Ең басты міндет – әлеуметтің әлеуетін арттыру

0 0

Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімінің орынбасары Талғат Момышев баспасөз мәслихатын өткізіп, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтылған тапсырмасын орындау барысы туралы баян етті. Сондай-ақ брифингке облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев және облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев қатысты.

Жалпы облыс әкімінің орынбасары Талғат Амангелдіұлының сөзіне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында бүгінде өңірде ауқымды жұмыстар қолға алынып жатыр екен.
– Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде тұрғындардың кірістерін ұлғайту және аз қамтылған топтарға қолдау көрсетіп, тұрғын үй мәселелерін шешу, сонымен қатар өңірлерді кешенді дамыту қажеттілігі туралы баса айтты. Осы мақсатта қазір кешенді жоспар жасалып, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 40 мыңға жуық бюджеттік мекеме маманының айлық жалақысын 30 пайызға өсіру көзделуде. Сондай-ақ айлық жалақысы төмен 2403 қызметкердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі деп күтілуде. Және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында әр балаға берілетін 20 789 атаулы көмек иелері анықталуда. Бұдан бөлек мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар мен күтушілеріне берілетін әлеуметтік көмек 30 пайызға өсірілмек. Мұндай қаржылай қолдауға облыстағы 5879 отбасы қол жеткізетін болады. Сонымен қатар толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс жасау жағы қарастырылуда.
Екінші бағыт бойынша аз қамтылған жанұяларды баспанамен қамту жағына басымдық берілмек. Ол үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтып өткендей 10 жатақхананың құрылысына қазынадан 1,8 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала күтімімен отырған отбасылардың үй кезегіне бөлек тізімі жасалатын болады. Және ағымдағы жылы арендалық 80 пәтерлі 3 үйдің құрылысына жергілікті бюджеттен 945,0 миллион теңге қаралуда.
Бұдан бөлек, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту үшін облыстық бюджеттен 500 миллион теңге, ал қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін 215 миллион теңге қосымша бөлініп отыр. Сондай-ақ осал топтағы жанұя балаларын тегін оқыту үшін 2019 жылы – 6481, 2020 жылы – 6505 және 2021 жылы – 6600 оқу гранты бөлінеді деп көзделуде, — деген облыс әкімінің орынбасары одан әрі тұрғындарды ауызсу көгілдір отынмен қамту мәселесіне тоқталды.
Бұдан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыс әкімінің орынбасары мен брифингке арнайы қатысып отырған облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев және облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаевқа түрлі сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.