Еңбек – өмір ажары

0 0

Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні деп белгіленген. Атаулы күн биыл елімізде бесінші рет аталып өтті. Айта кету керек, бұл дата негізінен ұжымдық бірлікті нығайта түсуге бағытталған. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында арнайы шара ұйымдастырылды.

Басқосуда алғаш болып сөз тізгіндеген облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев аталған мереке Президенттің «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясы аясында жұмыс істейтін адамның қоғамдағы беделін арттыруға, өнімді еңбекті ынталандыруға, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттауға және жұмысшы әулеттердің ежелден қалыптасқан дәстүрлерін нығайтуға арналғанын тілге тиек етті.
– Сондай-ақ еңбек инспекциясы тарапынан атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Жалпы жыл басынан бері облыста 21 кәсіпорында 4 872 жұмыскер алдында 788,5 миллион теңге жалақы қарыздары анықталып, оның 660,1 миллион теңгесі өндіріліп, 4 113 жұмыскердің құқықтары қорғалды. Мемлекеттік еңбек инспекторларымен 8 айда жеке және заңды тұлғалардың 753 арыз-шағымы қаралып, 122 тексеру ашылып, 163 заңбұзушылық фактісі анықталған. Олар бойынша 4 810 125 теңге көлемінде 30 әкімшілік айыппұл, 17 ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылып, 68 орындалуы міндетті нұсқама берілді. Нәтижесінде 705 арызданушының құқықтары қорғалып, қанағаттандырылды. Басқармамен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу барысында негізгі бес бағыт айқындалып, жоспарлы жұмыстар атқарылуда, – деді Балабек Жанбекұлы.
Басқарма басшысының баяндамасынан соң «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев еңбек жолындағы жетістіктері мен кездескен қиыншылықтарын еске түсіріп, өзі басқаратын шаруа қожалықтың жұмысымен таныстырып өтті. Сонымен қатар жиын барысында облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген Еңбек күнінің маңыздылығына тоқталып, жұмысшылардың құқығын қорғауда кәсіподақ ұйымдарының да жұмысы ерен екендігін жеткізді. Өз сөзінде бірлестік төрағасы облыс орталығында 170-тен астам кафе-мейрамхана бар екендігін алға тартып, онда көбіне студенттер жұмыс жасайтынын айта келе, олардың болашағына алаңдаушылық танытты. Себебі қазіргі таңда негізгі уақытын күнделікті жұмысқа арнайтын болашақ маман иелері тиісті білім алмағандықтан, таңдаған мамандығын толық игере алмайды екен. Осылайша олар жұмыссыздардың санын көбейтеді. Ал «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов жұмыссыздық мәселесін тереңінен қозғады.
Шарада облыста жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының Алғыс хаты, Кәсіп одақтың Құрмет грамотасы, еңбек инспекциясының Алғыс хаттары табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.