Жастар.kz

Еңбеккер жастар – ел байлығы

Written by Aray2005

Ертең Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің әлеуметтік әріптестігі аясында «Жас келсе – іске!» атты форум өз жұмысын бастайды

Биылғы жылды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл жастардың қоғамда ерекше орын алатынын және айқын мемлекеттік қамқорлықты көрсетеді. Осыған орай ҚР Кәсіподақтар федерациясының кешенді жоспарына сәйкес Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің әлеуметтік әріптестігі аясында «Жас келсе – іске!» атты форум ұйымдастырылып отыр.

Жалпы, қай елде болмасын жастар – бәсекеге қабілеттілікті ғана емес, адам капиталын дамытудың да шешуші факторы. Сондықтан да жастарға қатысты әрбір мәселеге жіті назар аударып, жан-жақты қолдау көрсету – мемлекет пен қоғамның басты міндеті болып саналады.
Бұл жайында Елбасы әрбір мәртебелі жиында, әрбір ірі басқосуларда ерекше атап көрсетіп, нақты қолдау мен әлеуметтік көмек беру жөнінде Үкіметке де, жергілікті әкімдіктерге де нақты тапсырмалар жүктегені белгілі. Мемлекеттік бағдарламалар да жастардың білімі мен қарым-қабілетіне сай жұмыс тауып, үлкен өмірде белсенді қызмет атқарып, өнімді еңбек етуіне оң жағдайлар туғызып келеді.
Күні кеше ғана өткен «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде халықтың лайықты әрі сапалы өмір сүруіне байланысты әлеуметтік бастамалар жария етіліп, барша қазақстандықтардың, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға қатысты әлеуметтік мұқтаждықтарды шешуге орасан қаржы бөлінетіні белгілі болды. Сөз жоқ, жалпыхалықтық қолдауға ие болып отырған әлеуметтік бұл бастамалар өз нәтижесін беретіні анық.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясы аталған ерекше әлеуметтік бағдарламаларды толық қолдау мақсатымен барлық кәсіподақ ұйымдары мен әлеуметтік әріптестеріне Үндеуін қабылдады. Сол Үндеуде «Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға арналған іс-шараларды нақты жүзеге асыру және ондағы мақсаттарға қол жеткізу барлық деңгейдегі кәсіподақтар үшін басымдыққа ие» деп атап көрсетілді.
Біз сөз етіп отырған өзекті мәселе барлық деңгейдегі кәсіподақтар ұйымдарында белсенді қызмет нәтижесінде айқын көрінуде. Еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау мәселесінде еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымның бірі саналатын Қазақстан кәсіподақтары федерациясының азаматтық қоғамның барлық жасампаз күштерін ортақ игілікке жұмылдыруда абырой-беделі зор. Ашығын айтайық, осы ұйымның соңғы жылдары абыройы анағұрлым арта түсті. Қатарында 2 миллионға жуық мүшесі және 18 мыңнан астам бастауыш ұйымы бар Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының жақсы өмір сүруіне, алаңсыз жұмыс істеп, табысты тұлғаға айналуына мүдделік танытады. Бұл басты міндеттер кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің ортақ және бірлесіп атқарған ізденістері әрі құлшыныс-ынтасымен жемісті болуда. ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты ел – тұрақты қоғам» ұраны еңбеккерлердің мүддесі тұрғысында әлеуметтік бірлікке қызмет ететіні айдан анық.
Кәсіподақтар федерациясы қазақстандық еңбеккер жастардың мәртебесін көтеру жолында кешенді әрі жүйелі жұмыстарды қолға алып, өз міндетін барлық аймақта нәтижелі жүргізуде. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Әбдірайым басқаратын Қазақстан кәсіподақтары федерациясы кәсіподақ ұйымдарын жас кадрлармен нығайту, еңбеккер жастардың озық еңбегін қоғам игілігі деңгейінде көрсету және олардың еңбек заңнамаларын жетік біліп, құрметтеу, толыққанды азамат болып қалыптасуы жолында жүйелі және жоспарлы жұмыс жүргізуге айрықша көңіл бөліп отыр.
Өткен жылы Меркіде алғаш рет Қазақстандық еңбеккер жастардың форумы табысты өтті. Биыл бұл дәстүрлі форум күз айында жалғасын табады. Ал енді бүгінгі күннен бастап 13 сәуір аралығында «Жас келсе – іске!» атты Жамбыл облысы еңбеккер жастарының форумын өткізудегі басты мақсатымыз – осы жылғы Жастар жылына байланысты еңбеккер жастардың өзекті проблемаларын талқылау үшін коммуникативті алаң құру, еңбеккер жастарды топтастыру, тәжірибе алмасу және өз идеяларын ортаға салып, оны іске асыру, кәсіподақ қозғалысының жастар саясатын трансформациялау және дамыту бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу және қазіргі заманғы еңбекші жастардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту. Сондай-ақ бұл басқосуда жаһанданудың аспектілері, рухани жаңғыру және еңбек жастары, еңбек құқығы негіздері тақырыбында келелі әңгіме өткізіледі.
Әулиеата жастарының аталған алқалы жиыны белгілі бір деңгейде ортақ ісімізге өз игі әсерін тигізеді деп сенеміз. Форумда елімізге әйгілі тұлғалар мен қоғам қайраткерлері де жастармен кездеседі. Кәсіподақтарды жаңғырту жұмыстары мен жаңа өзгерістер бірінші кезекте жұмысшыларға лайықты еңбек пен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Еңбек адамы басты назарымызда. Біздің қызметіміздің мәні мен мақсаты осы.
Осы арқылы кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестіктердің біріккен іс-қимылдарының арқасында жұмысшылардың құқықтары қорғалады. Бұл ретте Жамбыл облысы әкімдігінің әлеуметтік әріптестік аясында атқарып отырған қызметіне алғысымызды білдіреміз.
Ел халқының 18 миллион 415 мыңға жеткенін ескерсек, жастардың үлесі 22 пайызды құрайды. Сол жастардың 2,3 миллионы қалаларда, 1,7 миллионы ауылдарда тұрады. Демек, елдегі барлық жас азаматтардың 43 пайызы, жалпы халықтың 9,2 пайызы – ауыл жастары. Бір сөзбен айтқанда, жастардың үлесі қала мен ауыл халқының мөлшерімен шамалас. Қазақстандықтардың 57,8 пайызы қалада тұрса, 42,2 пайызы ауылда тұрады.
Ал біздің облыста ауыл халқының саны сәл басымдыққа ие. Жастардың үлес салмағы республикалық көрсеткіштермен шамалас болып тұр. Егер кәсіподақ мүшелерінің саны бойынша айтар болсақ, облысымызда 120 мыңнан астам мүше бар, солардың үштен бірі – жастар. Бір ғана Тараз қаласының өзінде 360 мыңнан астам халық болса, соның 25 пайызы жастар болып табылады. Мәселен, еліміздегі ең ірі химия өндірісі – «Қазфосфат» ЖШС кәсіпорнында жұмыс істейтін 6200 адамның 40 пайызға жуығы жастар екенін ескерсек, еңбеккер жастардың сұранысы мен талабына сәйкес келетін рухани және әлеуметтік бастамалар мен жобаларды тиянақты қолға алуымыз аса қажет. Себебі, жастарға қатысты түйіні шешілмеген мәселелер аз емес. Соның бірі ретінде бүгінгі кәсіподақтың міндеті деп нарық жағдайында өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға еңбек шарты мен ұжымдық шарттың қажеттігін сезіндіру, еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбек құқығын қорғау ісінде құқықтық сауаттылықты арттыру мәселесін айтар едік.
Елімізде жастардың 2 миллион 100 мыңнан астамы еңбек күші ретінде бағаланады. Бүгінде кәсіподақтарда (22 салалық қоғамдық бірлестік бар) 35 жасқа дейін 505 мыңға жуық, ал 29 жасқа дейін 338 мыңнан астам мүшесі бар. Осы жастардың келешегі үшін республикамыздың түпкір-түпкірінде мазмұнды басқосулар, ой таластыру және тәжірибе үйрену жиындары өтуде.
Барлық облыста кәсіподақтардың «Келешек» жастар кеңесі жұмыс істейді. Кәсіподақ көшбасшыларының мектебінде бастауыш ұйымдардың алғыр жастары білімін жетілдіреді, ал Кәсіподақтар федерациясының оқу орталығы да республикалық және халықаралық семинарлар өткізеді.
Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ көшбасшылығы мен өзінің таланты және білімінің нәтижесінде кәсіби танымалдылыққа қол жеткізіп, табысты тұлғаға айналған адамдардың шынайы тарихын көрсету арқылы, елімізде кәсіподақ қозғалысын насихаттау мақсатында «Кәсіподақтың жаңа келбеті» сыйлығын тағайындады.
Тегінде, еңбеккер жастар мен бастауыш ұйым көшбас­шыларының биігін айқындау жолында қолға алған әрбір жоба адам капиталын дамытуды көздейді. Рас, бүгінгі жастар аға ұрпақтың тұстарына қарағанда әлдеқайда білімді, белгілі бір кәсіп иесі, білікті маман, жан-жақты, бірнеше тіл біледі. Әлем жаңалықтарынан хабардар. Соған қарамастан өзіндегі барды кейде бағалай білмейді. Ненің киелі екеніне, ненің қасиетті екеніне ден қоймайтын тұстары бар. Заман басқа. Уақыт тамырын тап баса білу – аса қажеттілік.
Қоғам иесі болу – бүгін жастардың бітім-болмысымен, сана-сезімімен, ең бастысы, ерен де тиімді, табысты еңбегімен, жаңашылдық алғырлығымен, табанды мінез-құлқымен жинақталып, қалыптасады десек, сөз жоқ, нағыз еңбексүйгіш, өндіріс жаңашылдары ел қазынасын еселеу арқылы өздері де қоғам байлығына айналады.
Еңбекші жастардың өңірлік деңгейдегі алғашқы форумынан біз осындай қоғамдық, өмірлік мәселелер тақырыбында еркін пікір алмасып, еңбек қатынастарын реттеу мен әлеуметтік әріптестікті тиянақтай түсуге серпін әкелетін, әрбір азаматқа күткен сауалдарына мәнді жауап беріліп, ұйымшылдық пен бірлікті нығайтуға қызмет ететін алқалы әңгіме, түйінді ұсыныстар күтеміз.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
облыстық аумақтық кәсіподақтар
бірлестігінің төрағасы

ПІКІР