"Кәсіпкерлік"

Еңбек нарығын ескерсек, екі қолға бір күрек табылады

Written by Aray2005

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан «Әуелі экономика, сонан соң саясат» қағидасын ұстанған еліміз сол тұстағы терең тоқырауды көп уақыт өтпей-ақ еңсере алды. Еңсеріп қана қоймай, дамудың даңғыл жолына түсті. Өндірісті өркендету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын алға жетелеу, сол арқылы жұмыссыздықты жою бағытында түрлі бағдарламалар қабылданды. Инвестиция тартып, индустрияландыру көкжиегін кеңейтуге айрықша басымдық берілді. Жастардың кәсіптік-техникалық білім игеруі арқылы түрлі кәсіпорындарға жұмысқа тұруына жол ашылды.

Бұл тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Баршаға арналған кәсіп­тік-техникалық білім беру» жобасының берері мол. Мемлекет басшысы былтырғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһан­дық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауында тегін оқытумен әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыс­пен қамтыған жастар, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс екенін айтып, эконо­микадағы жаңа өндіріс­тер үшін мамандар дайындауға баса ден қоюды тапсырғаннан кейін, еңбек нары­ғындағы сұранысқа ие маман­дық­тар көптеп даярлана бастады. Соның арқа­сында қазіргі заманғы қажетті ма­ман­дар даярлау, олардың біліктілігін шың­дау ісі өңір-өңірде жүйелене түсті. Бұған жыл сайын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан азаматтарды қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткізіп, оларды мейлінше тұрақты жұмысқа орна­лас­тыру бағытында атқарылып жатқан шаруалар дәлел бола алады.
Аталған басқарманың бас маманы Жайық Қалқабаевтың айтуынша, биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында 4 100 адамды қамту үшін 735 миллион теңге бөлінген екен. Оларды жыл басында нақты қандай мамандықтар бойынша оқыту қажеттігін саралау үшін әр ауданнан өтінімдер сұратылған. Нәтижесінде аспаз, мал дәрігері, электр-газ дәнекерлеуші, тігінші, автокөлік жөндеуші, тракторист-машинист, мектеп лобаранты, сылақшы-әрлеуші, референт-хатшы, металл құрас­тыру слесары, малдәрігерлік лаборанты секілді бас-аяғы 47 мамандық таңдап алынған. Осылайша, жұртшылықты қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткізу үшін облыстағы 41 білім беру ұйымдарына 3 334 адам жолданған. Бүгінде 1 510 адам оқуын аяқтап, оның 319-ы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл ел-жұрттың кәсіптік білім игеріп, өз күнін өзі көруіне әжептеуір көмек болып отырғаны сөзсіз.
Бірақ, бір айта кетер жайт, қазіргідей цифрландыру дәуірі күнделікті өмірімізге сыналап еніп жатқан жаңа тұрпаттағы заманда түрлі өндіріс орындарына радио­тех­ника, робототехника, ақпараттық жүйе, басқаруды автоматтандыру маман­да­ры­ның жетіспеушілігі айқын сезілуде. Сонымен қатар жеміс, көкөніс, балық шаруашылығы, ет-сүт өнімдерін қайта өңдеу ісі секілді аграрлық салаға тән техни­калық мамандықтардың тапшылығы да күннен-күнге арта түсуде.
Мәселен, «Көкжиек-2030» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әбдіғали Бегімбетов сүт және сүт өнімдерін өндіруде қайта өңдеуші кәсіпорындарға технолог, инженер-технолог, биотехнолог, лаборант қажет екенін, алайда, мұндай мамандық иелерін әзірге өңірде ешқандай оқу орнының дайындамайтынын айтады. Оның сөзінше, осындай факторлар сүт өндірісін дамыту мен өңірдегі фермерлер санын арттыруды тежейді. Өңірдегі іскер азаматтардың нақ осы салаға қажетті мамандардың тапшылығын мәселе етіп көтеруі орынды-ақ.
Облыстық білім басқармасы бер­ген мәліметке сүйенсек, өңірдегі өнді­ріс орындарының техникалық сала маман­да­ры­на деген сұранысы – 2 мың 532 орынды құрайды. Ал, ІТ саласы бойынша техник бағдарламашы, радиотехник, байланыс технигі, есептеуіш машина операторы секілді 1 мың 112 адам қажет. Аспазшы, шаштараз секілді қызмет көрсету сала­сын­да 826 маман жетіспейтін болса, ауыл шаруашылығы саласына қажетті маман­дардың саны – 807. Осы тектес, медицина бойынша 749, химия саласына 221, білім жүйесіне 443 маман керек екен.
Міне, көзді ашып-жұмғанша кезекті оқу жылы да басталды. Дейтұрғанмен, техникалық мамандар даярлау мәселесі түпкілікті шешімін таба қойған жоқ.
Жалпы, 2018-2019 оқу жылында тех­ни­калық және кәсіптік білім беру ұйым­да­ры­на 5 024 орын мемлекеттік білім тап­сы­ры­сы бөлінсе, оның 3 299-ы, яғни, 65,6 пайызы – жұмысшы мамандар. Осы орайда, біз аграрлық салаға ауадай қа­жет­ті мамандықтарды даярлау неліктен әлі күнге дейін қолға алынбай отырғанын облыстық білім басқармасының техни­ка­лық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышевадан сұраған едік.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру барысында өңірлік еңбек нары­ғының қажеттілігіне талдау жүргізіліп, 1 мың 453 жұмыс берушінің сұраныстары қаралды. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік білім беру тапсырысы ве­тери­на­рия мамандығы бойынша 52, токарь­лық іс 27, химиялық технология және өндіріс 52, IT саласында 42, темір­жол саласында 36 пайызға артты. Жал­пы, бұдан бұрын «Сүт өнімдерін өңдеу» маман­дығы Жамбыл политехникалық жо­ға­ры кол­леджінде ашылған еді. Алайда, аталған мамандық колледждің бейініне жатпағандықтан, мемлекеттік тапсырыс берілмеді. Қазіргі таңда аталмыш кол­ледж­де 250 миллион 366 мың теңгеге заманауи үлгідегі қондырғылар алынып, осы оқу орнының материалдық-техни­ка­лық базасы нығайтылуда. Сондай-ақ, бүгінде Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне 176 миллион 123 мың теңге бөлініп, жаңа үлгідегі қондырғылар орнату мен жылыжай, малдәрігерлік клиника құрылысын салу ісі басталып кетті. Келешекте балық, сүт, ет өнімдері технологиялары бойынша мамандар дайындау Құлан ауыл шаруашылығы кол­леджін­де жүзеге асырылмақшы. Қазір­гі таңда аталмыш білім беру меке­ме­сінің материалдық-техникалық базасын күшейту шараларын шұғыл қолға алудағы басты мақсат – осы, – дейді ол.
Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта кол­ледждерге түсуге ұмтылған талап­кер­лер көбіне ІТ және қызмет көрсету салаларына тән мамандықтарға басым­дық беретін көрінеді. Бұл қазіргідей инновациялық технология қарыштап да­мыған заманның тудырған талабы екені анық. Десе де, экономика және инновация, ауыл шаруашылығы секілді асыраушы салалар да ұмыт қалмауы тиіс. Соның ішінде ауыл шаруашылығы мамандарын бүгінгі заманға бейімдей отырып даярлау – ұтқырлықтың белгісі.
Осы орайда, бұрынғы Жамбыл зоотех­ни­калық-малдәрігерлік техникумы тәуел­сіз­дік алған алғашқы жылдары «Құлан ауыл шаруашылығы колледжі» болып атауын өзгерткеннен кейін, бұл оқу орнының да құзіреті біршама кеңейді. Колледж дирек­­торы Жұмакүл Бүкірованың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, электр жабдықтарына қызмет көрсету электрмонтерінен бөлек, ауыл шаруашылығы саласының ветери­нария, агрономия, зоотехника, фермер шаруа­шы­лығы, жеміс-көкөніс өсірушісі секілді мамандар даярлауға көңіл бөлінуде.
– Жыл басында облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданға жасаған жұмыс сапа­рында Құлан ауыл шаруашылығы кол­леджінің жұмысымен танысып, меке­менің материалдық-техникалық база­сын нығайту және дамыту жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетоваға арнайы тапсырма берген еді. Соның арқасында биыл 184603,1 теңге қаражат бөлініп, тиісті шаралар атқарылуда. Нақты айтқанда, ветеринарлық клиника, дәнекерлеу цехы, 2 жылыжай құрылуда. Келер жылы бөлінетін 470012,9 теңгеге №1 оқу корпусы мен асхана күрделі жөндеу­ден өткізілмекші. Арнайы пәндер дәріс­ха­на­лары мен зертханалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, «Орман шаруашылығы», «Бал ара шаруа­шы­лығы», «Ет-сүт өнімдерін өңдейтін цех­тар» мен жаңа мамандықтар ашылатын болды, – дейді Ж.Бүкірова.
Біз тілге тиек еткен негізгі мәселе – техникалық сала мен ауыл шаруашылығы мамандарының жетіспеушілігі. Бай­қауы­мыз­ша, өңірде өте қажет сана­ла­тын кейбір мамандықтарды оқыту кеш те болса қолға алына бастады. Әрине, «Ештен кеш жақсы». Дегенмен, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жаз кезінде ғана емес, жыл он екі ай жүргізілуі тиіс. Сонда жастардың да болашаққа айқын мақсат құрып, пайдалы кәсіппен айналысуға қызығушылық таныта түсе­тін­дігі сөзсіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР