсанның сол бір ызғарлы күндері көрсеткен ерен ерліктері бізге күш-жігер, қуат берді. Оның қиын-қыстау, аласапыран кезеңдерде шашынан сүйретіліп бара жатқан қаракөз қызымызды Алмабеков деген қызылжағалыдан құтқарып қалғаны, сондай-ақ мінбеге шығып, алаңда жиналған жастарға: «Жігіттер, үш күнге шыдайық, үш күнге шыдасақ, дауысымыз БҰҰ-ға жетеді», деп үндеу тастағаны үш әріп тыңшыларының назарына ілігуге негізгі себепкер болғаны айдан анық.
1996 жылдың 13 наурызы қарсаңында «Төле би» қорының төрағасы Оралжан Масатбаев пен қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназаров үшеуміз Алматыдағы сәулет-құрылыс академиясы тәлімгерлерімен Қайраттың 30 жасқа толатын туған күнін атап өтуді жоспарладық. Проректор Жангелді Отарбаевқа жолығып, мән-жайды түсіндірген соң, ол менің аты-жөнімді білгеннен-ақ: «Сіз ректор Атрушкевичке көрінбей-ақ қойыңыз, өйткені осы оқу орнынан желтоқсан көтерілісіне байланысты Әркен Уақов деген доцент сотталған еді. Сізді сол кісінің бауыры екен деп, кеш өткізуге қарсы болады», деді. Сөйтіп, Оралжан мен Сәкең ректордан рұқсат алып, білім ордасында ұлағатты шараны өткізгенбіз. Шудан ат арытып келіп, Аяз Бетбаев пен Базарбай Асқартегі қатысып, арнауларын арнады. Тәлім-тәрбиелік маңызы мол кешке Спорт және туризм министрі Темірхан Досмағанбетов демеушілік танытып, анасы Дәметкен Асанбаеваға Біріккен Араб Әмірлігіне барып қайтуға жолдама сыйлады. Көп ұзамай білім ордасында мұражай ашылды.
Өзінің өмірі қыл үстінде тұрғанда кім өзгенің өміріне ара түсе алар екен. Осындай өнегелі де өрелі ерлік Қайраттың бойынан табылды. Яғни тергеушілер сәулет-құрылыс институтының доценті Әркен Уақовты Қайратпен беттестіріп: «Мына мұғалімдерің емес пе, сендерді алаңға шығыңдар деп үгіттеген», дегенде, ол: «Бұл кісіні танымаймын, алаңға өзіміз бардық», деп ұстазын қаймықпай, ашық қорғайды.
2001 жылы аталған оқу орнында Қайраттың туған күні 13 наурыздағы басқосуда Әркен ағамыз: «Егер, яки ол басқаша айтқанда ату жазасына мен кесілетін едім», деп көзіне жас үйіріліп, тебірене еске алған болатын.
Қайраттың қамал бұзар 40 жасқа толатын туған күні де ескерусіз қалған жоқ. Менің ұйымдастыруыммен Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Зәуірбеков, аудандық мәдениет үйінің директоры Мәриямкүл Халықова мен Бақытжан Есеев, Жолдасбек Сейдазымов секілді ақжүрек азаматтардың демеушілігімен 2006 жылы 13 наурызда С.Шәкіров атындағы орта мектепте жас ақындардың мүшәйрасы айтарлықтай дәрежеде аталып өтті.
Ерекше көңіл бөлерлік жайт, сол кездегі Шу ауданының әкімі Болат Рысмендиевке сұраныспен шығып, 2001 жылы желтоқсанда мектептің қабырғасына тақтатас қойғызуға тікелей себепкер болған едім. Мұражай бөлмесі ашылды. Нәтижесінде келген қонақтар тақтатасқа гүл шоқтарын қойып, мұражай бөлмесімен танысуды дәстүрге айналдырды.
Халқымыздың ар-намысы жолында:
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар!», деп басын бәйгеге тіккен жалындаған жас Қайрат Ноғайбайұлының 2011 жылы 13 наурыз қарсаңындағы 45 жасқа толатын атаулы күні де елеусіз қалмады. Қыршын боздақтың мәйіті жерленген Семей қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орта мектеп пен ол сегіз жыл оқыған Шу ауданындағы С.Шәкіров атындағы орта мектептің арасында рухани тәлім-тәрбиелі байланыс орнатуға Шу ауданының сол кездегі әкімі,
ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Қожахан Жабағиев үлгі тұтарлықтай игі шара ұйымдастыра алды. Яғни С.Шәкіров атындағы орта мектептің ардагер-ұстазы Дәнен Бейсенбаева мен мұғалімі Ләйла Сатыбалдиеваны озат та үлгілі үш шәкіртімен және мені халқымыздың аяулы ұлына айналған Қайраттың мәңгілік мекені– Семей шаһарына барып қайтуға жол қаражатымен (Н.Мадалиевтің демеушілігімен) қамтамасыз етті.
Зымыраған уақыт та сырғып өтіп жатыр. Тәуелсіздігіміздің табалдырығына біртабан жақындаған кезең – 1991 жылы 13 наурызда басталған игі іс-шара қылшылдаған 25 жасар жас Қайратты ердің жасы 50-ге дейін есейтіп отыр. Кейінгі кезеңдерде Қайрат және Желтоқсан көтерілісін зерттеумен айналысып, бірнеше кітап мен зерттеу мақалаларының авторы атандым. Әттеген-айы, 1984-86 жылдары Ресейдің Амур өлкесі, Белогор қаласында әскер қатарында Қайратпен бірге болған қарулас достарының және Алматыдағы сәулет-құрылыс институтында қатар оқыған курстастарының хабарласпауы көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан 2016 жылдың 13 ақпанында «Хабар» телеарнасының «Бармысың, бауырым?» бағдарламасынан осы жайлы айтуыма тура келді. Дейтұрғанмен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің алты алаштың ардақты да аяулы ұлына айналғаны қашан.
Елі, жұрты, халқы барда Қайрат мәңгі тірі әрі қазақтың жүрегінде есімі өшпестей сақталады.

Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.