«Ең қиын сәттерде көмек берген Қазақ халқына мың алғыс!»

0 8

Егемен еліміз қай кезде де бірлік пен татулықты биік қойған. Өзгені өзекке теппей, жатты жақынындай көрген. Ұлт пен ұлыстарды тілі мен түріне қарай бөлмей, бір үйдің баласындай бауырына баса білген. Осынау қасиетіміз бен кеңдігіміз бүгінде әлем елдеріне үлгі-өнеге.
1 наурыз – Алғыс айту күні қарсаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ильяс Буларовты сөзге тартып, еліміздегі ұлттар мен ұлыстар достығы хақында әңгіме өрбіткен едік.

– Ильяс Юсупұлы, Қордай оқиғасы қабырғамызды қайыстырып, талай жүрекке жара салғаны анық. Десе де билік те, бұқара да татулығымызға сызат түсірмеуге күш салды. Өзіңіз дүнген ұлтынан шыққан Бұлар батырдың тікелей ұрпағысыз. Айтыңызшы, осы дүнген халқы қазақ жеріне қалай және қашан қоныс аударды?
– Әңгімені арыдан бастасам, дүнген халқы қай кезде де бірлік пен татулықты ту еткен ел. Бүгінде Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында 25 000 дүнген тұрып жатса, Масанчида 18 000 дүнген қоныс тепкен. Ауқатты мен Қарасуда да 5-6 мың дүнген бар. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды 65 000-дай дүнген мекен етсе, соның 60 000-ы Қордай ауданында құтты қонысын тапқан.
Дүнгендер қазақ жеріне 1878 жылы қоныс аудара бастады. Сол тұста Қытай мемлекетінде үлкен соғыс өрті тұтанып, дүнгендер шығыстағы көршіміздің Шэньси провинциясынан қаша бастайды. Алайда сол аймақтан небәрі 200-300 шақырым қашықта орналасқан Иран, Ауғанстан, Пәкістан сынды ислам мемлекеттеріне бармай, бүкіл Қытай мемлекетін бойлай 6000 шақырым қашықтықта орналасқан Қазақстанды бетке алған. Бұның себебін бүгінгі тарихшылардың бірде-біреуі тап басып айта алмауда.
Ал Қытайдан қашқан дүнгендер 16 жыл бойы қуғын-сүргін көрген. Осы жылдар ішінде олардың саны 1 миллион адамға дейін кеміген. Алайда қазақ жерін басқанда дүнгендер құтты қоныс тапқанын сезген.
Тағдырдың тәлкегінен әбден азап шеккен дүнгендерді сол тұста Ноғайбай би жылы құшақпен қарсы алып, тарихта Қарақоңыз атанып кеткен жерді береді. Осы мекенді дүнгендер құнарлы аймаққа айналдырып, нәсібін қара жерден тауып жейді. Сайын даланың дүбірін еңбекпен қайнатып жатқан дүнгендерді алыстан көрген қазақтар әу баста оларды қара қоңызға теңеген екен. Осылайша тарих бетінде «Қарақоңыз» деген ауыл пайда болған.
Бүгінгі Масанчи ауылының бұрынғы атауы – «Қарақоңыз». Осылайша Қарақоңыз елді мекенінде еңсесін тіктеген халықты менің атам Бұлар батыр Сортөбеге бастап барады. Аталған елді мекеннің қазығын қаққан Бұлар батыр бұл болашаққа салынған жол деп бағамдап, 1910 жылдардағы ашаршылық, ұлы жұт кезінде ауылға 40 киіз үй тіккізіп, жетім-жесірлерді, аш-жалаңаш халықты 3 жыл бойы асыраған. Сол үшін де оны Бұлар батыр атап кеткен.
– Жалпы дүнген-қазақ достығы туралы не айтасыз?
– Мен бала кезден қазақтармен бірге өстім. Анам қазақ болса, әкем дүнген. Атам Бұлар батыр болса, әжем қазақ ұлтынан. Бір сөзбен айтқанда, қазаққа жиенмін. Әлі есімде, балалық шағымда ауылдағы бір той қазақы ән-би мен ұлттық салт-дәстүрсіз өтпейтін. Және қуанышқа тілі мен түріне қарамай, барлық ұлт өкілдері атсалысатын. Мәселен мұсылмандықтың үлкен тойы сүндет тойда өзге ауылдардың адамдарын шақырып, көкпар шаптырып, бәйге беретінбіз. Ал үйлену тойларында өзбек, әзірбайжан, дүнген, қазақ ұлттарының әндері шырқалып, алауыздық болмайтын. Бұл біздің бірлігіміз бен біртұтастығымызды айқындап тұрды.
Өткен күннің өлшеміндегі тағы бір ұлы оқиға – 2013 жылы дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуына 135 жыл толуына орай үлкен велошеру ұйымдастырылды. Қытай Халық Республикасының Сиань қаласынан Қордай ауданы Масанчи ауылына дейінгі халықаралық велошерудің ұзындығы 6300 шақырымды құрады. Оған мені ұйымдастыру комитетінің төрағасы етіп сайлап, біз Қазақстан-Қытай шекарасына жеткенде әрбір үйге кіріп, ақсақалдардың иығына шапан жаптық. Сондай-ақ дүнген ұлтына қиын-қыстау кезеңде көрсеткен қамқорлықтары үшін «Ноғайбай бабамыздың берген жері мен нан-тұзына шексіз алғыс айтып, сіздерге мың тағзым етеміз. Дүнген ұлты Қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпай, әрдайым құрмет тұтамыз» деп өзіміздің жүрекжарды сөзімізді де жеткіздік.
Ал велошеруіміз қайта Масанчи ауылына оралғанда «Ең қиын сәттерде көмек берген Ұлы Қазақ халқына мың алғыс» деген жазбамен ескерткіш тақта қойдық. Одан бөлек жыл сайын ақсақалдар мен жастар жиналып, Ноғайбай бабамыздың басына барып Құран оқытуды дәстүрге айналдырғанбыз. 2018 жылы Сортөбе ауылының әкімі болып тұрған кезімде мәдениет үйінің жанына Ноғайбай бидің ескерткішін қойғыздым. Ауыл ақсақалдары мен жастар жасыл шыршалар отырғызып, демалыс орнын «Достық аллеясы» атадық. Одан кейін киіз үйлер тігіп, мың адамға ас бердік. Бұл біздің Ноғайбай биге деген құрметіміз бен қазақ халқына деген достығымыздың шынайы көрінісі болатын.
– Тарихпен тамырласып, бабалар ізімен үндесіп жатқан осынау бірлігіміз кімдерге ұнамай қалды?
– Өткен жылғы Қордай оқиғасы айрандай ұйып отырған ауызбіршілігімізден айырғысы келген теріс пиғылды азаматтардың тірлігі болды. Десе де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған билік өкілдері барлық мәселені дер кезінде баса білді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір жыл тынымсыз еңбек етіп, Қордай ауданын адам танымастай өзгертті. Бұл тұста мен әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін жасалған газ, су, жол, мектеп, тұрғын үй құрылыстарын ғана емес, біртұтастығымыз бен бірлігімізді сақтап қалған қыруар жұмысты айтып отырмын. Қазір бізге де, бұқаралық ақпарат құралдарына да осы жағын көптеп көрсету керек. Өзгелер егеменді елімізде тек теңдік салтанат құратынын, олардың солақай саясатынан ешнәрсе шықпайтындығын түйсінуі қажет.
– Алда 1 наурыз – Алғыс айту күні келе жатыр. Бұл мереке сізге несімен құнды?
– Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде ұғыныстыққа ұмтылған ұлттардың ұйымшылдығын мәңгілікке сақтап қалғым келеді. Бабалар ізімен жүріп, тарихқа таңбаланып жазылған дүнген-қазақ достығын кейінгі ұрпаққа насихаттау– азаматтық һәм депутаттық парызым деп білемін. Дүнген ұлты ешқашан қазақ халқынан жыраққа кете алмайды. Біз дініміз бір бауырлас елміз. Қуаныш пен қайғыны қатар бөліскен халықпыз. Бір ғана мысал, былтыр Мақтааралдағы жағдайды естігенде дүнгендер «Мақтаарал, біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында 5 миллион теңгеден астам қаржыға 30 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ коронавирус індетінің өршіген тұсында ұйымшылдығымызды танытып, көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын создық.
1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесінің біз үшін орны ерек. Қордай ауданының тумасы ретінде мереке күні бірқатар Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірге Ноғайбай бабамыздың басына барып, Құран бағыштасақ деп отырмыз. Сондай-ақ аудандық мәдениет үйінде әр ұлттың өнерінен шашу шашып, мерекелік кеш берсек деген жоспарымыз бар. Бұл біздің қазақ халқына деген риясыз алғысымыз бен шексіз құрметіміздің белгісі болмақ.
Осы орайда Алғыс айту күнімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақ халқына мың алғыс!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.