Облыстық әкімдікте

«Еңбек» бағдарламасы неге елеусіз қалды?

Written by Aray2005

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудан әкімдерімен өткен бейнеселекторлық жиыны барысында коронавирусқа қарсы күрес, көктемгі дала жұмыстары, азық-түлік тауарларының бағасын реттеу және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды.

Басқосуда өңір басшысы алдымен күн тәртібінің негізгі мәселелеріне қысқаша тоқталып өтті. Айта кетейік, аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 152 адамды құраса, 48-і емделіп шыққан.
Ал ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жеткілікті бірқатар жергілікті өнімдер бағасының қымбаттауы күмән туғызады. Бердібек Сапарбаев пандемия кезінде қосымша табыс табуға тырысатын жосықсыз саудагерлермен жұмыс жасайтын топтардың әрекетін қатаң сынға алды.
– Жұмыс тобын басқаруға тағайындалған жас инспекторды кім тыңдайды? Мұндай құрылымдардың белсенділігі төмендейтіні сөзсіз, – деді өңір басшысы.
Жалпы күннен-күнге бағалар өсіп, Үкімет белгілеген шекті деңгейден асқандығы байқалады. Аудандардағы жағдай біршама тұрақты. Дегенмен сиыр мен тауық еті, сүт, пияз, картоптың құны айтарлықтай өсіп отыр.
Аудан әкімдерімен диалог кезінде өңір басшысы бірқатар жоспарлы шаралардың ойдағыдай орындалмай отырғандығына назар аударды. Бағаларды реттеу бойынша мобильді топтардың жұмысының әлсіздігі өз алдына, барлық аймақтарда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жобалар әлі күнге басталмаған. Сондай-ақ қант қызылшасы, жүгері және майлы дақылдардың кейбір түрлерін егу бойынша белгіленген меженің орындалуы да көңіл көншітпейді.
Аудан әкімдері ағымдағы жылы аймақтағы егіс алқабын кемінде 710 мың гектарға жеткізу керектігін ескеру қажет. Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев пайдаланылмай жатқан жерлерді ауылшаруашылық айналымына қайтару бойынша берген өз тапсырмасының тиісінше орындалмай отырғандығын да алға тартты.
Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қазіргі уақытта 420 адам тұратын көппәтерлі үйлердің 15-інің кіреберісі вирусты жұқтыру ошағы ретінде жабық екендігін жеткізді. Дүйсенбі күні карантин кезеңінің аяқталуына байланысты алты кіреберісті ашу жоспарланған.
Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов 5 мамыр күні егін егу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырғандығын тілге тиек етті. Бұл ауданда азық-түлік тауарларының жеті түрі бойынша шекті мәннен асуға жол берілген. Сондай-ақ Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевтың айтуынша, «Айша бибі» кеден бекетіне коронавирусты анықтауға 700 экспресс-тест бөлінсе, аймақтағы 33 кәсіпорын біртіндеп жұмысын бастаған.
Ал Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков сұраққа жан-жақты жауап берудің орнына, қаралып жатқан мәселелер, аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы дайындалған қағаздағы ұзынсонар баяндамасын оқып кетті.
– Маған нақты сұрақтарға жауаптар керек. Қол астындағы қызметкерлер дайындап берген дүниені оқи салмай, өз сөзіңізбен жауап беріңіз. Мәселені егжей-тегжейлі талқылай білген, тапсырманы жете түсінген адам «шпаргалкасыз-ақ» баяндай алады, – деп атап өтті өңір басшысы.
Аймақтағы картоп өсіруді дамыту орталығы саналатын Жуалыда картоп бағасы қымбаттауда. Қордай ауданында қантпен қатар пияз, сәбіздің бағалары да өскен. Бердібек Сапарбаев аталған аудандарда қант қызылшасы мен майлы дақылдарды егудің төмен көрсеткіштерін сын тезіне алды.
Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков 15 павильонның ашылғандығын алға тартып, нәтижесінде алыпсатарлардың жолы кесілгендігін, ет бағасының келісі 1770 теңге деңгейінде тұрақтағанын тілге тиек етті. Көп ұзамай Меркі-Шу-Бурылбайтал тас жолындағы жол құрылысы салдарынан бұзылған 13 үйге жөндеу жұмыстары басталмақ.
– Көкөністер мен жүгері егу шаралары баяу жүріп жатыр. Жергілікті өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеңіз. Ірімшік зауыттары мен ет комбинаттарына, шағын және орта кәсіпорындарға жиі бас сұғыңыз, – деді өңір басшысы Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековке қарата сөйлеп.
Тұздың көп мөлшері өндірілетін Мойынқұм аймағында осы өнім бағасының өсуі тіпті түсініксіз.
Т.Рысқұлов ауданында бағалар тұрақты, тек импортталған қарақұмықтың бағасы қымбаттаған. Кейбір шаруашылықтар жүгері өсіруден бас тартып, оны майлы дақылдармен алмастырған.
Сарысуда жүгері егу жоспарының орындалмау қаупі бар. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуынша, ауданда жылжымалы ауылшаруашылық жәрмеңкелерін өткізу жолға қойылған.
Талас ауданының билігі су мәселелеріне, атап айтар болсақ, Ақкөл көліндегі дамбаны қалпына келтіру, Бөгеткөлге қосымша тіршілік нәрін тарту мәселелеріне қатысты алаңдаушылық танытуда.
Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов сметаның құнын жоғары асыра бағалау фактілеріне назар аударуы тиіс. Онда мектепті күрделі жөндеу жұмыстарына 480 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
– Карантин кезінде, көшеде адамдардың аз жүргенін пайдаланып, жол жөндеу жұмыстарын күшейту туралы тапсырма әлсіз орындалуда. Көктемгі дала жұмыстары уақытылы атқарылып, өңір үшін маңызды дақылдарға назар аудару керек.
Ауылдықтардың тұрмыстық табыстарын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кезінде бірқатар қателіктер орын алған. Ол бойынша тағы да қайталаймын, малды көрші ауданнан сатып алмаңыздар, оны басқа облыстан немесе шетелден сатып алу керек. Тек осы жағдайда ғана біз өңірдегі мал басының нақты өсіміне қол жеткізе аламыз, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар Б.Машбекұлы Түркістан облысында болған төтенше жағдайға алаңдаушылық таныта отырып, жергілікті су қоймаларындағы судың деңгейін үздіксіз қадағалап отыруды тапсырды.
Кәсіпкерлер павильондар орналастыру үшін Тараз қаласынан және ірі елді мекендерден жерге деген сұраныстарын білдіруде. Бұл мәселе ағымдағы айда шешімін табуы тиіс.
– Әкімдер «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуге құлықсыз. Егер бөлінетін гранттар мен шағын несиелердің көлемі ойдағыдай болмаса, кәсіпкерлікті қалай дамытпақпыз? Жұмыссыздардың аз бөлігі ақылы қоғамдық қызметке тартылған. «Жастар практикасы» нашар дамыған. Сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру шаралары назардан тыс қалмауы керек.
Табысқа жетудің кілті – қаржылық және еңбек тәртібін қатаң сақтау, жөндеу және құрылыс жұмыстарының сапасына қатаң қоғамдық бақылау. Ешкім бізге қалпына келтіруге уақыт бермейді. Бірақ бөлінген қаражатты игеруге деген талап өте жоғары, – деп қорытындылады жиынды Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР