Еңбексүйгіш жастар – ел тірегі

0 7

Күнделікті саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, ел өмірінің гүлденіп, дамуына белсенді үлес қосып жүрген облыстық «Jasyl el» еңбек жасақтарының мүшелері Талас өзенінің жағасында «Open air» форматында ілкімді іс-шара ұйымдастырды. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы ел үміт, Елбасы сенім артып отырған, еңбекпен есеюді өмірлік ұстаным еткен жалынды жастардың жылы жүздесуіне облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысып, ашық-жарқын әңгіме өрбіді.

Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ, – деп хәкім Абай айтқандай, жамбылдық жігерлі жастар әдебиет пен мәдениет, өнер мен өндірісті өркендетіп, қала берді қоғамдық орын, қоршаған орта, қаланың тазалығына да жан-жақты үлес қосып келеді. Бұл ретте табиғат аясында еңбек жауынгерлері «Талас толқындары» атты мәдени іс-шара ұйымдастырып, жастық жалынның алауында ән мен күйден шашу шашты.
– Дана халқымызда «Жас келсе – іске» деген қанатты қағида бар. Қазір қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қамқорлық, қолдау көрсетілуде. «Jasyl el» еңбек жасақтары осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Ең бастысы талпыныс керек. Айқын мақсат қойып, алға ұмтылғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Бұл кездесуді ашық аспан астында ұйымдастыруымыздың өзі ашық-жарқын дидарласып, бүкпесіз әңгіме өрбітсек деген ойдан туындады. Сондықтан да сыр-сұхбат құрып, еркін пікір алмасайық, – деген облыс әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы еркін форматта жастармен дидарласып, еңбек жасақтары белсенді мүшелерін жатақханамен қамту, әдеби кітаптармен рухани байлығын арттыру секілді ізгі жоспарларымен бөлісті.
Ал облыстық «Jasyl el» еңбек жасақтарының төрағасы Мейіржан Ермектің айтуынша, құрылғалы бері мақсаты ізгі, міндеті игі істерді жауапкершілікпен атқарып келе жатқан еңбек жасақтарына күні бүгінге дейін өңірден 10 мыңнан астам жас қамтылған. Олардың басым көпшілігі жұмысcыз NEET жастары. Бүгінде қатардағы еңбек жауынгерлерінің саны 700-ге жуықтаса, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті мыңға жеткізу жоспарланып отыр екен. Ал олардың орташа айлық жалақылары 42 500-60 мың теңгенің көлемінде.
– Талас ауданындағы №2 Қаратау колледжін «Аспаз» мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолымды қайдан бастау керектігін ойланып жүргенде әлеуметтік желіден «Jasyl el» еңбек жасағының жаңа маусымға дайындалып жатқаны туралы хабарламаны көріп қалдым. Бірден туған сіңлім Айдана екеуміз тізімге жазылдық. Біз үшін бұл жұмыстар өте ыңғайлы. Ай сайын 60 мың теңгеден жалақы алып отырмыз. Жаңа достар тауып, ортаға бой үйреттік. Ең бастысы уақытымыз бос өтіп жатқан жоқ. Қазіргі таңда Тараз қаласының №7 ықшамауданындағы каналдардың қамысын тазалау жұмыстарына атсалысып жатырмыз. Ұлдар орса, қыздар жинауға жауапты. Осылайша қаланың көркеюіне өз септігімізді тигізудеміз, – дейді жасылелдік Маржан Дүйсен.
Осыдан тура 16 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан еңбексүйгіш жастардың жасағы табиғатты қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында да белсенді. Басқосу барысында белсенді жастар Жамбыл Жабаевтың өлеңдерін оқып, рухты һәм лирикалық әннен шашу шашып, күй күмбірлетіп, сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.