Енді тараздықтар электрлі самокатпен серуендейді

0 9

Көз ілеспей көркейіп келе жатқан көне шаһар күн өткен сайын тұрғындарды жағымды жаңалықтарымен қуантуда. Адам көп шоғырланған жерлердегі заманауи лэд экрандар, автобус аялдамаларындағы электронды кестелер, осының барлығы көпшіліктің көз қуанышына айналуда. Бұл қатарды енді жаңа электрлі самокаттар толықтырып отыр. Тұрғындар діттеген жеріне ешқандай кептеліссіз, автобуста жолаушылармен сіреспей-ақ, таза ауамен тыныстап, шаршамай, шалдықпай жете алады.

Жаңа электрлі самокаттар осыдан екі жеті бұрын қалада іске қосылып отыр. Ә дегеннен әулиеаталықтар жаңа жобаға үлкен қызығушылық танытты. Алдыңғы аптада таңертеңнен күн ұясы қонғанша тұрғындар самокаттармен саябақтарда, орталық көшелерде серуендесе, екінші аптада жұмысына осылай жүйіткігендерді де байқадық. Адамзат баласы жақсыға тез үйренеді емес пе, электронды самокат тебушілердің қатарында жастар да, ересектер де көбейді. Арасында тың жүйеге сүйсініп, ұнап жатқандары да көп, сүрініп құлап жатқандары да баршылық. Таңғаларлығы тұтынушылар самокатты діттеген жеріне жеткенде немесе қаланың кез келген бұрышына тастап кетуде. Себебі онда заманауи GPS құрылғылары орнатылған. Қала тұрғындары үшін тың бастаманы қолға алғандарды іздеп Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне қайырылдық. Дегенмен аталмыш бөлімнің басшысы Айдын Алтайұлы бұл бастама туралы хабары болса да оның өздеріне еш қатысы жоқ екенін жеткізді. Бұдан кейін тұтынушылардың ізін ала смартфонның «Play Maрkeт» бағдарламасынан «BasyFly» қосымшасын жүктеп алып, жоба авторларымен байланыс орнатуға тырыстық. Жедел жауап қайырған орталық операторлары өкінішке қарай аймақаралық қызмет үшін жауап бере алмайтынын жеткізіп, жергілікті жердегі өкілімен байланыстырды. Байқағанымыздай жоба ресейлік кәсіпкерлердікі екен. Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы тұрғындар үшін бұл электрлі самокаттар күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналып кетіпті. Ал жобаның ел аумағына келгені кеше ғана.

-Тұрғындар үшін электрлі самокаттар өте қолайлы. Оның үстіне соңғы кездері қалада көліктердің саны артып, салдарынан кептелістер пайда болуда. «BusyFly» «iOS» және «Android» жүйелерімен жұмыс істейді. Оны қолданудың еш қиындығы жоқ. Самокатты жалға алу құны минутына 20 теңге. Ал сағатына мың теңгені құрайды. Сағатына 15 шақырымнан 25 шақырымға дейін жылдамдықта қозғалады. Сонымен қатар самокаттарды тұрғындар қаланың кез келген жеріне қалдырып кете алады. Себебі біз кешқұрым барлығын GPS арқылы жинап, таңға дейін қуаттандырып қоямыз. Қазір қала бойынша жүз электрлі самокат халыққа қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта олардың санын тағы да арттырамыз, – дейді жобаның Тараз қаласы бойынша жауапты өкілі Юрий Сергеевич.

Расында да құрылғыны қолдану еш қиындық тудырмайды. Смартфондағы арнайы қосымша арқылы банк карточкасымен есептесіп, самал желмен жарысып, самғай бересіз. Ол мектеп жасындағы балаға да түсінікті. Мектеп демекші, бұл самокаттар кәмелеттік жасқа толмағандар үшін қолайлы дегенмен, қаупті екенін де ұмытпаған абзал.

-Әрине қала жұртының игілігі үшін іске асып жатқан мұндай жобалар көңіл қуантады. Десек те самокатпен жаяу жүргіншілер жолы арқылы жастар қатты жүреді. Бірер күн бұрын ғана нан алуға барған өзімнің кішкентай қызымды «Себет» дүкенінің алдында қағып кетті. Әбүйір болғанда аяқ-қолы сау. Самокатты тізгіндеген жас жігіт де оңбай құлады. «Шойнаңдамай жай айдамайсың бе?» деп ұрсып бердім. Жаза басса не болмақ? Бұлар қалада автокөлік жолдарымен жүруі қажет дейін десең, ертеңгі күні машинаның астына түссе тағы қиын. Ал бізде мұндай электрлі құрылғыларға, велосипед айдаушыларға арналған жолдар жоқ. Сондықтан жаяу жүргіншілер жолынан болса да самокатпен жүретіндерге арналған арнайы жолақ қажет сияқты, – дейді қала тұрғыны Зейнеп Құралбайқызы.

Бұл мәселе бойынша жауапты мамандардың да пікірін білдік. Жалпы екі апта бұрын іске қосылған жаңа бастамаға қызығушылық танытқандар көп болғанымен, басым көпшілігі қауіпсіздікті сақтауға құлықсыз екен.

-Расында, жақында танымал және қауіпті хобби пайда болды. Яғни скутермен, электрлі самокаттармен және мопедтермен жүру, олардың саны жыл сайын артып келеді, ал карантиндік шектеулер басталғалы бұл қозғалыс құралдары көп пайдаланылуда. Алайда жол қозғалысының барлық қатысушылары өздерінің қауіпсіздігі туралы ойламайды және шлем, тізе жастықшалары, шынтаққаптарды қолдануды, сондай-ақ жүру кезінде басқа да қауіпсіздік шараларын қолдануды елемейді. Мәселен, 2021 жылғы 2 мамырда полицияға облыс орталығының тұрғыны Лермонтов пен Қыпшақбаев көшелерінің қиылысында белгісіз жүргізуші электрлі самокатпен жүріп бара жатқанда оны қағып кеткенін айтты. Жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіріліп, көлік құралы зақымданды. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша көлік иесі тиісті көмек көрсетпей, оқиға болған жерден қашып кеткен. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері «Daewoo Nexia» маркалы автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісін анықтап, ұстады. Ұсталған күдікті жасаған әрекетін мойындап, жәбірленушіден шын жүректен кешірім сұрады. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Ұсталған адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігі (көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соққан бұзуы) және ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабы 2-бөлігі (жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерін орындамауы) бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңында электрлі қозғалтқышымен жарақтандырылған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын көлік құралы мопедтерге теңестіріледі деп регламенттелген. Оларды тек 16 жастан бастап пайдалануға болады. Сондай-ақ, велосипедшілер, электросамокат иелері жолаушыларды және 50 сантиметрден асатын жүктерді тасымалдай алмайды. Сондай-ақ рульді бір қолмен ұстап жүргізуге тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелінен өтетін жолды кесіп өтіп, велосипед сияқты, көлік құралын жақын ұстап, жолды жаяу жүріп өту керек. Жүріс бөлігінде электрлі самокаттардың иелері шеткі оң жолақпен бір қатарға немесе егер бұл жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмесе, жол жиегімен жүруге міндетті. Оларға солға бұрылуға және осы бағытта біреуден көп қозғалыс жолағы бар жолдарда бұрылуға тыйым салынады, міндетті түрде жол қозғалысы ережелерін және басқа да қозғалыс ережелерін біліп, қатаң сақтау қажет. Ал жалпы жыл басынан бері Жамбыл облысында мотокөлік құралдарының қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы орын алды, онда 2 адам түрлі дене жарақатын алды, қаза тапқандар жоқ. Сондықтан Жамбыл облысының Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелері мен сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады, – дейді Тараз қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының бастығы Руслан Оразбақов.

Санаулы уақытта ел игілігіне айналып үлгерген бастама қалалықтардың үлкен сұранысында. Десек те адам өмірінен, денінің саулығынан асқан байлық жоқ екенін ескерсек, қауіпсіздікті сақтауды қаперден шығармайық!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Leave A Reply

Your email address will not be published.