Астанаға 20 жыл

Еңселі елорда – елдіктің тірегі

Written by Aray2005

Биыл ата – бабамыздың арманы орындалып, Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына 27 жыл толып отыр. Жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік– құтты қазынамыз, баға жетпес байлығымыз. Ал Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Астана қаласының салынуы егемендігіміздің еңсесін биіктетіп қана қоймай, елімізді төрткүл дүниеге таныта түсті. Аз жылда аяғына нық тұрған Елордамыз тәуелсіздігіміздің тірегіне, Отанымыздың жүрегіне айналып үлгерді. Бас қаланың өн бойында Елбасының ғасырлық қолтаңбасы, жасампаздыққа жетелеген жарқын жеңісі жатыр.

Расында да, Қазақ елінің тәуелсіздік шежіресіндегі толайым табыстарды түгендегенде, ауызға алдымен оралатыны – Астана. Ал азаттықтың ақ таңы атқан тұста Елбасы «Тәуелсіз елміз, тәуелсіз мемлекеттің өз астанасы болуы керек» деп, Сарыарқаның сайын даласына бас шаһардың қазығын қағып, күллі Алаштың арманы мен аманатын орындады.
Астана азат елдің айбынына айналды. Елорданы көшіру еліміздің тарихындағы ерекше белес болды. Бағаналы бас орда қазақ халқының мерейі мен мәртебесін биіктетті. Әлем жұртшылығы Қазақстан десе – Астана, Астана десе – Назарбаев дейтін болды. Мұның өзі Астананың өн бойында Елбасының ерен еңбегі мен дара қолтаңбасы жатқанын аңғартса керек.
Астана Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының төл перзенті. Елорда­мыздың әрбір кірпішін қалауға Президентіміз бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Жүрек мейірімін, жан жылуын, жанашырлық сезімін сыйлады. Әр даму қадамын қалт жібермеді. «Астана – менің қуанышым, мақтанышым. Оның әр ғимараты қалай салынғаны маған жақсы таныс» дейді Елбасы елордаға деген ерекше сүйіспеншілікпен. Бас шаһардың қысқа да нұсқа, қай тілде де ұғынықты естілетін әуезді атауын да Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ұсынғанын жұртшылық жақсы біледі. «Бәйтерек» монументі, Назарбаев орталығы сынды кейбір айшықты ғимараттардың алғашқы нобайын да Мемлекет басшысы өзі қағазға түсірген. Осылайша Елбасының өзі аялы алақанына салып өсірген бел баласы – Астана көз тартар көрікті, сырбаз да, сымбатты болып бой түзеді. Күні кеше бұл шаһар қандай еді, қазір қандай дәрежеге жетті? Оның даму динамикасын суреттеуге тіл жетпейді.
Қазіргі таңда Астана – нағыз қайнаған тіршілік алаңына айналды. Күндіз-түні дамыл таппайтын шаһар үздіксіз дамып жатыр. Сән-салтанаты келіскен небір таңғажайып ғимарат­тарды күні кеше өңіміз түгіл, түсімізде көріп пе едік?! Қай жағынан да қарыштап дамыған елорданы бүгінде бір көру арман.
Қысқа мерзім ішінде Астананы абаттандырып, айшықты шаһарға айналдыру Елбасының ерен ерлігі деп бағалайды жұртшылық. Ұлттық идеяның темірқазығы болған Астана бүгінде күллі Алаштың мақтанышы. Ұлан-ғайыр елдің кіндігінде мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданып, дамудың даңғыл жолына түскен жас мемлекетіміздің тарихи шежіресі жазылып жатыр. «Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр. Біз ғасырлар тоғысында тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз– Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты» дейді Елбасы.
Қазақстандықтар Елбасына қалай сенсе, елорданың келешегіне де солай үміт артады. Бас шаһардың әр жетістігіне қарап, оның болашағының бүгінгіден де зор болатындығына күмән жоқ.
Әрине, алдымызға қойған айқын мақсат орындалуы үшін әр отандасымыз үлес қосуы керек. Елбасы сияқты Астана өміріндегі кез келген жетістік пен қолға алынған іске жанашырлық танытып белсене араласуы қажет. Нұрсұлтан Әбішұлы ел астанасының қай жағынан да өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін жиі еске салады. Ендеше, Елбасының өзі салып берген елорданың еңсесі жылдан-жылға биіктеп, әлем алдындағы мерейі асқақтай берсін!

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР