«Ең бастысы өтірік айтпауды талап етті»

0 10

Равиль Төлебаев,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департамент басшысының бірінші орынбасары

– Менің анам – Марина Алдоңғарова көпбалалы отбасында өскен. Бір шаңырақта жеті қыз, екі ұл бала, анам солардың кенжесі. Біз еліміздің батыс аймағы, мұнайлы өлке Атырау жақтың тумасымыз. Құлағыма Каспийдің шуылы келіп тұратын десем, асырып айтқаным емес.
Жайықты жағалай қоныстанған елдің өзіне тән қым-қуыт тірлігі бар. Анам мен әкемнің бас құрауына достары себепкер болса керек. Отбасымызда үш баламыз. Анам шаңырағының сүт кенжесі болса, мен тұла бойы тұңғышымын. Менен кейін інім мен қарындасым бар. Әкем көбіне жұмыс бабымен жүріп, біз толық ана тәрбиесінде өстік. Анам қырық жылдай санитарлық эпидемиологиялық зертханада лаборант қызметінде болып, сол мекемеден зейнетке шықты. Көбіне жалғыз қалатындықтан бізді өзімен жұмысқа алып баратын да кездері жиі болатын. Қазір балалық шағымды есіме алсам, сол анам қызмет еткен мекемеге кіріп-шығып, алдында ойнап жүрген сәттерім де көзіме елестеп тұрады.
Шешеміз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген кісі. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» деген мақал бар емес пе? Анамды кезінде нағашы әжем өте қатал тәрбиелепті. Тумысынан солай ма, әлде тәрбиеден бе, бізді де қатал тәртіппен өсірді. Мысалы қандай жағдай болмасын, өтірік айтпауды талап етті. Өтірік айту, сылтау табу дегендерді мүлде жаратпайтын. Тапсырманы орындау, уәдеде тұру-бұл қағидалардың орны ешқашан ауыспайтын. Ал өтірік, сылтау айтып, тапсырманы орындамасақ таяқ жейтінбіз. Күнделікті сабақты оқығаннан басқа, ағайынның хақысы, үлкендерге көрсетуге тиіс ізет, кішіге қамқорлық, бәрі-бәрі түгел қамтылатын. Бірақ, жұмыстан қанша шаршап келсе де анам күнде ертегі айтып ұйықтататын.
Біз қалада тұрсақ та ақсаусақ болып өспедік. Қаланың да балалары айналысатын жұмыстар көп. Оны үйлестіру анама қиын емес. Әсіресе жазғы үш айлық каникулда ауылдағы туыстарымыздың үйіне жібереді. Оны еңбек демалысы десе де болады. Ауылда шөп шабу, оны мая етіп жинау, мал бағу, есік алдын сыпыру дейсің бе, бәрін істейтінбіз. Қаладан гөрі даланың тіршілігі бөлек. Қазір төрт түліктің төлдерінің аты, оларды байлап, мінуге арналған жабдықтарды білмейтін қалалықтар бар. Қалада өскендіктен оларға өкпе де айта алмайсың. Мені де ата-анам ауылға жіберіп тұрмағанда жоғарыдағы «дым білместердің» қатарында болар ма едім, кім білсін?! Бұл жөнінен анама айтар алғысым шексіз. Айтпақшы сол ауылдан күзде сабаққа басымыз тап-тақыр, өңіміз қап-қара болып келетінбіз.
Ата-анамның балалығы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тап келді ғой. Тауқыметті еңбек, тоталитарлық жүйенің тоңы сіресіп тұрған кез. Сол заманның қатал заңдары ол кісілердің сүйегіне сіңген.
Егер баланы тым еркелетіп, айтқанын бұлжытпай орындап өсірсе, бала майысқақ, ысырапшыл бола ма деп те ойлаймын кейде. Бірақ ата-анам мені басқаша тәрбиелегенде ғой, еркіме жібергенде ғой деген сияқты «әттеген-айлар» жоқ. Өткен балалығыма да, бүгініме де дән ризамын. Мектепке барғанымнан бастап, жоғары сыныптағы «Соңғы қоңырау» салтанатының бәрін де қасымда анам болды. Кейін ЖОО-ны тәмамдап, диплом алып тұрған қуанышты сәтімде де қасымда аяулы анашым жүрді.
Қазір шешем Атырауда кіші баласы мен келіні бәрі бірге тұрады. Балаларын қатал тәрбиелеген тәжірибелі апаға келінді тәрбиелеу қиын болыпты ма?! Оларға да қазақы жөн-жоралғының жолын көрсетіп, өзі үйде немере бағып отыр. Бірақ немерелеріне келгенде жұмсақ…
Қазір отбасыға, шаруашылыққа келгенде шешімдерді өзім қабылдаймын. Санамда әбден пісіріп болған соң ғана анама айтамын. Анаммен барлық тақырыпта еркін әңгімелессем де сырласа алмайды екенмін. Бұл дұрыс па, бұрыс па, білмедім?..
Қанша дегенмен жайын жүзген Жайықтың жағасының қызы емес пе, анам балық өнімдерінен тағамды ерекше дайындайды.
Мен жастай шаңырақ құрдым. Тұңғышым анамның қызы. Зейнетақысы, одан басқа да тапқан олжаларын осы қызынан аямайды. Бауырларымен де барып-келіп араласып тұрады. Біздің жақтың адамдары қазақи қалжыңға ерекше епті келеді. Кездескенде кісінескен жылқыдай бірін-бірі уытты әзілмен түйрегендері қызық.
Әкемнің мамандығы ихтиолог. Жұмысына байланысты көп күнін теңізде өткізетін. Мінезі жұмсақ, мейірімі төгіліп тұрған жұмсақ адам. Екеуіне де ұқсаймын ғой, бірақ сүт берген ананың мінезі сүйекке көп сіңетін болуы керек, қатқылдау мінезім бар екенін байқаймын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.