"Алтын бесік" "Кәсіпкерлік"

Енді қора-жайға дейін кепілге қоюға болады

Written by Aray2005

Бұрын ауыл тұрғындары бизнеспен айналысқысы келсе, екінші деңгейлі банктер ат-тондарын ала қашатын. Әлі де солай. Мәселе ауыл тұрғындарының кәсіппен айналысуға қабілетінің бар-жоғында емес, ауылдық жердегі үйлердің банк үшін кепілге қоятын мүлік ретінде жарамсыздығында. Бүгінде ауылдықтардың кез-келген кәсіп түрінің қыр-сырына қанығып, қолына сертификат алып, өз жобаларын қорғауына, үй немесе қора-жайларын кепілге қоя отырып несие алу арқылы мал шаруашылығымен айналысуына «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы септігін тигізіп тұр.

Өңірімізде аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы негізінде бір ай оқыту курсынан өтіп, кәсіппен айналысып жатқандардың қарасы жыл санап артып келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында бір ғана мал шаруашылығымен айналысу үшін былтыр
1 003 адам шағын несие алған екен. Оларға бөлінген несие қаражатының көлемі 4 миллиард 111 миллион теңгені құраған. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, биыл да оқыту курсынан өтіп, мал шаруашылығымен айналысқысы келген 1020 ауыл тұрғынына осы көлемде қаржы бөліп, несие беру жоспарланып отыр екен.
– Бағдарламаның мақсаты – қолынан іс келетін ауыл тұрғындарына жан-жақты қолдау көрсету. Моноқалаларда мал асырап, бордақылаумен айналысқысы келетін адамдар да осы бағдарламаның тиісті бағыты арқылы оқып, қаржылай несие ала алады. Бұл бүгінгідей еңбек нарығында әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуына беріліп жатқан зор мүмкіндік. Олар мал шаруашылығымен айналысып, тасы өрге домаласа, өзгені де жұмыспен қамтитыны анық. Биыл осы бағытта бөлінген несие қаражатының 2 миллиард 466,6 миллион теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы, ал 1 644,4 миллион теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы беріледі. Сонымен қатар ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қосымша 1 миллиард теңге бөлінгенін айта кеткім келеді, – дейді Қайрат Тілеубайұлы.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы несие бөлімінің басшысы Бауыржан Тәжібаевпен тілдескенімізде, ол осы қор шаруаларды ешқандай екінші деңгейлі банк немесе несие серіктестерінсіз өздері тікелей қаржыландыратынын, ауылдық жердегі кез келген үй, ауласындағы 5-10 тұяқ үшін салынған қора-жайдың барлығы кепілге қойылатын мүлік ретінде жарайтынын, оның құнын тәуелсіз бағалаушылар есептейтінін, несие соған сай берілетінін айтты.
Байзақ аудандық кәсіпкерлік палатасының координаторы Ерсұлтан Иманбердінің айтуынша, аймақ биыл 135 адамды «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқытуды жоспарлапты. Былтыр 180 адам оқыту курсынан өткен. Азаматтарды бизнестің қыр-сырына үйретуші бизнес-тренердің бірі Гүлзат Ысқақова аудан тұрғындарын кәсіпкерлікке баулудың тәртібін түсіндіріп берді.
– Біз азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негізде оқытамыз. Негізінен, азаматтар 80 сағаттық оқу бағдарламасы бойынша 20 күн оқиды. Одан кейін 120 сағат кеңес беріледі. Бұл кезеңде оқыту курсынан өткендердің әрқайсысының ұсынған бизнес жобалары нарықта бәсекеге қабілетті ме, жобасын жүзеге асыруға өзінің қабілеті жете ме деген секілді көптеген мәселелер талқыланып, оларға бағыт-бағдар беріледі. Қолына оқыды деген сертификат берілгеннен кейін, оның бизнес-жоспар жасауына, жобасын қорғауына көмектесеміз, – дейді ол.
Былтыр аталған ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, несие алғандардың бірі – Дихан ауылдық округі, Жеңіс ауылының тұрғыны Сәрсебек Мешелов. Ол «Құлан дән» несие серіктестігі арқылы 6 миллион теңге алғанын айтады.
– Бұрын Тараз қаласында және еліміздің өзге де ірі қалаларында құрылыста жалданып еңбек етіп жүрдім. Табысым бала-шағаны асырауға жеткенімен, соңғы жылдары жасым алпысқа таяғандықтан ауыр жұмысқа жарамай, шаршап қала беретін болдым. Бұл жұмыстың жас ұлғайғанда оңайға соқпайтынын ескеріп, кәсіппен айналысуға бел будым. Ойлана келе аудандық кәсіпкерлер палатасына бардым. Ондағы мамандар маған бір ай оқыту курсынан өтіп, несие алуыма болатынын айтты. Осылайша бизнес-тренерім Гүлзат Ысқақова маған кәсіптің қыр-сырын үйретіп, қолыма сертификат берді. Өз бизнес идеямды қорғауыма көмектесті. Нәтижесінде жобамды сәтті қорғап, былтыр сол қаржыға 212 қазақы саулық сатып алдым. Жазда тынбай еңбектенудің арқасында малдың қысқы жем-шөбін дайындап, аман алып шықтым. Көктемде дені төлдеді. Бүгінде ауыл шетіндегі өзімнің 20 гектар жайылымдық жеріме көшіп барып, қора-жай соғып, контейнерге қоныстандым. Ауылдық округ әкімі аппаратынан өз иелігімдегі жерден бөлек, басқа да жайылымдық жерге мал жаю үшін рұқсат алдым. Бар арманым – қолымдағы уақ малдың санын төлі арқылы көбейтіп, шаруашылығымды кеңейту. Жалпы, кәсіппен айналысамын деген адамдарға тұрғылықты жердегі кәсіпкерлік палатасының мамандарынан көмек сұрауына кеңес беремін, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқығандардың дені мал шаруашылығына бет бұрған екен. Бұдан бөлек мал бордақылап, жылыжай салумен де айналысып жатқандар бар. Сол үшін ауыл тұрғындары мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қыруар қаржы бөліп, айрықша қолдау көрсетіп жатқан ұтымды ұсыныстарынан шет қалмағаны абзал.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР