Қоғам

Еңбек бәрін де жеңбек

«Адамның дәрежесін көтеретін қасиет – оның еңбекқорлығы. Жастардың арасында өте талантты, ерекше қабілетке ие жандар көп екеніне шүбәм жоқ. Бірақ, еңбексіз талант, еңбексіз қабілет алысқа апармайды». М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» өткен Қоғамдық лекцияда Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров осылай деді.

Естеріңізге сала кетсек, «SK group» үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы биыл тұңғыш рет Таразда «Қоғамдық лекция» атты арнайы жобаны қолға алған болатын. Негізінен, өнер, мәдениет, әдебиет, журналистика, спорт, саясат, кәсіпкерлік, өндіріс секілді өзекті салаларда жұртшылыққа кеңінен танымал болған тұлғаларды жастармен кездестіріп, белгілі бір салада олардың жетістікке жету жолын кейінгі буынға үлгі етуді, айтары бар азаматтардың ақыл-кеңесін жастардың көкейіне еркін-сұхбат түрінде жеткізуді көздейтін жоба аясындағы шара осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Жобаның авторы – Тараз қалалық мәслихатының ең жас депутаты Серікбол Берікқожаның айтуынша, аталған жоба Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруды көздейді. Сондықтан да, келелі кездесу өткізудегі басты мақсат – жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірумен қатар, олардың бәсекеге қабілетті әрі жан-жақты болуына жағдай жасау.

Қоғамдық лекция барысында Мұқаш Зұлқарнайұлы жастар үшін тағылымы мол «Еңбек ерінің жетістікке жету формуласы» атты тақырыпта еркін әңгіме өрбітті. Ол өз сөзінде әркімде өзіндік өмір сүру формуласы болатынын, өмірлік формула адамның белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін о баста құрған жоспарымен, болашақтағы бағыт-бағдарымен айқындалатынын сөз етті.

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы, Қарасу ауылында қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келдім. Әкем колхозда малшы, анам сауыншы болып жұмыс істеді. Бала күнімізде үйдегілер қияр, қызанақ секілді бау-бақша өнімдерін өсіретін. Көкөністерді күтіп-баптауға көмектесіп қана қоймай, негізгі түсімді Шымкент қаласының базарына өткерумен тікелей өзім айналыстым. Одан бөлек, жаз шыға үйдегілер 2-3 бие байлайтын. Біздің қолымызда тұрған нағашы апам таңсәріден тұрып, күні бойы екі сағат сайын бие сауатын. Сауын биені айдап әкелу, желідегі құлындарды ажырату секілді жұмыстармен қатар, қымыз сату да менің мойнымда болды. Әлі есімде, сол кездері күн аралатып базарға өткерген тек қиярдан түсетін кіріс 30 сомды құрайтын.

Біздің кезіміздегі балалардың қабырғасы еңбекпен қатайғаны әркімге аян. Десе де, мен нарықтық құбылысты, сауданың қыр-сырын, табыс табудың түрлі жолдарын бала күнімнен меңгеріп өстім. Алдыма қойған бар мақсатым – мектепте жақсы оқып, оқуға түсу, ата-анама көмектесу ғана болды. Ал, үлкендер «кім боласың» деп сұраса, бірден зауыт директоры боламын дейтінмін. Жоғары оқу орнында да келешекте іргелі өндіріс орындарының бірінде басшы боламын деген ниеттің жетегінде жүрдім. Сондықтан да шығар, мектепті де, институтты да қызыл дипломмен бітірдім. Студент кезімде шаңырақ көтеріп, жатақхананың аядай бөлмесінде тұрдым. Жолдама арқылы «Жаңа Жамбыл фосфор зауытына» шебер болып жұмысқа орналасқанда да алғашқы тұрағым жатақхана болды. Жұмыста тек жақсы жағымнан көзге түсіп, қызметте сатылап өстім. Кейіннен осы серіктестікке басшылыққа келгенімде нарықтық заманда кездескен қиындықтарды еңсеруге, кей жағдайларда көзсіз батырлыққа баруға тура келді. Бүгінде тек Жамбыл облысының, оның ішінде біз өндірген өнімнің 94 пайызы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Еуропа, АҚШ және Оңтүстік Азия елдері секілді әлемдегі 27 мемлекетке экспортталып отыр. Тауарымыздың әлемдік нарықта сәтті саудалануы бала күнімде қалыптасқан қабілеттің арқасы деп білемін, – деді М.Ескендіров.

Сондай-ақ, ол жастық шақта болатын бір кемшілік – уақытты бағаламау екенін, жастарға мүмкіндігінше уақытты бос өткізбеуге, ата-ананың қадірін біліп, үлкенді құрметтеуге, жақсы оқуға, сұранысқа сай мамандық игеруге немесе кәсіппен айналысуға, кітапқұмар болуға, оның ішінде классикалық туындыларды оқуға, салауатты өмір салтын ұстануға, жалпы, қоғамға қандай да бір пайдамды тигізсем деген ниетпен өмір сүруге дағдылана білуге шақырды.
Жастармен болған жылы жүздесуде тараздық өрендер өздерін қызықтырған тақырыптарға қатысты сауалдар қойып, тұшымды жауапқа қанықты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР