Ер болса, Ескендіровтей болсын!

0 5

Мұқаш Зұлқарнайұлы облыстық көпбейінді ауруханаға өз есебінен 10 оттегі концентраторын тарту етті

Қашанда сауапты істің басы-қасынан табылатын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров елдігіміз сынаққа түскен шақта да ізгі амал жасаудан аянып қалмады. Атымтай жомарт тарту еткен «Armed» 7F-5L маркалы оттегі концентраторлары ендігі кезекте коронавирустық инфекцияға шалдығып, өмір үшін күресіп жатқан жүздеген науқастың сауығып кетуіне себепші болмақ.

Әрқайсысының құны 500 мың теңге болатын бұл құрылғылар оттегінің тұрақты немесе эпизотиялық жетіспеушілігін сезінетін науқастардың тыныс алуына көмектеседі.
– 3 шілдеден бастап облыстық аурухана 300 орындық инфекциялық стационарға айналды. Мұнда қазіргі таңда коронавирустық инфекция жұқтырғаны расталған 260 науқас ем алуда. Оларға тәулігіне 150 арнайы құрылғы қолданады. Ал «Armed» 7F-5L маркалы жабдық бір мезгілде екі науқасты оттегімен қамтамасыз ете алады. Мұндай құрылғылар өңірдегі денсаулық сақтау ісінде тұңғыш рет қолданып тұр. Бүгінде көптеген ауруханалар мен инфекциялық стационарларда оттегі концентраторларының тапшылығын ескерсек, Мұқаш Ескендіровтің бұл тартуы коронавирусты емдеу ісінде көп көмегін береді, – дейді облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов.

Ал Мұқаш Ескендіров елдегі қазіргі жағдайды көзбен көре тұра қолдан келген көмегін беруді азаматтық борышы санағанын айтады.
– Қазіргі жағдайда шетелдерден келетін гуманитарлық көмекке қана иек артып, дәрменсіз отыруға болмайды. Сондықтан да облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаровтың кеңесімен инфекциялық стационарларға аса қажетті осы құрылғыларды сатып алуға бел будым. Ресей Федерациясындағы медициналық құрал-жабдықтарды сатумен айналысатын компаниядан 16 дана оттегі концентранторы сатып алынды. 10 оттегі концентранторы коронавирус диагнозымен төсекке танылған науқастарға қолдану мақсатында облыстық көпбейінді ауруханасына табысталды. Ал қалған 6 жабдық «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің медициналық пунктерінде қойылады. Осы арқылы біз жұмысшыларға сапалы медициналық көмек көрсетуді мақсат етіп отырмыз, – дейді М. Зұлқарнайұлы.
Өңірдегі ең ірі өндіріс ошағына басшылық етіп отырған Мұқаш Ескендіровтің жомарттығына облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов алғыс айтып, бұл игі істің өзге де азаматтарға үлгі болса деген ізгі ниетін жеткізді. Айта кету керек, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік кешендері бұған дейін медициналық мекемелерге демалыс күні оттегі баллондарын толтыру қызметін де ұсынған болатын.
Расында елдің басына түскен сынақты абыроймен еңсеруде азаматтық танытып жатқан Мұқаш Ескендіровтей ерлердің көп болғаны қажет-ақ.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.