"Кәсіпкерлік"

Енді тендерге теңгесі барлар ғана түсе алады

Written by Aray2005

Биылдан бастап мемлекеттік сатып алу заңнамаларына өзгеріс енгізіліп, енді тендерге қатысушылар мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдаланғаны үшін ақы төлеуге міндеттелді. Сөз жоқ, бұл тосын жаңалық болғаны рас. Алайда мұндай шешімге қатысты жұртшылықтың пікірі екіге бөлініп отыр. Біреулер мұны қазына қаржысын үнемдеуге септігін тигізеді десе, енді бірі жаңа өзгерістің кәсіпкерлер үшін кедергі келтіретінін айтады.

Жалпы, мемлекеттік сатып алудағы өзгерістер нақты қай салаларды қамтиды дегенге келер болсақ, бір көзден сатып алу тәсілі бойынша жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың шекті сомасы бұрын 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жүргізілсе, енді ол 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылыпты. Яғни, мемлекеттік сатып алушылар 1 202 500 теңгеге дейінгі жұмыстар мен қызметтерді бір көзден сатып ала алады және веб-портал қызметі үшін 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасайды. 10 миллион теңгеге дейін 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 25 250 теңге, ал 100 миллион теңгеге дейін – 50 500 теңге, 1 миллиард теңгеге дейін – 151 500 теңге, шектелмеген сома болса – 308 050 теңгеге дейін барып отыр. Енді бұл қаншалықты тиімді? Мемлекет пен кәсіпкер неден ұтып, неден ұтылады?
«Жамбыл облыстық қоғамдық бақылау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Серікбол Берікқожа жаңа жүйе мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдеткенімен, кейбір тұстары қоғам көзқарасына кереғар екенін айтады. Оның пікірінше, бұл ірі істермен айналысатын бизнесмендерден тиісті мөлшерде қаржы алуды заңдастыру. Яғни, осы арқылы қоғам тендерден жеңімпаз атануға таныс-тамыр іздеп талпынатындардан құтылады. Дегенмен бұл жұмысын жаңадан бастаған кәсіпкерлерге айтарлықтай кедергі келтіруі мүмкін.
– Осынау өзгерістерді ести сала, веб-портал әкімшісіне хабарласып, кеңес алғанмын. О баста мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысу үшін ақы төлейтін шығармыз деп ойлағаным рас. Бірақ менің түсінгенім, бір көзден сатып алу тәсілі бойынша, яғни 1 202 500 теңгеге дейінгі конкурсқа ақысыз қатысуға болады. Егер мемлекеттік сатып алушылардың ішінен жеңімпаз атансаңыз ғана, ұтып тұрған сомаңызға байланысты көрсетілген мөлшерде ақы төлейсің. Мәселен, 1 миллион теңгеге дейінгі тарифтік жоспар 1 айлықтық есептік көрсеткішті құрайды. Мұның бір жақсы жері – бір мәрте ақы төлегеннен кейін ол бір жылға жарамды. Яғни, одан кейінгі лоттар бойынша келісімшарттарға қол қою бір жыл бойы тегін жалғасады. Үкіметтік емес ұйым басшысы ретінде менің ұтып алып жүрген лоттарым 1 миллион теңгеден аспайды. Сондықтан менің кәсібіме аса қиындық тумайтын секілді. Бір айта кетер жайт, көлемі бір миллион теңгеден артық, яғни ірі істермен айналысатын және өз ісін жаңадан бастауға ниеттенген кәсіпкерлер үшін бұл қолайсыз секілді. Себебі олар мемлекеттік сатып алу веб-порталында көрсетілген лоттармен танысып шығу үшін көрсетілген қаржының 1 пайызын, сатып алуға қатысу үшін қайтадан сол соманың 3 пайызын алғашқы салым ретінде төлеуі тиіс. Одан кейін конкурста жеңімпаз атанып жатса тағы да тиісті мөлшерде ақы төлеуге міндетті, – дейді Серікбол Берікқожа.
Негізінде еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда «бармақ басты, көз қысты» тірліктер ескі тендерлік сатып алу жүйесінде анық байқалатын. Кімнің танысы бар, соның айы оңынан туатын. Кейіннен мемлекетіміз аталған жүйені жойып, өткізілетін мемлекеттік сатып алу ісін «Электронды мемлекеттік сатып алу» бағытына көшірген еді. Содан беріде арада біршама жыл өтті. Соның арқасында тапсырыс берушілер тарапынан баға ұсынымын сұрау әдісі бойынша өткізілетін автоматтандырылған ақпараттық жүйе сатып алудың шынайылығын дәлелдей түсті. Тарқата айтқанда, тапсырыс берушілердің сұранысынан өз қызметін ұсынушылардың дер кезінде хабардар болуы, сатып алу ісінің жүйелі жүзеге асуы, яғни өткізілген конкурстың басталуы мен аяқталуы, нәтижелері мемлекеттік сатып алу веб-порталында айқын көрініс тапты. Осы арқылы мемлекетіміз қызметтің нақ осы секторының барынша ашық болуына жағдай жасап берді. Осылайша мемлекеттік сатып алу қызметінің басы-қасында жүргендер мен сатып алушылардың арасындағы тікелей қарым-қатынас үзілді. Мемлекеттік сатып алу саласында қолынан іс келмейтіндердің жеңімпаз атанып, жеме-жемге келгенде тірлігі тұралап, елді әбігерге түсіретіні жасырын емес. ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы Индира Тұрғынбаеваның айтуынша, енді «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін мұндай пысықайлардың жолы бірінші кезекте кесілетін болыпты.
– Негізінен веб-порталдың неліктен ақылы болғанына жауап беретін мекеме – «Электронды қаржы орталығы» акционерлік қоғамы. Өйткені мемлекеттік сатып алу веб-порталы солардың меншігі. Десе де мен мемлекеттік сатып алу ісіне қатысы бар маман ретінде жауап берер болсам, бұрын веб-порталға азаматтардың мемлекеттік сатып алуға қатысы бары да, жоғы да кіріп-шығып, мемлекеттік сатып алуға қатысты өздерінің жөнді-жөнсіз шағымдарын қалдырып отыратын. Енді бұл порталға кім көрінген кіре алмайды. Веб-порталдан мемлекеттік тапсырысты сатып алушы өзінің әлеуеті жететін мемлекеттік тапсырыстарға алдын ала ақы төлей отырып, көре алады. Мәселен, сатып алушы 10 миллион теңгеге дейінгі мемлекеттік тапсырысты ұтып алу үшін конкурсқа түсетін болса, бірінші кезекте ол өзіне қажетті соманың 1 пайызын төлеп, мемлекеттік тапсырыстар тізімімен танысып шыға алады. Соның ішінде бір лотқа қатысуға бел байласа, оның көрсетілген сомасының 3 пайызын төлеп, тапсырыс берушімен келісімшарт жасасады. Өзінің бәсекелестерінің арасында жеңімпаз атанса, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төлейді. Ол мемлекет қазынасына түспейді. Бұл қаржы аталған веб-порталды ұстап тұру үшін «Электронды қаржы орталығы» акционерлік қоғамына қажет. Мемлекет үшін оның негізгі пайдасы, бұрын бұл веб-портал мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын болса, енді мемлекет ол үшін бюджеттен ақша қарастырмайды. Одан бөлек бұған дейін «аты бар, заты жоқ» фирмалар бір нысанның құрылысын жүргізуді тендер арқылы арзандатылған баға ұсына отырып ұтып алып, кейіннен оны жұмысшысы, техникасы бар фирмаларға өзара келісіп беретін. Немесе нысан құрылысының жұмысын жүргізе алмай, тастап кетіп жататын. Енді оның да жолы кесіледі. Себебі осы жүйе арқылы кімнің қаражаты бар, солар тендерге қатысады да, қаражаты жоқтар ысырылады. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуға қатысып, ұтқандардың ішінде алаяқтық әрекеттерге барғандар байқалса, олар қара тізімге еніп, бұдан кейін веб-порталға кіруіне шектеу қойылады, – дейді Индира Дүйсенқызы.
Біздің түсінгеніміз, мемлекеттік сатып алу веб-порталының ақылы болуы аталған жүйенің өзін-өзі қаржыландыруын қамтамасыз етумен қатар, қолында қаржысы, не базасы жоқ заңды тұлғаларды жолдан ығыстырады. Мемлекеттік сатып алуға қатысты биылдан бастап жаңа заң күшіне енгенге дейін біз балабақша, балалар, қарттар үйлері, аурухана секілді бюджеттен қаржыландыратын мекемелерге не бағып отырған алдында малы, не иелігінде зауыты жоқ заңды тұлғалардың сүт және сүт өнімдерін жеткізіп берумен айналысып жүргенін көріп, қайран қалғанбыз. Ол туралы уақытында газетімізде мақала да жарияланған. Қоғам үшін ең үлкен пайдалы іс, енді осындай «аты бар, заты жоқ» азаматтардың тірлігі тоқтатылады. Қысқасы, бұдан былай мемлекеттік сатып алу аясындағы жұмыстар және қызметтермен әлеуеті зор, қолынан іс келетін заңды тұлғалар айналысатын болады.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР