"Нұр Отан"

Ең басты ұстаным – халыққа жақын болу

1999 жылдың 1 наурызында жаңа партияның І съезі өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның Төрағасы болып сайланды. Одан бөлек, Саяси кеңес пен Орталық тексеру комиссиясының құрамдары бекітіліп, партияның Жарғысы қабылданды. Осы уақыттан бергі он тоғыз жылдың бедерінде партия Президенттің басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның дамып, өркендеуі жолында халықпен бірге қажымай-талмай жұмыс істеуде. Осы орайда, партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевпен кездесіп, өңірде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған мақсатты міндеттер хақында әңгімелескен едік.

– Мұратхан Жүнісәліұлы, 1 наурыз – «Нұр Отан» партиясының құрылған күні. Ең алдымен ұйымның тарихына тоқталып өтсеңіз.

– «Нұр Отан» партиясының қалыптасуы және даму тарихы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екені баршаңызға мәлім.
Елбасымыз төрағалық ететін партия еліміздегі саяси құрылымдар арасында көш бастап тұр. Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясы – бұл шешімдерді іске асыруға қабілетті, күшті саяси ерік-жігердің қуатты көзі, елді дамытудың ірілендіруші секторы» деген сөзі республикамыздағы саяси жүйенің жетілуі «Нұр Отан» партиясының қалыптасу тарихымен тікелей байланысты екенін айқын көрсетеді. Ол өзімен мақсат-мүддесі бір партиялармен біріге отырып, еліміздегі ең ықпалды күшке айналды. Бүгінгі көшбасшы партия деген атауды «Нұр Отанға» халықтың өзі берді. Бұл – «нұротандықтардың» шын мәнісінде жұртпен етене жүргізген жұмыстарының жемісі.

Алғаш құрылған кезден бастап-ақ партия бір ғана ұстанымға сүйенді. Ол – халыққа жақын болу. Осы қарапайым ережені ұстану арқылы тұрғындардың әлеуетін көтеруге атсалысты. Әлеуметтік мәселелердің туындау себебін зерделей жүріп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысының ашықтығын қамтамасыз етті. Соның арқасында көпшіліктің сеніміне ие болды.
Елбасы партияның бағыт-бағдарын нақтылап қана қойған жоқ, оны дамытудың сара жолын көрсетіп берді. «Нұр Отанның» Қазақстандағы ең ірі, жетекші саяси партияға айналуы – соның дәлелі.
1999 жылы негізі қаланған партия өз қатарына миллиондаған қазақстандықты жинады. Соның арқасында елімізде негізгі саяси күшке, Қазақстан халқын топтастырудың тетігіне айналды. «Нұр Отан» еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың басты бастамашысы және іске асырушысы десек, артық айтқанымыз емес. Партия өз тұғырнамасының бағытын анықтау кезінде әрдайым халықтың пікіріне сүйенді. Сондықтан да, «Нұр Отан» – мемлекеттік билік пен қоғамды, Президент пен халықтың өзара байланысы мен іс-қимылының негізгі өзегі саналады.

2008 жылдың 17 қаңтарында Мемлекет басшысы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда партияның халықтық тұғырнамасын жүзеге асыратын бағдарламасы бекітілді. Ал, осы жылдың 15 мамырында «Жас Отан» Жастар қанатының І съезі өтіп, оған дейін қозғалыс ретінде жұмыс істеген «Жас Отан» партияның жанындағы жастар қанаты болып бекітілді. Сондай-ақ, 2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының атауы «Нұр Отан» партиясы болып өзгертіліп, «Нұрлы болашақ жолында» атты партияның жаңа Доктринасы қабылданды. Ал, 2016 жылдың 29 қаңтарында партияның кезектен тыс XVII съезінде «Нұр Отан» партиясының «Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Қазіргі таңда сайлауалды бағдарламаның және халықтың алдында берген уәдеміздің орындалуы бойынша жұмыстар атқарылуда.

– Сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттер өңірде қай деңгейде жүзеге асуда?

– Қазір партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде құрылған «Білім», «Денсаулық сақтау», «Аграрлық сектор», «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау», «Индустриалды даму», «Жоғары технологияларды дамыту», «Мемлекеттік қызмет көрсету» және «Жастарды қолдау» бағыттары бойынша комиссиялар жұмыс жүргізуде. Комиссияларға облыстық мәслихаттың депутаттары куратор ретінде жетекшілік етеді және құрамына түрлі салалардың мамандары енген. Әрбір комиссияның отырыстары екі айда бір рет өткізіліп, сайлауалды бағдарламада көзделген тапсырмалардың орындалуы туралы тиісті мекеме басшылары есеп береді. Сонымен қатар, ұсынымдар қабылданып, олардың орындалуы партияның бақылауына алынған. Мысалы, «Білім» бағыты бойынша комиссияның отырыстарында облыстағы апатты жағдайдағы мектептерді, үш ауысымды оқытуды және мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығын жою, 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту, ауылды жерлердегі білім беру мекемелерін материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету және жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселелер қаралды. Ал, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссия отырыстарында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық сақтау» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қоғамдық денсаулық сақтау қызметін қалыптастыру жолдары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын күшейту және тағы да басқа өзекті түйткілдер талқылануда. «Аграрлық сектор», «Жұмыспен қамту және тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау», «Индустриалды даму», «Жоғары технологияларды дамыту» бағыттары бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының, 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының облыста орындалуы, өндіріс саласының дамуы, мал азығы мен ет өнімдерін дайындау мүмкіндіктерін арттыру, инклюзивті білім берудің теориялық және тәжірибелік өзекті мәселелері қаралып, бүгінгі күнге ұсынымдар мен берілген тапсырмалардың 80 пайызынан астамы орындалды.

– «Жас келсе іске» дейді дана қазақ. Партия жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанатының жеткен жетістіктері туралы не айтуға болады?

– Облыста 14 пен 29 жас аралығында 263 157 жас бар. Яғни, жастар жалпы облыс халқының 25,3 пайызын құрап отыр. Оның ішінде қалалық жерлерде – 102 179, ал, ауылдық елді мекендерде 160 978 жас тіркелген. Партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының құрамында 10 аудандық және 1 қалалық филиал жұмыс жасайды. Негізінде, Жамбыл жерінде 14 145 «жасотандық» бар.
Облыста 3 жоғары оқу орны мен 49 техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелер қызмет етеді. Оның ішінде 38 колледжде «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшелері тұрақты қызмет атқаруда.

Партия облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты барлық саладағы жастарды қамтитын түрлі форматтағы шараларды жиі ұйымдастырып тұрады. Жыл басындағы маңызды шаралардың бірі — «Жас Отан» жастар қанатының орталық кеңесінің сайлауы болды. Сайлауға қатысу үшін облыстан 12 адам өтініш беріп, сайлау кезеңіне 3 кандидат жіберілді. Сайлау қорытындысы бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа орталық кеңес сайлауының жеңімпазы болып танылды. Бұл «Жас Отан» жастар қанатының алғашқы ашық форматтағы сайлауы. Осы орайда айта кету керек, «Жас Отан» жастар қанатының 2018 жылғы барлық іс-шаралары ашық және еркін форматта өтуде.

Партия жаңғыруының нақты жоспарының 19-бөлімінде облыс аумағында белсенді, беделді жастар ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасау көрсетілген. Аталмыш бағытты жүзеге асыру мақсатында облыстағы жастар ұйымдарының тізімі жасалып, бірлескен жоспар бекіту мақсатында тірліктер тіктелуде. Қазіргі уакытта «Еркін пікір» пікірсайысшылар ұйымы, «Street Work out» көше спортының қауымдастығы, «Жайдарман» көңілді тапқырлар және «Жас Ұлан» жасөспірімдер ұйымы, «Жібек Жолы» бизнес қауымдастығымен бірлескен жобалар жасалды. Бұл бастамалар арқылы жастар ұйымдарымен бірлесе жаңа бағытта жұмыстар жасайтын боламыз. Жалпы, «Жас Отан» жастар қанаты биыл ұзақ және қысқа мерзімді 12 жоба аясында жұмыс жүргізеді.

– Бүгінде әділдік іздеген жұрт партияның облыстық филиалының есігін қағатыны белгілі. Осы орайда, «Қоғамдық қабылдау бөлмесінің» жұмысы туралы әңгіме өрбітсеңіз. Оң шешімін тауып жатқан мәселелер бар ма?

– Қоғамдық қабылдау – партия жұмысының маңызды бағыты. Партия облыстық және аумақтық филиалдары қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен өтініштер саны жыл өткен сайын көбеюде. Өткен жылы 5457 өтініш түсіп, оның 43,3 пайызы оң шешімін тауып отыр. Түскен өтініштер арасында әлеуметтік мәселелердің саны басым.
Партия филиалдарына түскен өтініштерді талқылау мақсатында ай сайын қоғамдық қабылдау қызметіне мониторинг жасалады. Ал, шалғай елді мекен тұрғындарының ыңғайына қарай Skyрe немесе WhatsAPP мессенджері арқылы бейнебайланыс орнатылып, олардың өтініш-тілектері тыңдалуда.

Бұдан бөлек, партияның «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Жетім көрсең – жебей жүр» акциясы аясында депутаттардың қабылдаулары ұйымдастырылды. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жұмысқа орналасу, оқу төлемақысын төлеу сынды мәселелері толығымен шешімін табуда. Атап айтсақ, партия облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Үміт» бүлдіршіндер үйінде Тараз қалалық мәслихатының депутаты Нариман Мәуленовтің қатысуымен көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіліп, түскен өтініштер бойынша бүлдіршіндерге ойыншықтар мен қажетті заттар алып берілді. Ал, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі Арман Еділбаев өтінішпен келген жеткіншектің «Жасөспірімдер үйінде» мерзімі өткеннен соң да жағдайы реттелгенше тұруына ықпал етіп, тағы екі тәрбиеленушінің «Аспара» колледжіндегі екі жылдық оқуының төлемақысын төлеп берді. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың депутаты Юрий Минаков Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі, «Аспара» колледжінің студенті Ержан Әлімбетовтың оқу ақысын толығымен жауып берді. Сондай-ақ, партияның облыстық филиалы ата-анасының қамқорлығынан айырылған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің 1-курс студенті Әділжан Жексенұлының 4 жылдық оқу ақысына 100 пайыздық жеңілдікке қол жеткізуіне мұрындық болды. Жалпы алғанда, «Жетім көрсең – жебей жүр» акциясы шеңберінде келіп түскен өтініштердің 77 пайызы оң шешімін тапты.

Партияның қоғамдық қабылдаулары барысында қаралатын негізгі мәселелер — осы. Одан басқа кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті несиелендіру, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша да жиі сұрақтар қойылады. Өткен жылы облыс бойынша 97 көшпелі қоғамдық қабылдаулар барысында 255 өтініш қаралып, 22 пайызы оң шешімін тауып отыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, халықтың әрбір өтініші партияның бақылауына алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

– «Нұротандықтар» Елбасының биылғы Жолдауы жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға қалай жұмылдырылуда?

– Елбасының әр жылғы Жолдауы – тарихи құжат. Қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Президенттің биылғы Жолдауы да ерекше болып отыр. Жолдауда Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жүйелі түрде жаңғыру кезеңіндегі нақты шаралар бағдарламасы айқындалған.

Жолдау жарияланғаннан кейін оны насихаттау жұмыстарын жүргізу бойынша партия облыстық филиалы жанынан түрлі саланың өкілдерін қамтитын спикерлер пулы жасақталды. Олар облыс аумағында орналасқан еңбек ұжымдарында, мекемелерде кездесулер өткізіп, халықтың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Жолдауды түсіндіру бағытында облыстық 11, Тараз қалалық 5 және аудандарда 62 ақпараттық топ құрылып, жер-жерде кездесулер өткізді. Бүгінгі күнге топ мүшелері мен спикерлер пулы 72 880 адамды қамтыған 462 кездесу ұйымдастырса, қалалық, аудандық ақпараттық топ мүшелерінің қатысуымен өткен 351 шараға 33 345 адам тартылды. Одан бөлек, бастауыш партия ұйымдары ашық жиналыстар өткізсе, партия белсенділерінің басын қосқан 11 конференцияда Жолдау жүктеген тапсырмалар жан-жақты талқыланды. Ал, барлық саяси партиялар мен ірі үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіретін диалогтық алаңда демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» облыстық коалициясы мен «Мирас» аймақтық кеңесі тарапынан жылдың бас құжатында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру бойынша нақты 10 ұсыныс түсіп, бүгінгі күнге әрқайсысын орындау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы туралы айтып бердіңіз. Ал, партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қандай деңгейде? Нендей нәтижелерге қол жеткізілуде?

– Негізі, «Нұр Отан» партиясының облыстық және аумақтық филиалдары түрлі мәселелерді қамтитын 6 партиялық және 1 арнайы жобаны жүзеге асыруда.
Қазір облыс бойынша 120-ға жуық ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, 6000-нан аса тыл еңбеккерлері бар. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыру мақсатында жыл бойы «Ардагерім – ардағым!», «Қарттарым, аман-саумысың?», «Ұрпақтар есінде» республикалық акциялары өткізіліп, оған партия облыстық және аумақтық филиалдары, бастауыш партия ұйымдары тарапынан тақырыптық кездесу мен қабылдау, қайырымдылық акция, концерттік бағдарламалар, байқаулар мен спорттық шаралар ұйымдастырылып, ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштер мен монументтерге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде.

Ал, партияның «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ» жобасы аясында жыл басында жайсыз отбасылардың үйіне рейдтер ұйымдастырылып, 20-ға жуық отбасының мәселелері анықталып, оларға көмектер көрсетілді. Бұдан бөлек, «Нұр Отан» — балаларға!», «Балаларды мектепке даярлайық» акциялары аясында қайырымдылық шаралары, «Тұсаукесер» рәсімі, байқаулар және тағы басқа түрлі форматтағы шараларды партияның әрбір мүшесі абыройлы атқаруда. Халықаралық отбасы күніне орай «Отбасын қолдау апталығы» аясында қиын жағдайға түскен отбасыларға қоғамдық қабылдау арқылы кеңес беру, жас отбасыларға семинарлар, тренингтер, үлгілі отбасылардың қатысуымен кездесу, мәдени-көпшілік, спорттық бағыттағы шаралар да назардан тыс қалмауда.

Сонымен қатар, өткен жылдың шілде-қыркүйек айларында облыстағы 713 әлеуметтік нысанның мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуіне қолжетімділігі бойынша мониторинг жүргізіліп, 245 нысан жартылай, ал 119 нысан мүлде талапқа сай келмейтіндігі анықталды. Аталған мәселе бойынша ғимараттарды қалыпқа келтіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін мекемелерге көктемге дейін уақыт берілген болатын. Бұл бағыттағы қайта зерделеу жұмыстарын жуырда бастайтын боламыз. Егер бекітілген мерзім ішінде мекемелер олқылықтардың орнын толтырмаса, тиісті шаралар қолданылатын болады. Өзге де партиялық бағдарламалар жоспарға сай, жүзеге асуда. Ол туралы ақпараттар облыстық «АРАЙ» газетінде де тұрақты жарияланып келеді.

– 1 наурызда «Нұр Отан» партиясымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні де қатар атап өтіледі. Сондай-ақ, бұл күн Елбасының Жарлығымен «Алғыс айту» күні ретінде белгіленген. Осы мерекелер қарсаңында жамбылдықтарға айтар тілегіңіз.

– Барша «нұротандықтарды», облысымыздың тұрғындары мен қонақтарын осынау айтулы мерекелермен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт, жанұяларыңызға береке тілеймін. Мемлекетіміздің бірлігі мығым, Тәуелсіздігі тұғырлы болсын. Елбасымыз аман, партиямыздың жұмысы баянды болғай!

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР