"Шамшырақ"

Еңбек Ерімен емен-жарқын жүздесу

Written by Aray2005

Хакім Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп келетін нақылы қай дәуірде де, қай заманда да маңыздылығын жойған емес. Ақыл мен еңбек ұштасқан кезде адамзаттың қабілетіне бас имейтін белес, алынбайтын асу жоқ. Болашаққа хат жазып кеткен даналар мен данышпандардың барлығы осыны меңзеді. Оның нәтижесі де жоқ емес. Соның ішінде ауылдан алысқа ұзамай-ақ ежелгі атакәсіпті жандандырып, Қазақстанның Еңбек Ері атанған Сайрамбай Дөненбаевтың өзі көпке үлгі.

Жастар жылы аясында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде әулиеаталық жастар адал еңбек, маңдай терімен ісінің ғана емес, елінің мақтанышына айналған Сайрамбай Дөненбаевпен кездесіп, тағдыр жолындағы тағылымды кеңестерін, кедергілер мен қиыншылықтарды жеңудің жолдарын, үлкен мақсатқа жетудің тәсілдерін, өмірден көрген-түйгенін тыңдап, ел болашағы төңірегінде өрілген өзекті әңгімеге қанықты.
Тараз қалалық мәслихатының депутаты Серікбол Берікқожа ашып беріп, жүргізіп отырған басқосуда табысты шаруаның өнегелі өмірі мен жеткен жетістіктері жайында кеңінен айтылды. Айта кетсек, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордендерінің иегері Сайрамбай Әліқұлұлы 1996 жылы Т.Рысқұлов ауданында «Шәушен» шаруа қожалығын құрып, бүгінде Жарлысу ауылының 220 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Еңбек адамы мал шаруашылығын дамытып, бүгінде елдің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Кездесу барысында кәсіпкер қарапайым шаруадан бүгінгі дәрежеге қалай жеткендігін жастарға әңгімелеп берді. Бизнес бастамаларындағы бағыттар мен міндеттерін кеңінен түсіндірді. Қарасирақ күнінен қара шаруаның жауапкершілігін мойнына артқан балалық шағын тілге тиек етті.
– Сан үйрену маған қиын болды. Тіпті 10-ға дейін санай алмайтынмын. Содан әкемнің таяғының арқасында оны да үйрендім. Үшінші күні мал санау менің мойныма жүктелді. Әкем аттан түсіп, мал санаған емес. Одан кейін әкем бір айда арифметиканы жаттатты. Сонда әкем «Сендердің өмірлерің есеп болады. Біздің өміріміз есепсіз болды. Ағайынмен тапқанымызды бөлісе өмір сүретінбіз» дейтін. Расында, қазір өмірдің өзі – есеп, – дейді «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев.
Сондай-ақ Сайрамбай Дөненбаев Елбасымен кездесу кезіндегі алғашқы ұмытылмас естеліктерін айтты. Басқосуда студенттер тарапынан түрлі сауалдар қойылып, жауап берілді. Ал Еңбек Ері жастарды жақсы білім алып, әрдайым батыл қадамдар жасап, елі үшін еңбек етуге шақырды.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР