Қоғам

Елі сүйген, елін сүйген Елбасы

Written by Aray2005

Қандай құрмет көрсетсек те жарасады

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен еліміздің бас шаһарын атау – қай қырынан қарасақ та құп көретін шешім. Себебі Астана Елбасының төл туындысы. Ұлт көшбасшысы ел тізгінін ұстаған 30 жылдың бедерінде жасампаз мемлекетімізді жарқын жеңістерге жетелеп, елорданы саяси және рухани мәселелер шешілетін Еуразияның кіндігіне айналдырды. Сондықтан ел астанасын Нұр-Сұлтан деп атау – құп көретін жайт.
Сондай-ақ Елбасы ұлт саулығы мен дені сау ұрпақ тәрбиелеу жолында да аз тер төккен жоқ. «2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортты жанына серік етуі керек» деген Үндеуінің өзі көреген басшының кемеңгерлігін көрсетіп тұр.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұңғыш рет VII Қысқы Азиада ойындарын өткізу құқығына ие болды. Еліміз бұл мүмкіндікке Елбасының сарабдал саясатының арқасында қол жеткізгені баршаға мәлім. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша Азиада ойындары үшін негізгі екі қала Астана мен Алматыда бірегей спорт кешендері бой көтеріп, қонақжай, бейбітшілік пен татулықты ту еткен елімізді төрткүл әлем таныды.
Азиада ойындарынан кейін Ұлы дала жерінде Қысқы Универсиада ойындарының жалауы желбіреді. Бұл да Елбасының батыл бастамаларының бір көрінісі. Олай дейтініміз, Қазақстан бұрынғы кеңестік елдердің ішінде бірінші болып Универсиада өткізу мәртебесіне ие болды.
Тәуелсіздік таңының тудырған тағы бір туындысы– «Қазақстан Барысы» турнирі. Елбасы жүлдесі үшін білектілер сынға түсетін бәсекенің ең алғашқы белбеуін жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаевтың Тұңғыш Президенттің өз қолынан алуы да үлкен құрмет пен абырой. Сегіз жылдық тарихта «Қазақстан Барысы» турнирімен қатар, «Еуразия Барысы» мен «Әлем Барысы» атты байрақты бәсекелер де дүниеге келді. Бұл додалардың Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен мәңгі үндесіп жататындығы ақиқат.
Ел егемендігінің ширек ғасырдан астам тарихында Жамбыл спорты да жаңарды, жасарды. Орта Азияда баламасы жоқ «Тараз-Арена» спорт кешені бой көтеріп, шалғай ауылдардың өзінде шағын спорт алаңшалары елге есігін айқара ашты. Ал Ұлт көшбасшысы сенім артып аттандырған Олимпиада ойындарында Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Зульфия Габидуллина, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов сынды жаңа есімдерді әлем таныды. Бұл да Елбасының өңір спортына жасаған қолдауының көрінісі әрі жемісі.
Міне, осындай уақыт өлшемімен аз, алайда бағындырған биіктер межесімен ғасырға бергісіз еңбектің арқасында әлем сахнасында «Қазақстан» атты жаңа спорттық держава дүниеге келді. Алдағы уақытта толағайларымыз осы тұғырдан түспей, Ұлт көшбасшысы салған сара жолда жеңісті жорықтарын жалғастырады деп сенемін.
Тарихтың бір ақиқаты, қай дәуірде болмасын ел спорты дегенде Елбасының есімі қатар айтылатыны даусыз.

Марат Жақыт,
КСРО және Қазақстан Республикасына
еңбек сіңірген жаттықтырушы

Өміршең бағдарлама өңір өнеркәсібін өркендетті

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстанды басқарған уақытында сарабдал саясаткерлігімен жас, буыны қатпаған мемлекетті әлемнің алып державалары пікірімен санасатын сөзі салмақты, экономикалық тұрғыда қарқынды дамушы елдер қатарына қоса білді. Ұлт көшбасшысының бастауымен Қазақ елі Орта Азияда ғана емес, жалпы жаһан жүзінде бейбітшілікті, ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты насихаттаушы ретінде танылды.
Елі үшін осындай елеулі еңбек еткен ұлы тұлғаны тарихта қалдыра білу – біздің парызымыз. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамызға Елбасының атын беруді ұсынды. Бұл ұсыныс ел ішінде қызу қолдау тауып, бас қала Нұр-Сұлтан атауын алды. Әрине, бұл шешімге біз де қолдау білдіреміз. Өйткені ұлтымыздың дара ұлының төл перзенті– Астанаға өз есімінің берілуі өте орынды.
Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған уақытында экономикалық дамуға баса назар аударғанын жақсы білеміз. Ол әсіресе аймақтардың дамуына көңіл бөлді. Бұл мақсатта елге инвесторлар тартудың түрлі жолдарын қарастырып, өңірлердегі жұмысты жүйелеудің жолдарын ұсынды.
2017 жылы облысымызға келген жұмыс сапарының барысында Елбасы Әулиеата өңірінде өнеркәсіптің даму әлеуеті мен өңірде индустриялық бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуының маңызы зор екенін ерекше атап өткен еді.
Расында, аймақ экономикасына өнеркәсіп саласының қосып отырған үлесі ауқымды. Президенттік қызметі барысында осыны ескерумен келген Н. Назарбаев өндіріс ошақтарының көптеп ашылуына ерекше назар аударды. Осы орайда ол «Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске қосты. Елбасының бұл шешімі аталмыш саланың тасы өрге домалауына қарқын қоса түсті. Оның нәтижесін сіз бен біз әлі күнге дейін көріп келеміз.
Бүгінгі таңда бұл жоспарда белгіленген 8 жоба іске асырылып үлгерді. Ал жыл аяғына дейін тағы
6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсаты тұр.
Өңір өнеркәсібін өркендету бағытындағы бұл жұмыстардың нәтижелілігіне жыл өткен сайын көз жеткізіп келеміз. Өйткені аймақтағы өндірілетін өнімнің көлемінде оң динамика аңғарылып отыр. Мәселен, өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 396,2 миллиард теңгенің өнімін өндірді.
Республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына Үндеуінде Елбасы ел алдында ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ыдырамастай болса, жетістікке жететінімізге сенетінін айтты. Сондай-ақ «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік Елімізді сақтай біліңіздер. Бұл– біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір», – деп егемендігін ең құнды, қастерлі байлығы көретін елді бізге аманат етті.
Біз де алдағы жұмысымызды осы аманатты сақтау мақсатында қазіргіден де қарқынды ете түсеміз. Бұл іске өзге де отандастарымды жұмылуға шақырамын.

Талғат Шалдарбеков,
облыс әкімдігі кәсіпкерлік және
индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы

ПІКІР