Sport

Ер болсаң, Елдостай бол!

Written by Aray2005

Түркия татамиінде қарсылас шақ келтірмеген балуан Токио Олимпиадасында топ жарудан үмітті

Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан дзюдодан Гран-при додасында аса жеңіл салмақта белдескен жерлесіміз Елдос Сметов бас жүлдені олжалады.

Түрік жеріндегі татами төрінде әлемнің 78 елінен 533 дзюдошы әртүрлі салмақ бойынша кім мықтыны анықтады. Сайыс қорытындысы бойынша 1 алтын, 1 күміске иелік еткен қазақстандық дзюдошылар жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Құрама қоржынындағы жалғыз алтын медальді жеңіп алған жампоз бұл турнирде әзірбайжандық Оружа Вализада, болгариялық Валентин Алипиев және бразилиялық Фелипе Китадайдан айласын асырды. Ал жартылай финалда ұлыбританиялық Эшли Маккензидің жауырынын жер иіскетті. Ақтық сында Елдостың жолы өзбекстандық Кемран Нұрилаевпен түйісті. Ала шапанды ағайынның үкілеген үміті Кемраннан біздің оғлан басым түсті.
Өткен жылдың тамыз айында Жакарта қаласында өткізілген Азия ойындарында жарақат алған Елдос Екатеринбургтегі Grand Slam додасынан бас тартқан болатын. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиде атой салған балуан Гран-при жекпе-жектерінен соң әлі де жарақатынан толық айықпағанын жеткізіп, келер жылы Токиода туы желбірейтін Олимпиаданың жолдамасына иелік етуге ниетті екенін жеткізді. Тағы бір айта кетерлік жайт, Түркиядағы турнирде Елдос барлық қарсыласын «иппонмен» ұтты. Қазіргі таңда Елдос Сметов дзюдодан әлемдік рейтингте 6-орында тұр. Бұл оның Токио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінің жоғары екендігін көрсетеді.

Шынболат Күзекбаев

ПІКІР