"Заң және біз"

Енді төрелік татуластыру орталығында айтылады

Written by Aray2005

Тараз қаласы, Қойгелді көшесінің бойындағы қалалық білім бөлімі орналасқан ғимараттан былтыр қалалық Құқық қорғау қызметі орталығы ашылған болатын. Жақында сол орталықтан қосымша соттан тыс татуласу орталығы өз жұмысына кірісті.

Оның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков бүгінгі таңда барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен жеке құрылымдар қоғамдық келісімді нығайту саласында татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы көптеген жұмыстар атқарып жатқанын атап өтті. Десе де жүзеге асырылып жатқан шаралар әлі де болса өз жемісін толықтай бермеуде. Себебі кез келген дау келісімге келу жолымен шешілуі тиіс, әрі сот тәртібімен дау шешу ерекше жағдайларға арналуы қажет. Сондықтан заман талап еткен жұмыс жүйесі негізінде даулы жағдайларды бейбіт жолмен реттеу үшін тұрақты жұмыс істейтін осындай орталық құру қажеттілігі туындапты.
Облыстық соттар әкімшісінің басшысы Берік Құлтасов бұл орталықтың құқық қорғау органдары қызметкерлері орналасқан ғимараттан ашылуының мәнісін дауларды соттан тыс шешуде медиацияның халыққа тиімділігі және даудың бастапқы кезден шешілуіне мол мүмкіндік беретіндігімен байланыстырды.
Енді бұл орталықта әртүрлі даулар санаттары бойынша татуластыру рәсімдерін ұйымдастыру ісі жүргізіледі. Бұдан басқа консультациялық, ақпараттық, өзге де ілеспе қызметтердің де көрсетілетін айта кеткен жөн.
Орталықта тұрақты негізде медиаторлар, адвокаттар, нотариустар, психологтар, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары, сот орындаушылары, кәсіподақ және билер кеңесінің өкілдері, судьялыққа кандидат ретінде тағылымдамадан өтушілер, жоғары оқу орындарының студенттері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда.
Шара барысында облыстық сот пен облыстық прокуратура өкілдері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат татуластыру рәсімдерін жаппай таратуға және өңір тұрғындары арасында оларды қолданудың артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін дамыту бойынша өзара қолдау көрсетуге бағытталған.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР