"Заң және біз"

Еңбек қатынастары елеусіз қалмайды

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев коронавирус пандемиясына қатысты жарияланған төтенше жағдай кезінде еңбек қатынастарын реттеу мәселелесі бойынша онлайн форматта баспасөз конференциясын өткізді.

Спикердің айтуынша, төтенше жағдайға қатысты шаралардың нәтижесінде бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер өз жұмыс режимдерін қайта қарауға мәжбүр болып, тіпті жұмыстарын тоқтата тұруы мүмкін. Мұндай келеңсіз жағдайда заң аясында тиісті шешімдер қабылдануы тиіс екен.
– Бүгінгі таңда кәсіпорындар мен мекемелер егер қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болса, осы режимге көшуге міндетті. Бұл мәселе Еңбек Кодексінің 138-бабына сәйкес реттеледі. Анықтап айтар болсақ, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшкен жағдайда жұмыскер жалақысының мөлшері өзгермейді. Яғни бұрынғы жұмыс істеп жүрген кезіндегі жалақысы сақталады.
Екіншіден, қашықтықтан жұмыс істеу мүмкін болмаған немесе жұмыс көлемі азайған жағдайда Еңбек Кодексінің 70-бабына сәйкес, жұмыс беруші мен жұмыскер арасында жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.
Бұндай жағдайда жалақы мөлшері нақты атқарылған жұмыс уақытына сай төленуі тиіс, алайда жұмыс беруші сол атқарылған жұмыс уақытына толық көлемде жалақы төлеуге де құқылы, ол жұмыс берушінің өз жұмыскерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді.
Үшіншіден, жұмыс берушіге де, жұмыскерге де байланысты емес себеп бойынша жұмыстың уақытша тоқтап қалу жағдайы да болуы мүмкін, ондай кезде ҚР Еңбек Кодексінің 112-бабына сәйкес жұмыскерге жалақының ең төмен мөлшерінен (42500 теңге) кем болмайтын мөлшерде төлем жүргізіледі.
Барлығымызға белгілі, Мемлекет басшысы орын алған төтенше жағдайға байланысты балаларымен үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалысын беруді тапсырған болатын. Бұл туралы айтар болсақ, Еңбек Кодексінің 93-бабына сәйкес, жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі – жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді, – деді Қ. Досаев.
Баспасөз конференциясы барысында баяндамашы еңбек демалысына қатысты да маңызды мәліметтермен бөлісті.

А.Өзбекова

ПІКІР