Елімізге ресейлік вакцинаның 4 миллион дозасы жеткізілмек

0 3

Жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы ақпарат таратқан Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аталған сапар аясында Асқар Мамин Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен, сондай-ақ Ресейдің орталық мемлекеттік органдарының, мемлекеттік корпорациялары мен қаржы-банк құрылымдарының басшылығымен келіссөздер өткізген. Онда екі елдің Үкімет басшылары сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика және ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттыру мәселелерін, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация шеңберіндегі жобаларын талқылады.
Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралған басқосуда COVID-19-дың таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен іс-шараларға ерекше назар аударылды. Осылайша Мәскеуден «Спутник V» ресейлік вакцинасының 4 миллион дозасын Қазақстанға қосымша жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
– Вирустың таралуын жеңу үшін біздің елдеріміздің күш-жігерін, оның ішінде халықты жаппай вакцинациялау мәселелерінде үйлестірудің жоғары деңгейі қажет, – деп атап өтті Асқар Мамин маңызды жиын барысында.
Сонымен қатар басқосуда осы жылдың екінші жартысында Көкшетау қаласында өтетін «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» тақырыбына арналған XVII Аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселесі де қаралыпты. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын әзірлеу және оған қол қою бойынша жұмысты жандандыру қажеттігі де атап өтілген.

Негізінен Ресей Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктесі болып есептеледі. 2020 жылы тауар айналымы 18,2 миллиард АҚШ долларына жеткен. Қазақстанда Ресей капиталының қатысуымен 10 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді екен. Бұл шетелдік қатысуы бар кәсіпорындардың жалпы санының 36,1 пайызын құрайды.
Ресей Федерациясы өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен және Ресейдің тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриевпен кездесуде фармацевтика, машина жасау, металл өңдеу, химия өнеркәсібі секілді тағы да басқа өңдеу өнеркәсібіндегі бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ екіжақты форматта және ЕАЭО шеңберінде сауданы кеңейту талқыланды. «Росгеология» басқарма төрағасы Сергей Горькиймен екі елдің геология саласындағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелері әңгіме өзегіне айналған. «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесуде ғарыш саласындағы ынтымақтастық жобалары екшелген.
Сапар барысындағы іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев және тағы басқалар қатысқан.

«ARAI»-ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.