Диагноз

Емханаға тіркеліп үлгердіңіз бе?

Written by Aray2005

Елімізде тұрғындардың өзі таңдаған емханасына тіркелуге толық құқылы екені бұған дейін хабарланған болатын. Сол науқан мерзімі аяқталып, 300 мыңға жуық қазақстандықтар медицина ұйымын еркін таңдау құқығын пайдаланғаны анықталды. Ал облысымызда 3 185 адам емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланыпты. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мавлюда Бокаева мәлімдеді.

Облыс тұрғындарының 3 113-і дәстүрлі түрде емханаға тікелей хабарласып тіркелсе, 72 адам «egov.kz» электрондық порталы арқылы тіркелген.
Тіркелген азаматтардың 11,1 пайызы (354 адам) мемлекеттік, 88,9 пайызы (2 831 адам) жекеменшік емханаларды таңдаған. Өткен жылы тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны кезінде 4 211 жамбылдық еркін таңдау құқығын пайдаланған еді.
Мавлюда Бокаеваның айтуынша, алдағы уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шара жүйелі мәселелерді жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Тұрғындар енді халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтардың «Connection Point» бөлімшелері арқылы емханаға тіркелуге болады. Сондай-ақ азаматтардың «Egov.kz» электрондық порталының «Telegram» боты арқылы смартфонның көмегімен бірер минутта тіркелуіне мүмкіндік бар.
Бұдан басқа егер азаматтар науқан кезінде емханасын ауыстырып үлгермесе, жылына бір рет еркін таңдау құқығын пайдалануына да болады. Сонымен қатар қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауыса алады. Қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етілмейді.
Биылғы тіркеу науқанына облысымыздың 22 медициналық ұйымдары қатысты, олардың ішінде алтауы жекеменшік. Ал тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімі Медициналық сақтандыру қорының «fms.kz» сайтында жарияланған.

«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ
облыс бойынша филиалы

ПІКІР