Сұхбат

«Еңбек, ақыл, білім барлық шыңға шығарады»

Written by Aray2005

Қазақстанның Құрметті журналисі, мұрағаттанушы, «ARAI» газетінің тұрақты авторларының бірі Мақұлбек Рысдәулет жуырда жетпістің жайлауына ат шалдырды. Журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып, кейінгі уақыттарда архивте сақталған құнды қазынаны қалың оқырманның назарына ұсынып жүрген қаламгердің өмірі өскелең ұрпаққа өнеге. Осы орайда біз Мақұлбек Қайыпбекұлымен мерейтойы қарсаңында жүздесіп, ғұмыр ғибраттары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-мұраты, туған жердің тағылымы, қазақ журналистикасының дамуы, жастар тәрбиесі тұрғысында ой бөліскен едік. 

– Мақұлбек Қайыпбекұлы, сізді «ARAI» газетінің қалың оқырмандары атынан мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Абыройыңыз асқақтап, беделіңіз биіктей берсін! Шындықтың шырақшысы Шерхан Мұртазаның «Алпыс – тал түс» деген сөзі бар еді. Ал жетпіс қандай жас екен? Осы белеске көтерілгенде қандай ой түйдіңіз?
– Өмірде түйгенім, Хакім Абай айтқандай, еңбек пен ақыл бәрін жеңеді екен. Жастармен кездесуде де ұлы ойшылдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің пен ақылың екі жақтап» деген сөздерін қайталаудан жалықпаймын. Міне, сол еңбек те, ақыл да білімділікпен келеді. Білім ешқашан да тозбайды. Және білімнің шегіне жету мүмкін емес. Байқасаңыз, өмірдегі келеңсіздіктің бәрі осы білімсіздіктен болады. Ал білімді адамда инабаттылық та, имандылық та, кісілік те, адамгершілік те, бір сөзбен айтқанда барлық жақсы қасиет болады. Сондықтан ақыл, еңбек, білім барлық шыңға шығарады. Өмірде түйгенім осы болса керек деп ойлаймын.
– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұнды мақаласында туған жердің тағылымы туралы тереңнен толғады. Расында да кіндік қанымыз тамған, балалық шағымыз өткен, қиялға қанат бітіріп, қияға қалықтатқан топырақ кімге де болса ыстық. Осы орайда өзіңіздің де жұлдызы биік Жуалы жерін жан-тәніңізбен сүйетініңізді білеміз. Өткен шаққа саяхат жасап, өскен өңіріңіз туралы сыр шертсек…
– Менің бүкіл көркем шығармаларым тікелей Жуалыға байланысты. Былтыр ауданның 90 жылдығына орай тарихи-танымдық «Жуалы» атты кітап шығардым. Осы еңбекте аймақтағы әрбір ауылдар, оның айналасындағы ортағасырлық қалалар, Ұлы Жібек жолы бойындағы кезеңдер, қазіргі замандағы тыныс-тіршілігі, сол өңірдің атпал азаматтары туралы кеңінен айтылды.
Жуалы өзі географиялық тұрғыдан екіге бөлінеді. Терістің оңтүстік жағы Мыңбұлақ, солтүстік бөлігі Жуалы. Мыңбұлақ атауында да мол мағына жатыр. Алатаудың мұзарт шыңдарымен ұштасқан жүздеген сай бар. Ақ қардың сіңген суынан мыңдаған бұлақ пайда болған. Міне, содан бұл аумақ Мыңбұлақ аталып кетті. Ал Қошқар ата жағында табиғат керемет жасыл желекке оранып жатқанымен, ол маңда бастаулар аз. Есесіне ол жақта табиғи жуа өседі. Жуалы аталуы сондықтан.
Мен Бақалы деген жүз түтін тұратын шағын ауылда өстім. Балалық шағым сонда өтті. Әлі есімде, Терістің алабының екі жағында ит тұмсығы өтпейтін ну тоғай болатын. Сол кезде Теріс сылдырап қана аққанымен, көктемде тасығанда арнасы толып жататын. Оны көне түркі тілдерінде «Баркуабт» дейді. Яғни «теріс аққан» деген мағынаны білдіреді. Біле білсек, батыстан шығысқа қарай ағатын өзендер әлемде сирек. Осы өзен Күйікті тіліп өтіп, Асаға қарай ылдиға ұмтылады.
Біз жуалылықтар өзімізді жотаданбыз дейміз. Жота адамдарының мінезі де, болмыс бітімі де бөлек. Қазақтың мақтанышына айналған Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаны айтсақ та жеткілікті. Міне, киелі топырақтан осындай тарпаң тұлғалар шықты. Кешегі сұрапыл соғыста сол батыр Баукеңмен бірге соғысқан, қатар оқып, қызмет атқарған Құрманбек Сағындықов деген азамат болған. Қазақ журналистикасының қара нарларының бірі. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары каучук өндірісімен танылған Таусағыз совхозында осы аттас газет жарыққа шықты. Сол басылымды басқарды. Кейін қазіргі Түскістан өңірінде еңбек етті. Өмірінің соңына дейін қазіргі «Ақиқат» журналының бас редакторы болды.
Туған жер туралы сөз қозғалғанда балалық шақ еріксіз ойға оралады. Біз соғыстан кейінгі кезеңде, дәлірек айтқанда 1949 жылы өмірге келген ұрпақпыз. Елдің тұрмысы енді-енді оңала бастаған уақыт. Бірақ бүгінгі кезеңмен салыстыруға мүлде келмейді. Ол кезде ат, есек арбалармен шөп тасимыз. Ауылда әйелдер, апалар көп, ал еркек кіндік азаматтар аз болатын. Ал қазір ауылда шөп таситын сатылы арба да жоқ. Біз бүгін жетпіске келіп отырмыз. Дегенмен сол кісілердің ақылы кемел, жасы үлкен көрінетін. Менің әкем, тағы біраз ауылдастарымыз қырықтан аса қайтыс болып жатты. Бұл, сірә, соғыстың салған ауыртпалығынан болса керек. Соның бәрі адамды есейтеді, өсіреді. Еңбекпен бұғанамыз қатайды. Қазір немере сүйдік, ата болдық. Алланың мұнысына шүкір дейміз.
– Балалық шақ туралы айтып отырмыз ғой. Анаңыздың ойынға мойын бұрғызбай, үнемі жанына ертіп жүретінін естіп едік…
– Иә, менің азамат болып қалыптасуыма анамның сіңірген еңбегі, берген тәлім-тәрбиесі зор деп білемін. Біз үш жетім бірге өстік. Үшеуміздің әке-шешеміз бөлек. Соның бәрін апамыз бауырмалдыққа, кішіпейілділікке, меймандостыққа тәрбиеледі. Сол кезде бір қасықпен, бір тостағанмен тамақ ішеміз. Мен бір ұрттап Рахманбекке, ол Болатбекке береді. Одан кейін апамның өзі ішеді. Расында да дастарқан басында, отбасыңмен бірге тамақ ішу сені ұлы қазақтық қасиеттерге, берекеге тәрбиелейді. Кей-кейде біз осы қазақта той көп деп айтамыз. Біле білсек, біздің қазақтың басын қосып тұрған осы – дастарқан, той. Оны көп деп ешқашан да айтпау керек.
Социалистік Еңбек Ері Әбдір Сағынтаев Таласта үлкен кеңшарды басқарды. Сол кісі қандай адам келсін, ол тіпті арыз тексеруші болсын, әуелі дастарқанына отырғызады екен. Дәмін ұсына отырып, тағылымды әңгіме өрбітеді. Төрдің, дастарқанның киесін ұмытпауымыз керек. Міне, менің апам да осылайша қазақы дәстүрмен қанаттандырды. Ақсақалдар жиналып отырған кезде солардың ортасына апарып әңгіме тыңдатты. Ауылдың шежіресін көнекөз қариялардан естідім. Танымым толысты, өрем өсті. Ал қазір дастарқанға жақындаған баланы сыртқа қуып жібереді. Олай жасамау керек. Баланы дұрыс әңгіме естісін деп үлкендердің қасына отырғызу қажет. Шежіре тыңдап өскен бала жаман болмайды.
Тағы бір эпизод. Алпысыншы жылдары әр үйде 5 қой, 1 сиырдан артық мал ұстамау туралы талап қойылды. Ағаларымыз колхоздың қойын бағатын. Әйтеуір қойымыздың саны бесеуден асып кетіп, соны ылдида, Айшабибіде тұратын нағашыларымызға апарып жасыру үшін жолға шықтық. Жаяулатып Күйіктен асқанымызда ел-жұрт ағаш егіп жатыр екен. Апам тал-дарақ еккенді қатты құрметтейтін. Маған әлсіз шыбықтың бірін ұстатып, «Мына жерге ек» деді. Кейін сол терек тамыр жайып, көктеп өсті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы салынып жатқан кезде автобанның бойындағы биіктігі 30-40 метрге дейін жеткен бәйтеректі кесті. Дегенмен тамырынан шыққан басқа үрім-бұтақтары қалды. Бейнелі түрде айтқанда адам өмірі де осы бәйтерек іспетті ғой. Ұрпағымыздың осы бәйтеректей жетілетініне кәміл сенемін.
– 1968 жылы журналистика мамандығын таңдап, Алматыға оқуға түстіңіз. Университетте оқып жүріп киноға да түскен екенсіз. Ол қандай кино?
– Қазақ мемлекеттік университетінде театр студиясы болатын. Ізбас Абдун деген режисер бізді дайындап, «Еңлік-Кебекті» қоя бастадық. Мен Кебектің рөлін ойнадым. Сол жылдары «Қыз Жібек» фильміне түсу үшін кастинг өткізілді. Содан сол фильмге театр студиясында жүрген төрт жігітті, мені, Абдол Сермағанбетов, Бағдат Мекеев, Асқанбай Ерқожаевты алып кетті. Киноға үш ай түскен кезімізде көрген Асанәлі Әшімов, Әнуәрбек Молдаевтар керемет тұлғалар екен. Екеуінің арасындағы сыйластықты көргенде таңғалатынбыз. Тіпті мені «Қыз Жібек» фильмінің режиссері журналистика факультетінен осы кино саласына келуге бір жыл үгіттеді. «Қалаған кезіңде журналистикадан шығам десең, өзім ауыстырам» деді. Ондай батылдық менде болмаса керек, ол саланы таңдаған жоқпын.
– «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» дейді дана қазақ. Жан жарыңыз Дәметхан Ахметовамен бірге оқыдыңыз. Бақытты отаудың іргесін қаладыңыздар. Қатар қызмет атқардыңыздар. Апамызбен ең алғаш қалай таныстыңыздар?
– Сол 1968 жылы оқуға түскен кезімізде емтихан тапсыруға келген Дәметкен Мұхамеджанқызы екі бантигін тағып, кішкентай қыз болып көзімізге түсті. Содан екі жылдан кейін екеуміз отбасын құрдық. Біз журналистика факультетін бітіргенде орталық партия комитеті жаңадан ашылған Жезқазған облысына оңтүстіктің 10 баласын жолдамамен жұмыс істеуге жіберді. 1973 жылдың 1 тамызынан бастап Дәметкен екеуміз алғаш рет бірге еңбек еттік. Көп жылдар бірге қатар қызмет атқардық. Кейіннен жоғарғы партия мектебін бітіріп келгеннен кейін «ерлі-зайыптылар бір мекемеде жұмыс істеуге болмайды» деген себеппен қалалық партия комитетіне ауысты. Бөлім меңгеушісі болды. Қалалық кеңестің депутаты атанды. Ол қандай қызметте болмасын, үйдегі міндетін мүлдем ұмытқан емес. Жарының жағдайын жасау, тамағын пісіру, киімін үтіктеу, балаларды қарау, бәрі сол кісінің мойнында болды.
Білімділігі шығар, орыс тіліне өте жетік еді. Неміс тілінде де сөйлей алатын. Жұмыс барысында елмен тіл табысып, біреуге жақсылық жасауға ұмтылып тұратын. Мысалы, мен оқуға түскенге дейін шетел әдебиетін оқымағанмын, Гюгоның кім, Бальзактың кім екенін білмеген адаммын. Ауылда орыс көрмей өстік біз. Сол кісінің ықпалымен шетел әдебиетімен сусындадым. Театрға баруды үйреніп, кино әртістерін білдім. Өмірлік серігімнің бойына қазақтың кейбір қасиеттері менен дарыса, еуропалық білім мен мәдениетті сол жақтан алдым ғой деп ойлаймын. Осылайша бір-бірімізді үнемі толықтырып, қолдап отырдық. 47 жыл өмір сүрдік, еш өкінбеймін. Мәңгілік ойымда. Оның жарқын бейнесі бір күн де ұмыт болған емес.
– Журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқардыңыз. Жұмыс істеу бір бөлек, жұртқа пайда тигізудің сауабы мүлде басқа. Қоғамға қажетті қандай тақырыптарды қаламыңызға арқау еттіңіз?
– Мен 20 жылға жуық Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде жұмыс істедім. Тілшіліктен жауапты хатшылыққа дейін көтерілдім. Сол кездерде табиғаттың қорғалуы, экологиямыздың мәселелері мені көп толғандыратын. Түйіні тарқамаған осындай түйткілдер туралы көп жаздым. Алматы жоғарғы партия мектебін бітіріп келгеннен кейін 1986-1987 жылдары Балқаш көліне экологиялық экспедиция ұйымдастырдым. Оның өзіндік себебі де бар еді. Балқаштың суы жыл сайын бір метрге төмендеп, Аралдың кебін киетін жағдайға келген. Әсіресе Қапшағайды бөгегеннен кейін ахуал тіптен ушыға түсті. Міне, осы мәселеге биліктің назарын аударып, «Балқаштың иесі кім?» деген үлкен материал жаздым. Осы дүниемді Жезқазған облысынан Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған азаматтарға жолдадым. Сол тұста Балқаш көлі туралы заң қабылданбақ болып, кейін аяқсыз қалды. Бірақ сонда да тынбай қаламыма арқау еттім. Бұл мәселе қазір де өзекті.
Ал туған жерім – Жамбыл облысына келгеннен соң да осы аймақтағы өзекті мәселелерді ел газеті «Егемен» арқылы көтердім. Әсіресе Талас жерінде газдың мол қоры бар екенін біліп, соны елдің игілігіне айналдыру туралы көптеген мақалалар ұсындым. Біздің міндетіміз бұл. Бір жолы Шерхан Мұртазаның облыстық телевидениеде Асқарбек Сейілханға сұхбат беріп тұрғанда, мен туралы айтқан сөзін естідім. «Журналистикада бір мәселені мемлекеттің, халықтың құлағына жеткізу үшін қайта-қайта жаза беру керек. Айта беру керек. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады. Су да, тамшы да тас жарады. Мақұлбек Рысдәулет деген журналист мынау Амангелді газы туралы «Егеменнің» күн сайынғы номеріне жазды. Сынама алынғаннан бастап қалай жұмыс істегеніне дейін жазды», деді Шерағаң. Сонда мен өте марқайдым. Кейін Шерағаңдар Парламентте депутат болды. Облыстың бұрынғы әкімі Серік Үмбетов пен қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың сіңірген еңбегі зор. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ол тұста Үкіметті басқаратын. Бірде газетке мақаланың шыққанына екі күн болғаннан кейін Таразда үлкен жиналыс өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа арнайы ат басын бұрып, сол жиналысқа кіріп келгенде қолында «Egemen Qazaqstan» газеті болды. Басқосуда Амангелді газын игеру туралы сұрақ қойылды. Сонда Үкімет басшысы: «Серік Әбікенұлы айтты, мына газеттен де оқыдым, газды игереміз» деді. Не керек, көп ұзамай газдың алауы тұтанды. Кейіннен бас басылымның сол кездегі бас редакторы Ержұман Смаилдың тапсырмасымен 5 бала туған анаға Күміс алқа, 7 бала туған анаға Алтын алқа беру туралы да материал жаздым. Сол жазба жарты жылдай талқыланып, Үкіметте де қаралды. Міне, осыны да өзімнің үлкен еңбегім деймін. Әрине, оны мен шештім деп айтпаймын. Біз ел ағаларының, көпшіліктің санасына жеткізе білдік.
– Шерхан Мұртаза туралы айтып қалдыңыз. Қазақтың маңдайына біткен қарымды қаламгердің қасында көп жүрдіңіз. Не үйрендіңіз жалпы? Қандай тағылымды істері есіңізде қалды?
– Таңғалатыным, Шерағаң кісіні сыртынан ғайбаттамайтын. Өмірде ұнатпайтын адамдары болатынын сезесің. Бірақ сол туралы сөз қозғасаң, қосылмайтын. Міне, үлкен қасиет. Ал есесіне шындықты бетіңе шыңғыртып тұрып айтатын. Мен Парламент сайлауының үгіт-насихат жұмыстарымен ол кісінің жанында күні-түні екі ай жүрдім. Сол кезде бір-бірімізге ағалы-інілідей бауыр басып қалғандай күй кештім. Кей-кейде демалыс болады. Кей-кейде ол кісіні астанаға шақырады. Басқа да жиналыстар өтеді. Сонда бір-бірімізбен жолыққанша, бірге сапарлас болғанымызша асығатынбыз.
Ол кісінің қасиеттері өте көп. Балық аулауға құмар еді. Балыққа барғанымызда сағаттар бойы үндемей отыратын. Бірақ сағаттар бойы үндемей отырғанымен, сағаттар бойы ойланады. Не жазатынын ой елегінен өткізеді. Содан кейін барып жазады. Тез жазады, бірақ түзету өте аз. Балалармен сөйлескенде мейірленіп, жан жүрегіне кіріп, өзіне бірден баурап алады. Баланы өте жақсы көрді. Әңгімелерді айтқанда тіптен майын тамызады. Айта берсек, Шерағаның игі қасиеттері өте көп.
– «Egemen Qazaqstan» газетінен кейін облыстың бас басылымы «Aq jol» газетін басқардыңыз. Редакцияға жалынды жастарды жинап, қамқорлық танытқаныңызды, газеттің кескін-келбетін өзгертіп қана қоймай, мазмұнын байытқаныңызды, оқырманға ой саларлық тарихи-танымдық дүниелерге, проблемалық мақалаларға басымдық бергеніңізді жұрт жақсы біледі. Кейінгі уақытта архив саласында тер төгіп жүрсіз. Бір сұхбатыңызда «Архивке қызметке ертерек келуім керек еді» депсіз. Бұл сала сізді несімен баурап алды?
– Мен журналистиканы таңдағанда неге екенін білмеймін, редактор боламын деп ойламаппын. Редактор қой деп ұмтылмаппын, біреуге жалынған емеспін. Ойламаған жерден редактор болдым. Алты жарым жыл «Aq jol» газетін басқардық. Одан кейін 2 жыл облыстық архивтің тізгінін ұстадым. Қазір сол жерде жұмыс істеп жатырмын.
Журналистиканың орны бөлек қой, әрине. Бүкіл өмірім сонымен өтті. Дегенмен біздің архив әлі де тың деректерге толы. Оны білмейміз, әлі зерттемегенбіз. Тіпті өңіріміздің тарихын толық зерделеген жоқпыз. Мен архивке барған кезде, Жамбыл облысынан шыққан қанша батыр бар екенін білмедік. Деректер жинадым, міне соның нәтижесінде 20 адам батыр болғанын білдім. Архивте 39 адамның есімі жазылып тұр, оның 20-сы жамбылдық. Жамбыл облысын кім басқарды, олардың суреті мен өмірдеректері бар ма десек, ол да архивте жоқ. Соны іздедім. Жамбыл облысын қазіргі біздің басшымыз Асқар Мырзахметовке дейін 18 адам басқарған. Міне, сондай азаматтардың өмірбаяны мен суретін іздедік. Көбін ешкім білмейді, таба алмадық.
Жамбыл облысында 5 000-ға жуық адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Соның 800-і атылды. Кімдер атылған, мәлімет жоқ. Мен 3 000-дай адамның дерегін топтастырдым. Бізде әлі ашылмаған тарих көп. Біз ашаршылықтың кіші жыланын да, үлкен жыланын да толық білмейміз. Үлкен жылан дегеніміз – 1914-1921 жылдар аралығы. Сол уақыттарда Мұхтар Әуезов біздің Жуалыға екі рет келіп, 10-нан аса очерк жазған. Оны «Социалистік Қазақстанға» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») шығарды. Аштықтан кетіп бара жатқан адамдарды билік көшпенділер деп атады. Бірақ ол туралы бір құжат жоқ.
Шыны керек, осы салада жүріп облысқа қатысты көп дүние жаздым деп ойлаймын. Тек қана Ұлы Отан соғысына қатысты «Солдат жары», «Майдан хаттары», «Жамбыл батырлары», «Мәңгілік ерлік», «Саяси қуғын-сүргін» деген 6 кітап шығардық. Облыстың 75 жылдығына тарихи кітап жаздым. Соңғы 10 жылда архивте жүргенде біраз нәрсеге елді қанықтырдым. Жазылатын дүние өте көп. Құдай ғұмыр берсе, оның барлығын рет-ретімен қамтитын боламыз.
Бірақ кейде ашаршылық болсын, соғыс болсын, сол тарихымыз бүгінгі ұрпаққа керек пе деп ойлаймын. Бағалай аламыз ба? Мені осы толғандырады. Қазір біз Ұлы Отан соғысы деген терминнен қашып жатырмыз. Мүмкін дұрыс та шығар. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтар фашизмге қарсы майданға аттанды. Құзғындар ұясына ту тігуге қатысты. Осы үшін мақтануымыз керек. Бауыржанның өлең шумақтары қазақты танытты. Әрине, тарихсыз, бүгінсіз келешек жоқ. Ұлттық тарихтан, ұлттық құндылықтан айырылсақ, кім болғанымыз? Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында осыны көздеген. Экономика деп рухты көтеруді ұмытып кеттік. Осы олқылықтың орнын толтыруымыз қажет.
– Өмірде неден қорқасыз?
– Пәлен жылдан кейін бала-шаға тегін білмей ме деп қорқамын. Мен бір мысал айтайын. Өткен жылы облыс басшысының бастамасымен «Ерлік» мемориалдық кешені ашылды ғой. 105 мың адамның атын тасқа қашап жаздық. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру бердік. Сонда әкесінің немесе атасының аты жазылмай қалған жастар келеді. Жастар емес, жасы 70-ке келіп қалған кісілер: «Сендер неге тауып бермейсіңдер? Менің әкем соғыста кім болған?» деп сұрайды. Олардың құжаттарын әскери комиссариаттар, қазіргі қорғаныс істері бөлімдері жинақтайды. Кейде «Сен өзіңнің әкеңнің тарихын білмегенде мен білуім керек пе?» деп күйіп кетесің. Міне, көрдіңіз бе, қазір осындай сауалдар көп. Қазақ ұрпағының санасына неге жеті атасын білуді сіңірген? Сол үрім-бұтағымыз тегімізден айырылып қала ма, кім екенін білмей өсе ме деп қорыққан. Қазір бабасының қайда жерленгенін, оның аты кім екенін білмейтіндер бар. Жеті атасын білмеген соң оны қайдан біледі? Тексіздік деген сол. Салт-дәстүрден ажырасақ, тегімізден айырылсақ, өзіміздің кім екенімізді білмесек не болғанымыз? Мен осыдан қорқамын.
– Екі ғасырдың таным-түсінігін, қазақи құндылығын, қоғам көзқарасын көзбен көріп келесіз. Қазіргі жаһандану кезеңінде бүгінгі қазақ қоғамына не жетіспейді?
– Біз әрқашанда ұлттық тарихымызды, салт-санамызды ұмытпауымыз керек. Елді сақтап қалатын батыр да емес, би де емес. Елді сақтап қалатын салт-дәстүр, қанымызға сіңген ұлы қасиеттер. Біз содан айырылсақ, халық жойылады. Менің қатарластарымның қорқатыны – осы салт-дәстүрден айырылып қалу. Мысалы, қазір жаһандану дәуірінде технология дамығанда, кішкентай түйірдей дүниеден бүкіл әлемді көретін заман болған кезде біз соған қарай еліктеп бара жатырмыз. Біз дінге де, ғылымға да тез бейімделгіш, үйренгіш, тез қабылдайтын халықпыз. Ойлау қабілетіміз де, өмір сүруіміз де, еңбегіміз де ешкімнен кем емес. Себебі біздің қанымыз таза, жанымыз таза, біздің көп мінезіміз содан қалған. Кез келген адам біздің елге келгенде қонақжайлығымызды сөз етеді, дастарқанымызға тамсанады. Ол атадан мирас болып, бабадан қалған қасиет. Бірақ осындай құндылықтарымыздың жаһандану үдерісінде жұтылып кетпеуін ойлауымыз керек. Жақсысын үйреніп, жаманынан жиренуіміз қажет.
Байқайсыз ба, біз кейінгі уақытта жалқаулыққа бейімделіп бара жатырмыз. Мысалға мемлекеттен атаулы көмек беруді, көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындауды көп сұраймыз. Үкімет мүмкіндігінше көмектесіп жатыр. Кейде жатыпішерге айналып кетпейміз бе деп ойлаймын.
Американың жазушысы Хемингуэй «Жазушылар өмірдің таршылығын көрген, жоқшылықта өмір сүргендер сондайдан шығады» деген екен. Ол бекер айтылмаған сөз. Ең дамыған елдерде де кедейлер бар. Бірақ қазақ масылдыққа, жалқаулыққа бой үйретпесе екен. Баламызды еңбекке баулысақ, өзіміз де тынбай тер төксек, сөзсіз берекесі болады. Қазір барлығы интернетке жүгінеді. Немерелерімнен бір сөздің мағынасын сұрасам, бірден интернетті ашып тауып береді. Көп сөздерімізден айырылып бара жатырмыз. Табиғат аясына шықсақ, қанша шөпті атай аламыз? Көп болса он шөптің атын атаймыз. Ал ол мың түрлі ғой. Жуалыда мың түрлі дәрілік шөп өседі, соның атын білеміз бе? Осы өлкеге сырттан адамдар келеді. Сол өзге ұлттың өкілдері қап-қап қылып шөп жинап жүреді. Неге? Емдік қасиеті мол. Ал жергілікті халық оның қасиеті тұрмақ, атын да білмей жатады. Жұртшылық енжарлыққа салынбай, еңбектен, білімнен алыстамай, соған бейім болып өссе, бойларына ұлттық салт-дәстүрді сіңірсе, сіңіріп қана қоймай, айналасына дәріптесе екен дейсің. Сонда ғана біз ұлы мұратқа жетеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Тұрсынбек Сұлтанбеков

Құлаққағыс

2019 жылғы 8 маусым күні сағат 16.00-де Шоқан Уәлиханов атындағы орталық әмбебап кітапхананың конференц-залында жазушы-журналист, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Жуалы және Талас аудандарының Құрметті азаматы, мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулеттің 70 жасқа толу мерейтойына арналған ғылыми конференция өтеді. Келем деушілер болса, есік ашық.

ПІКІР