"Шамшырақ"

Еңбек нарығын ескерген елге қажет маман даярлайды

Written by Aray2005

Күн санап құбылған заман ағымы еңбек нарығына өз әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Бұған дейін адам қолымен атқарылған шаруаның көбі бүгінде басқару құрылғыларындағы бір тетіктің көмегімен шешіліп жатыр. Демек, ендігі жерде мамандыққа сай жұмыс табуда заманның ағымына қарай еңбек нарығының сұранысына бейімделетін сәт туды. Сәйкесінше қазына қаржысымен оқу орындарында маман дайындау үрдісі де жаңа сипатқа ие болды. Яғни арнаулы орта білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлуде, ең әуелі, кәсіпорындар мен өндірістік нысандардың, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың кадрларға сұранысы ескеріледі.
Қазіргі таңда облыс аумағындағы 48 колледжде 27 396 студент 95 мамандық бойынша білім алуда. Мұндағы статистикалық деректер жамбылдық жастардың техникалық, технологиялық, педагогикалық мамандықтарды меңгеруге аңсары ауатынын растайды. Сондықтан да болар, арнаулы орта білім беру нысандарында оқып жүрген студенттердің 53,5 пайызы немесе 14 647-сі мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алады.
– Өңірдегі техникалық және кәсіптік мамандарды дайындаудағы маңызды мәселенің бірі – олардың еңбек нарығындағы қажеттілігін зерделеу. Өз кезегінде бұл жұмыстар аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарының сұранысына сай жүргізіледі. Бұл сұраныстарды аудандар мен Тараз қаласы әкімдері тікелей бақылауына алып, өз қолымен растайды. Ағымдағы жылы аудандар мен Тараз қаласының техникалық және кәсіптік мамандарға сұраныс көлемі 4 345 орынды құрады. Мамандар даярлау ісін еңбек нарығында сұранысымен үйлестіруде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен жүргізілген скрининг қорытындысы негізге алынады. Облыстағы 5 926 кәсіпкерлік нысанда жүргізілген скрининг қорытындысы олардың жұмысшы және орта буын мамандарына жалпы сұранысы 3 562 орын екендігін анықтады. Жан-жақты жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде 2019-2020 оқу жылына 29 колледжге 47 мамандық бойынша 3 082 мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Жалпы облыста мемлекеттік білім беру тапсырысының жобасы қажеттіліктің 69,1 пайызын қамтып отыр, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов.
Талғат Салқанұлы техникалық және кәсіптік мамандарын дайындауда, ең әуелі, еңбек нарығындағы қажеттілікті зерделеу тәжірибесінің салаға оң нәтиже беретіндігін алға тартады.
– Әрине, бұл тәжірибе арқылы бірінші кезекте колледж түлектерін жұмыспен қамту мәселесі шешімін табады. Түлектер еңбек нарығында сұранысқа сай мамандықты меңгеріп шығатын болғандықтан, күні ертең қолына диплом алған сәтте олар «Қайда жұмыс жасаймын?» деп алаңдамайтын болады. Тіпті оқу орнының қабырғасында жүріп, болашақ жұмыс орнын сайлап алатындар баршылық. Мәселен, қолда бар деректерге сүйенетін болсақ, колледждерді мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша аяқтағандардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші 85,1 пайызды құрады.
Екіншіден, мемлекеттік тапсырысты бөлуде еңбек нарығының сұранысына басымдық беру арнаулы орта білімі бар мамандарды дайындау ісін бәсекелестікке қабілетті ете түседі. Оқу орындары талапкерлер жиі таңдау жасайтын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды дайындауға мықтап көңіл бөледі. Білікті кадр әзірлеуге қажетті материалдық-техникалық база жабдықтайды. Теория мен тәжірибені қатар ұштаудың мүмкіндігін арттыруға басымдық береді. Тіпті оқу орындарында сұранысқа сай келетін жаңа мамандықтар пайда болады. Мысалы, Құлан ауыл шаруашылық колледжінде ағымдағы оқу жылынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысына сай ет, сүт өңдеу технологиясы, орман шаруашылығы салаларында 3 жаңа мамандық бойынша мамандар даярлана бастайды. Колледж базасында студенттерді аталған жаңа мамандықтарға баулу жұмыстарын жетілдіруге тиісті қаражат та қарастырылған. Бұл қаржы заманауи үлгідегі сүт және ет өнімдерін өндіру модульдік цехтары, қондырғылар мен жылыжайлар, мал дәрігерлік клиникасын жабдықтауға жұмсалады, – дейді Т.Салқанұлы.
Ал аталған колледждегі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Гүлмира Махамбетова да 90 жылға жуық тарихы бар оқу орнында жаңадан ашылған мамандықтарға талапкерлердің сұранысы жоғары екенін айтады. Соған сәйкес колледж басшылығы аталған мамандықтарды даярлауда тиісті талаптың үдесінен шығуға басымдық беруде.
– Біздің колледжде ағымдағы оқу жылынан бастап алғаш рет «Сүт өнімдері өндірісі», «Ет және ет өнімдерінің өндірісі», «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы» мамандықтарына құжат қабылдау жүргізілуде. Бұл мамандықтардың әрқайсысына 25 грант бөлінген. Бұл сала мамандарын даярлау ісін біз, ең алдымен, олардың облыстың еңбек нарығындағы сұранысын зерделеуден бастадық. Барлық аудандардағы ет, сүт өндірісімен айналысатын кәсіпорындарда жүргізілген жұмыстар аталмыш салаларда арнаулы орта білімі бар кадрлардың тапшылығын анықтады. Сондықтан бұл мамандықтарға талапкерлер тарапынан сұраныс жоғары. Қазір біз талапкерлердің облыстың әр ауданынан қамтылуын да басты назарда ұстап отырмыз. Жергілікті мерзімді және электронды ақпарат құралдары арқылы хабарландырулар беріп жатырмыз, – дейді Гүлмира Сырғатайқызы.
Сұранысқа ие мамандықты меңгеруге ниетті талапкерлермен тығыз байланыста жұмыс жасап отырған маман колледждің материалдық-техникалық әлеуетінің ет, сүт өндірісі және орман шаруашылығы саласында білікті кадр әзірлеуге толық жететінін де атап өтті.
– Аталған мамандықтар бойынша теориялық білім берумен колледждегі «Агрономия» саласы бойынша маман әзірлеген құрылымның оқытушылары тартылады. Олар біліктілігін жетілдіру курстарынан өтетін болады. Ал «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы» мамандықтарына бұған дейін студенттерге «Орман шаруашылығы» бойынша тәжірибелік сабақтарды жүргізген оқытушылар дәріс оқиды. Оған қоса материалдық-техникалық база заманауи үлгіде жабдықталған. Студенттер теориялық білімдерін іс жүзінде ет және сүт өнімдері цехтарында шыңдайтын болады, – дейді Г.Махамбетова.

«Судың да сұрауы бар» дейді дана қазақ. Ал қазына қаржысымен оқыған түлектің күні ертең «екі қолға бір күрек» таппай құр жүргені маман даярлау саласының еңбек нарығындағы сұранысты есепке алмайтынын көрсетеді. Ал жоғарыда келтірілген деректер облысымызда бұл бағыттағы жұмыстардың жүйеленіп, аудан, қала әкімдерінің тікелей бақылауға алғандығын растайды. Ендігі кезекте жастарға сұранысқа сай келетін мамандықты меңгерудегі талаптың үдесінен шығудан аянып қалмаған жөн.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР