Қоғам

Елу метр жолдың егесі кім?

Written by Aray2005

«Көрмейін десем, көзім бар» демекші, бүгінде Тараз қаласы аумағындағы кейбір тірліктерге іш қынжылады. Әсіресе құрылыс саласына келгенде «бауын тапса, байлауын таппай» жатқан тұстар баршылық. Кейде тіпті көзге шыққан сүйелдей болып тұрған кемшіліктерді жауаптылар назарға алмайтындығына таңғаласың. Міне, сондай мәселенің бірін «Арай-2» ықшамауданының тұрғындары редакциямызға хатпен жолдапты.

Хат мәтініне сүйенсек, аталмыш ықшамаудандағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжі арасындағы жол жайы жазылған. Нақтырақ айтсақ, ықшамауданға кіреберіс жердегі 50 метр жол тас төсенді көрмей, шаңы бұрқырап, аспаннан бір тамшы жаңбыр түссе балшыққа айналып жатқанын жұрт жанайқаймен жеткізген.
Бұл мәселенің анық-қанығын білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқан едік. Алайда басшылық қызметке бір ай бұрын ғана келген Зият Тұрсынұлы қаланы аралап шықса да бұл аумақты есіне түсіре алмай отырғанын айтып, зерделеп барып ақпарат беретіндігін тілге тиек етті. Біз бөлім басшысының жұмысын жеңілдету үшін оған тұрғындар түсірген суреттерді ұялы телефонына жібердік. Бірақ басшы шын мәнінде ол аймақты сол бойы есіне түсіре алмады ма, әлде ақталарға сөз таппады ма, әйтеуір, «ақпарат беремін» деген сөзі құр уәде болып қалды.
Жарайды, қызметіне кеше кіріскен басшының жұмысына мін тақпай-ақ қояйық. Алайда шаһарды демалыста да дамыл таппай аралап жүрген қала әкімі Қайрат Досаев пен қол астындағы жауапты мамандары бұл маңды көрмеді дегенге сену қиын. Қала әкімдігінде белді қызмет жасайтын шенеуніктердің көбі сол «Арай-2» ықшамауданында тұрады деген мәлімет те бар. Демек, әкімдіктегі шенділер бұл жолмен күнделікті өтіп жүр деген сөз. Алайда олардың «көрмес – түйені де көрместің» кебін киіп жүргені ойға қалдырады.
Әрине, байыбына бармай, байбалам салудан аулақпыз. Бірақ бар-жоғы 50 метр жер егесіз қалып, қала әкімдігі асфальт сала алмай отыр деу еріксіз езуіңді тарттырады. Бұл мәселені қала басшысы Қайрат Әскербекұлы тікелей бақылауына алып, қара халықтың өтінішін ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.

С.Жапарұлы,
Тараз қаласы

ПІКІР