"Алтын бесік"

Елтұтқа

Written by Aray2005

Елбасы… Тәуелсіздік пен тыныштықтың, дархан даладағы байтақ елдің бақ-дәулетінің күзетшісі, ұлт руханиятының қамқоры, ұрпағының жанашыры, ырысының қорғаны. Талай нәубетті төзіммен өткеріп, қасірет құрсағына қамалса да көрер жарығынан үмітін үзбеген һәм арманы аманатқа айналған алаш ұрпағын азаттық асуына арқалап алып келген көреген елдің Көшбасшысы. Отан-Ананы озық отыз елдің қатарына жетелеген оғлан ұл, бүгінгі бейбіт күннің баһадүрі. Ынтымағы мен бірлігі жарасып, достық пен татулықты ту еткен қазіргі қоғам картинасының авторы. Оның ерлікпен пара-пар әрбір шешімі, жарлығы мен тапсырмасы әр қазақстандық азамат үшін үлкен маңызға ие. Ұрпаққа үлгі, өнеге.

Қазақы ақыл-ойдың апогейі Абай хакім өзінің отыз тоғызыншы қара сөзінде ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезін ерекше атап өтіп, «Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш – қонды болса, дау – жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары қалай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шыл­быр­ды бердік саған, берген соң, қайтып бұзыл­мақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» дейтін дәйекті даналығы бар. Ақыл абы­зы­ның көрегендігін Мәңгілік елдің Тұңғыш Президенті, кешегі Күлтегін мен Керей­лер­дің, Махамбет пен Әлихандардың пара­сат­ты көшін жалғап, ізгі іскерлігімен, ұлтқа жанашырлығымен, тындырымды тірлігімен, тегеурінді талпынысымен дәлел­дей түскендей.
Қазақтың аяулы ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова Елбасы монологын маржан жырымен әспеттеп:
Тәуекел дедім!
Ант еттім,
Тәуелді болып көнбеске.
Құбылаға басты берсем де,
Құлдыққа елді бермеске!
Қандастарымның марқасқа,
Сарсаңға басын салмасқа.
Түбегейлі де тұтас боп,
Тұтқанда, қапы қалмасқа!
Кіруге қалың кеңеске —
Кеңессем, тұрар ел есте.
Қарғамау үшін бізді ертең,
Бүгінгі туған нәресте! – деген толғауын­да Ұлт көшбасшысының ұлы ойларын:
Омырауы уыз ананың,
Алмасам деп ем қарғысын.
Бөрілі байрақ бабаның,
Жалғасам деп ем арлы ісін.
Қолымды созсам,
Бірлікпен,
Қолдайтын халқым бармысың?! – деп шебер тұжырымдайды.
Рас, ел тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жиған 1991 жылдың 1 желтоқсан күні тәуелсіз Қазақ елінде алғашқы президент­тік сайлау өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың зор сенімімен, яғни сайлау­шы­лар­дың 98,78 пайыз дауысымен жеңіске жеткен еді. Мемлекет билігін қолға алған­нан бастап Елбасының атқарған игі істері же­тер­лік. Сол бір қиын-қыстау кезеңде, яғни 1991 жылдың 29 тамызында 60 жылға жуық уақыт бойы Абай мен Шәкәрімдей дара даналардың кіндік қаны тамған қасиетті Семей топырағындағы ядролық сынақтарды тоқтату туралы Жарлыққа қол қоюы ерлікпен пара-пар тарихи қадам болатын. Елбасымыз Түркияға жасаған сапарларының біріндегі сөйлеген сөзінде: «Қазірге дейін түркінің ішінде: «Жігіттің сұлтаны, ең жақсы жігіт қандай?», – деген­де, «Ол – қазақ! Сол қазақ – бізбіз!», – дегені бар еді. Расында да рухты сөз. «Елім менің» әніне
«Бабамның қаны, анамның жасы,
Сіңген бұл далам, қымбатсың маған» – деп өзі жүрекпен жазған әр сөзі қазақ деп айқайлап тұрғандай.
Елбасы қашанда ел қамын, тағдыры мен келешегін естен шығарған емес. Әрбір сөзінде бұқараның бақ-дәулетін еселеп, жоғын түгендеп, барын бағалауға шақыру­мен келеді. Хандығымыздың бес жарым ғасырлық белесін атап өтуі, дипло­ма­тия­­лық мис­сияларды ел игілігіне шешуі, Ұлы дала төрінде «ЭКСПО» халық­ара­лық көр­ме­сін ұйымдастыруы, тәуелсіздіктің төл пер­зен­ті – ару Астананы салуы, осы секілді сөз­бен айтып тауыса алмайтын талай істің бас­та­ма­шы­сы болғанына көзіміз куә, қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамып келе жатқан қоғамның өзі дәлел.
Президент қаламынан күні кеше ғана қалың қазаққа жол тартқан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүниежүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр», деп жазды.
Шынтуайтында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де еліміздің тұңғыш Президенті ретінде Қазақстанның жаһандық аренадағы жетістіктеріне жетекшілік етіп отырған һәм Ұлы даланы мекен еткен ұлттың атынан сөз сөйлейтін, басты брендіне айналған тұлға. Ал, аталған мақаладағы маңызды ойлар мен ортақ мүдделі міндеттемелер бай тарихымызды бойтұмарға айналдырып, ұрпаққа аманат артқан Елбасының асыл толғауы іспетті. Иә, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем сахнасындағы болашақтың премьера­сын бірге дайындауға, бірге орындауға бар мүмкіндікті жасап отыр.
Ендеше, «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу болуымыз керек» деп Алаштың аяулы перзенті, абыз ақсақал, қазақ әдебиетінің қайталанбас қайраткері, қазақтың ұлы қаламгері Шерхан Мұртаза айтқандай, бірлігіміз баянды бақытқа, тірлігіміз толағай табысқа толы болғай!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР