«Еңбек кодексі бойынша 13 жастан циркте жұмыс істеуге болады»

0 30

«Сырсарай» айдарының бүгінгі қонағы – «Тараз» циркінің жетекшісі Талғат Әлшекенов.

– Талғат Жорабекұлы, цирк өнеріне бала кезден әуес болыпсыз. Қазақ халқына бұл өнер жат кезде сіз циркке қалай тап болдыңыз?
– Мен 1963 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Билікөл деген шағын совхозда дүниеге келдім. Әке-шешеміз қарапайым қойшылар еді. Анам 18 құрсақ көтеріп, 12-сі аман қалған. Ұлдардан бесіншімін, ал жалпы қаншасыншы екенімді әлі күнге шатастырамын. Шаруа адамдары үшін балаларды бағып-қаққаннан бөлек, өсіріп-жетілдіру, оқыту да оңай шаруа емес қой. Содан сол кездегі әрбір қазақ отбасы секілді бізді де жан-жаққа интернатқа жіберді. Мен 4-сыныптан бастап сол кездегі Жамбыл қаласындағы Макаренко атындағы интернатқа оқуға келдім. Ол жерде менімен бірге ағаларым да оқитын. Бірде денешынықтыру сабағына бір орыс кісі қатысып, балаларды сыртынан бақылап жүргенін байқадым. Керек деген балаларды шақырып, сұрақ қойып жатыр. Мені де балалармен қоса шақырып, дене-тұрқыма қарап орысша бір нәрселерді айтты. Орысша дым да түсінбеймін. Аударып беріп жатқан ұстазым бұл кісі мені спорттық акробатика үйірмесіне шақырып жатқанын айтты. Мен ол қандай спорт екенін білмесем де басымды изеп, келісе кеттім. Спортзалға барғаннан маған акробатика ұнап кетті. Өзімнің бойым қысқа, нәзік болғаныммен өте шапшаңмын. Түрлі жаттығу жасап, алысып-жұлысқан он жастағы балаға ұнайды ғой. Мен де соның бірімін. Цирк өнеріне жол солай ашылды. Жаттығудан қалмай жүріп, көп ұзамай нәтижелер көрсете бастадым. Бара-бара цирк өнеріне әуестене бастадым. Бар арманым– циркке баулитын оқу орнына түсіп, карьера жасау. Ол кезде Грузия, Украина мен Мәскеуде ғана циркке оқытатын оқу орындары бар еді. Мен сұрап жүріп Мәскеудегі цирк училищесінің мекенжайын тауып алдым. Оған бару үшін ұшаққа билет алу керек, азық-түлік бар дегендей, оның барлығына біраз қаражат керек. Әкем: «Тұқымымызда циркке құмар ешкім жоқ еді, сен қайдан шықтың?» деп кесіп айтты.
Бірақ алғашқы жылы оқуға түсуге кешігіп қалдым. Келесі жылы әскерге алып кетті. Дегенмен цирк әртісі болсам деген арманым бір уақыт ойымнан кетпеді. Әскерден келген соң бірден оқуға түсуге Мәскеуге тарттым. Жамбылда жүргенде бір грузин баламен танысқанмын. Мәскеуде оқып жатқанымда сол грузин жолдасымның ағалары мені Грузияға циркке жұмыс істеуге шақырды. Оларға атқа міне алатын акробат керек екен. Мен шақыртуды қабыл алып, сол елге кеттім. Бірақ ол жақта үш айдай ғана жұмыс істедім. Себебі Грузияда революция басталып кетті. Одан соң грузин досыммен бірге Түркменияға келдім. Онда циркте атпен өнер көрсететін ағайынды Аннаевтар бар. Ол жерде де небәрі жарты жылдай жұмыс істедік. Өйткені жұмысымыз жүрмеді. Түркімен­дермен аса тіл табыса да алмадық. «Есің барда еліңді тап» деп Алматыға қайттық. Ол кез тоқырау қысып жатқан уақыт еді. Алматы циркі ғимараты қытай­ларға жалға беріліп, сауда-саттық орнына айналған. Осылайша цирк біраз уақытқа тоқтап қалды. Біз де сол кездерде сауда жасаумен күн көрдік. Отбасылы болдым. Сауданың да үдесінен шықпадым, цирк те ойымнан шықпады. Сөйтіп, көп ойланбай туған жерім Таразға қайттым. 1986 жыл еді. Сол кездегі мәдениет басқармасы мені Қаратау қаласына жіберді. Онда цирк үйірмесін ашып, 10 жылдай сол жерде еңбек еттім. Өнерлі оқушыларым көп болды. Әсіресе неміс, грузин, ауғанның балалары қатысатын. Қазір олардың барлығы шетелде – Грекияда, Германияда, Ауғанстанда, барлығы цирк саласында жүр.
– Тараз қаласына да цирк өнерін дамыту мақсатында қоныс аудардыңыз ғой…
– Әрине. Тараз қаласына 1998 жылы цирк ашу мақсатымен келдім. Бұл ойымды сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Әлібек Әмзеұлына жеткіздім. Сол жылдары Қарағанды циркіндегі әуеде өнер көрсететін жұп жерге құлап кетіп, жігіт мерт болған еді. Сол оқиғаға байланысты ол кісі аздап қорқақтап, қалай болар екен деп уайымдап, соңында келісті. Осылайша 2000 жылы қазіргі «Баласағұн» орталық концерт залында циркті құрдық. 2004 жылы «Шабыт» фестиваліне қатысып, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алдық. Ол кезде Астана қаласында жаңадан цирк ғимараты тұрғызылып жатқан. Сол жерде біздің өнерімізді көрген цирктің директоры марқұм иллюзионист Балтабек Жұмағұлов бізді қазақ циркінің кадрлары деп Таразға іздеп келіп, мені және 16 оқушымды ата-аналарынан рұқсат алып, өзімен бірге Астана циркіне алып кетті. Ол жақта да циркті ашып, жүргізіп, 2008 жылы Таразға қайта оралдым. Себебі бала-шағам осында еді. Барып-келіп жұмыс істеу қиын болды. Ал оқушыларым сол жақта қалды. Таразға келгенімде Әлекең қайта қарсы алды. Мен Астанаға кетерде ол кісі ренжіп: «Талғат, өскен жерің осы емес пе? Қайда барасың?»– деп қимай қоштасқаны есімде. Сонымен, жұмысыма қайта кірістім. Алдымен «Алатау» ансамблінде болдық. Одан кейін ансамбль жабылып, филармонияға кірдік. Содан бері де 20 жылдай өте шығыпты…
– Аға, қазіргі таңда филармонияның ғимаратында жұмыс істеп жатырсыздар. Түрлі жаттығудан бөлек, хайуанаттармен жұмыс істеу деген бар. «Баласағұн» бұған қаншалықты ыңғайлы? Жеке отау құрудың уақыты келген жоқ па?
– Жеке ғимарат мәселесі бұған дейін де бірнеше мәрте көтеріліп, БАҚ беттеріне жазғанбыз да. Бірақ цирк ғимаратын ашу үшін халықтың тығыздығына да қарайды екен. Мәселен, Шымкент қаласы мегаполис болғандықтан цирк ғимараты біраз уақыт бұрын соғылып қойды. Ал бізде халық саны ондай көп емес, сондықтан шығынын ақтай алмай қалатын шығар деген күмәнмен салынбай жатқан болу керек деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, цирк болған соң түрлі аңдармен, маймыл, жылқылармен жұмыс істеуіміз керек. Бірақ мәдениет сарайында ондай жағдай қарастырылмаған. Егер болашақта ғимарат мәселесі шешілетін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бізде өнерлі, дарынды балалар көп қой. Менің принципім сол – циркке тек өзіміздің қазақ балаларын тартамын. Қазақ балаларында циркке қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.
– Ұжымыңызда қанша адам бар? Циркте өнер көрсетемін деушілерге қандай талап қоясыздар?
– Бүгінде ұжымда 30 адам бар. Бірақ оның 12-сі ғана штатта қызмет етеді. Еңбек кодексі бойынша 13 жастан бастап кино саласында, циркте жұмыс істеуге рұқсат етілген. 6-7 жастан балаларды циркке баулып, 13 жасқа келгенде үлкендердің трюктерін жасайтын болады. Сондай кезде ғана біз жұмысқа қабылдай аламыз. Цирк қауіпті өнер ғой. Ең бірінші қауіпсіздік шараларынан өткіземіз. 2 жылдай құлау, секіру, қолмен тұру секілді гимнастиканың әдістерін үйретеміз. Одан кейін әуе гимнасты бола ма, жанглер бола ма, оны қабілетіне, бейімділігіне қарай бөлеміз.
Номерлерге келер болсақ, екі қыздың ақ көгершіндермен қосылып билейтін номерін алдымен біз ойлап таптық. Олар «Ақтолқын» деген атаумен шықты. Қазіргі таңда үлкен қалаларда оқушыларымыз өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ ересек адамдар жатып, кішкентай баланы аяғымен лақтырып тосатын икарикалық ойындарды да елде алғаш болып цирк сахнасына шығардық. Ол ойындар Ресей, Қытай елдерінде жақсы дамығанымен, Қазақстанда ешкім қолға ала қоймаған еді. Осы секілді бірнеше номерді өзіміз дамыттық. Біз көбіне жаңа қойылымдарды ғаламтордан қарап отырып ойлап табамыз. Өткен Тәуелсіздік күні мерекесіне орай тағы да жаңа қойылымдарды қостық. Бізде құстардан бөлек итіміз және 17 келілік «Ақтілек» атты жыланымыз бар. Бұлар да ұжымымыздың мүшесі. Жылан қазір 7 жаста. Оны Астана циркінен алған болатынбыз.
– Талғат Жорабекұлы, цирк саласында жүргеніңізге 40 жылға жуықтады. Сол 40 жыл бұрынғы көрермен мен қазіргі көрерменнің айырмашылығы жер мен көктей екені жасырын емес. Қазір ғылым мен техника жаңарды. Балалардың қолдарында бір-бір смартфон бар. Оларды қызықтыру да қиын ғой. Бұл жөнінде сіз не айтасыз?
– Өте орынды сауал. Кеңес өкіметі кезінде цирк кәдімгі мейрам болатын. Көрермендер бар жақсысын үстіне іліп, тамаша көңіл күймен келетін. Циркке балалар ғана емес үлкендер де қызығатын. Әрбір номерімізге ішек-сілелері қатып күліп, қолдап отыратын. Ал қазір цирк тек балаларға ғана арналған секілді болып қалды. Жалпы бүгінде өзіңіз айтқандай, әрбір адамның қолында ұялы телефондары бар, осында отырып-ақ дүниенің басқа тұсына саяхаттап, ұнаған циркін тауып көре алады. Содан шығар, елімізде циркке деген қызығушылық қалып барады. Сол жағы мені алаңдатады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.