Елі еркелеткен, еліне еркелеген ақын еді…

0 11

Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, аудандық тарихи өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет үйінде Нарша Қашағанұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Елдің ерке ақыны еді…» атты еске алу кеші өтті.

Кешті Талас ауданы әкімінің орынбасары Роман Қырықбаев ашып, ақын жырының мәңгілік екеніне тоқталса, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Мейіржан Самылтыров Нарша ақынның сөзіне жазылған Әуезхан Салабековтің «Рақмет саған, туған ел!», «Жақсылық жаса адамға!» әндерін тамылжыта шырқады. Мұнан соң жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы сөз сөйлеп, ақынның терең ізденіп, әлем әдебиетінің үздік туындыларын жеке кітапханасына жинағанына, білімімен, ақындығымен баршаға ұстаз болғанына тоқталды. Ал ақын Қасқырбай Нарбатыров ұстазы Нарша Қашағанұлының осыдан 47 жыл бұрын жазған жырларын жатқа оқып, ақынның құлпытасына өзі жазған өлеңді тебірене оқып берді.
Сондай-ақ облыстық филармония әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Шағырбаев Наршаның сөзіне жазылған Дәулетхан Әбденбаевтың «Апа» әнін, Әбен Шалқарбаевтың «Малшылар» әнін орындаса, әнші Жасан Тілеубеков «Сені сүйген бір адам бар» әнін шырқады. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың хатшысы Кәдірбек Садубаев өз сөзінде Нарша Қашағанұлының есімі алдағы жылдары мектепке берілетінін айтты.
Мұнан соң ақындар Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Сабыр Рысбаев Нарша ақын жайлы жылы естеліктер айтты. Кеште облыстық «Ғұмыр Дария» газеті бас редакторының орынбасары Болат Жаппарұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев, ардагер Байзақ Көлбайұлы, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрал Көшенов, еңбек ардагері Лес Егембердиева, ақынның әпкесі Ұлжан Қашағанова әсерлі естеліктерімен бөлісті. Алматыдан келген әнші Айбосын Бекбосын да сахнаны әнге бөлеп, кештің шырайын кіргізді.
Талас аудандық Ұлбике ақын орталығының «Көңілашар» үштігі Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған Қуандық Кенжебаевтың әні «Таласымды» шырқағанда, жиналған көрермен орнынан тік тұрып қол соқты.
Жиын соңында қонақтарға дастарқан жайылып, ақын рухына Құран бағышталды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.