Енді «Дипломмен – ауылға!» байқап барасыз

Себебі несие тарихы бұзылған жастар тұрғын үй ала алмайды

0 10

«Дипломмен – ауылға!» бағдар­ла­масы талай жастың жолын ашып, үлкен өмірге қадам бастырғаны белгілі. Жоба аясында жалынды жастар ауыл-ауылдарға жол тартып, бұқара үшін қызмет етіп қана қоймай, өз тұрмысын да түзеуге мүмкіндік алды. Ең әуелі бірреттік көтерме жәрдемақыға қол жеткізсе, кейіннен баспана алу бағытында тұрғын үй несиесі де берілді. Алайда биылдан бастап бағдарламаның талабы мен тәртібі өзгеріп отыр. Енді кредит тарихы бұзылған жастар тұрғын үй несиесін ала алмайды.

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2010-2020 жылдары «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 2 143 маманға 6,5 миллиард теңге несие беріліпті. Нәтижесінде ауылды жерлерге 1 838 маман тартылған. 1 156 маман білім беру саласына бағытталса, 436 маман денсаулық сақтау, 59 маман мәдениет, 46 маман спорт, 6 маман әлеуметтік қамсыздандыру және 135 маман атаулы әлеуметтік көмек салаларында еңбек етуде.
2019 жылы 256 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға республикалық бюджеттен 969,6 миллион теңге несие қарастырылса, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 268 маманға 969,2 миллион теңге тұрғын үй несиесі берілген.
Ал жергілікті бюджет есебінен 604 маманға біржолғы көтерме жәрдемақыға 122,6 миллион теңге төленсе, есепті кезеңде 604 маман 122,6 миллион теңге көтерме ақыға қол жеткізген.
2020 жылы 331 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға республикалық бюджеттен 1 330,1 миллион теңге қарастырылса, 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 328 маманға берілген тұрғын үй несиесі 1 328,8 миллион теңгені құраған.
Аудандық бюджет есебінен 582 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге 160,3 миллион теңге бағытталса, есепті кезеңде 582 маманға 160,3 миллион теңге үлестірілген.
Енді биылғы жылға мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 270 маманға жалпы 1 181,8 миллион теңге бюджеттік несие беру жоспарлануда. Алайда бұны жаңа талап бойынша екінің бірі ала алмайды. Яғни «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына 2020 жылдың 30 қыркүйек айында енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді несиелік тарихы бұзылған азаматтарға тұрғын үй несиесі берілмейді. Тармақтарда келтірілген түзетулерді сөзбе-сөз келтірсек.
«Бюджеттік кредиттер облыстардың жергілікті атқарушы органдарына мынадай талаптарда: теңгемен он бес жылға дейінгі мерзiмге 0,01 пайыз мөлшерiндегі жылдық сыйақы мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй сатып алуы немесе салуы үшiн кейіннен ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне бере отырып, кредиттiк шарттар жасасу арқылы беріледі;
Кредиттерді игеру кезеңі кредитордың шотынан кредиттер аударылған сәттен бастап есептеледі және 22 (жиырма екі) айды құрайды.
Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ (осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды қарау сәтінде), сондай-ақ соңғы 2 (екі) жыл ішінде 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен берешегі жоқ көрсетілетін қызмет алушыларға ұсынылады», делінген.
Яғни жаңа өзгертулер бойынша екі жыл ішінде алдыңғы несиелерінен қалған 90 күндік берешегі болса, ауылға келген жас маман тұрғын үй кредитінен қағылады. Жуырда осы мәселемен редакциямызға екі жас маман хабарласып, жағдайларын айтты. Ерлі-зайыптылар Меркі ауданына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келген екен. Алғашқы көтерме жәрдемақысын алғаннан кейін жұбайының несиелік тарихында 90 күндік берешегі болғандықтан, нәтижесінде оларға тұрғын үй кредитін бермей қойған. Алайда жастардың қолында бұрын алған кредиті толықтай жабылды деген анықтама қағазы болған. Міне, осы құжатпен әкімдікке жүгінсе де, олар тұрғын үй несиелерін мақұлдамапты. Бұл тұста ел арасында егер аудан әкімі тікелей жастарға «сенімхат» берсе, банк жастарға несие беретіндігі туралы айтылуда. Бірақ аудан әкімдері мұндай тәуекелге бастарын тіккісі жоқ.

Әрине, бәрі заң шеңберінде болғаны дұрыс. Алайда жас мамандардың дені ауылға тұрмысын түзеп, тұрғын үй алуға ағылатындығы жасырын емес. Егер оларды осы мүмкіндіктен айырсақ, ертең ауылға кім барады?

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.