Сұхбат

«Ер мұғалімдердің мәртебесіне ерекше назар аудару қажет»

Written by Aray2005

«Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты Алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі» деп аяулы ұстаздардың үрметін үстемелеп және «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім» деп абыройын асқақтатқан Мағжан Жұмабаевтың маржан сөзі ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да. Себебі ұлағатты ұстаздарға күллі адамзат баласы қарыздар. Ешкіммен санаспай, ертеңгі күнге ентелеген бүгінгідей уақытта да ұстаздардың қадірі тұғырдан түсіп, төрден төмендеген жоқ. Себебі мұғалімнің тәлім-тағылымына заман талабы күшейген сайын мұқтаждық арта түсуде. Қоғамға қашанда ауадай қажет болған ұстаздар қауымына қатысты және ойды онға, сананы санға бөлген білім саласындағы мәселелер де күн сайын көбейіп келеді. Осы тұста саналы ғұмырының қырық жылын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздың бірі – Кәмиләш Ахметжановамен аз-кем әңгіме өрбіткен едік. 

– Кәмиләш Құстүтінқызы, саналы ғұмырыңызды ұрпақ тәрбиесіне арнаған аймақтағы білікті ұстазсыз. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп жатқан бақытты әжесіз. Жауапкершілігі жоғары мұғалімдік салаға қалай келдіңіз?
– Адам бір жылын ойласа – дән себеді, өмірін ойласа – ағаш отырғызады, ал болашағын ойласа – ұрпақ тәрбиелейді. Иә, расымен, ақылдың кені болған бабалар сөзі тегін айтылмаса керек. Сол секілді мен ұстаздықты таңдаған уақытта қоғамда бұл мамандықтың беделі зор еді. Сондай-ақ мұғалім мамандығына екінің бірінің қолы жете бермейтін. Отбасымызда ата-анам білім жолында қызмет еткендіктен «Ұстаздың наны ешқашан түгесілмейді, ол – мәңгілік» деп санамызға сіңіріп өсірді. Әкем жер бетінде адам баласы бар болса, сонша ұстаз қажет екенін жиі айтып отыратын. Сондықтан ұстаздыққа бет бұруыма жол сілтеді. Оның үстіне мектепте жүргенде бізге керемет мұғалімдер сабақ берді. Олардан үлгі ала отырып тәрбиелендік. Кеңес дәуірінде ұстаздардың көрсеткен үлгі-өнегесі мен мәдениеті жоғары еді. Осындай жағдайлар менің ұстаздық жолға түсуіме әсер етті. Оқушы кезімде-ақ құрбыларыма сабақ беретінмін. Мұның астарында үлкен арман жататын. Кейіннен он жылдық мектепті бітіргеннен кейін сол арманымды мақсатыма айналдырып, Алматыға жол тарттым.
Біз мектепте білім алып жүргенде орыс тілінің айдарынан жел есіп тұрған заман еді. Орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың деген ұғымның жиі айтылатыны жасырын емес. Сондықтан орыс сыныптарынан қалыспай, бәсекелесіп жүріп білім алдық, өз-өзімізді қайрадық, қамшыладық. Бұл өз кезегінде менің жақсы ұстаз болуыма үлкен септігін тигізді.
Әдеттегідей, жұмыс өтілім қатардағы мұғалімдіктен басталып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Зейнеткерлікке де мұғалімдік жолдан шықтым. Дегенмен ара-тұра кеңестік кезеңде комсомол және партия жұмыстарын да атқардым.
Расында, мен ұстаздықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Осы арқылы өзімнің қоғамға қажет екенімді түйсініп, елеулі еңбек етуге тырыстым. Көп жерде адамдар бір көргенде-ақ «Сіз ұстазсыз ба?» деп жиі сұрап жатады. Соған қарағанда адам өз мамандығы бойынша қалыптасса керек-ті. Түсінгенім, таңдаған мамандығың – ата-анаңнан кейінгі тәрбиелейтін орта екен. Өйткені сен сол мамандықтан үйренсең, ол мамандық сені үйретуден танбайды. Өмірде мамандығың сөзің мен жүріс-тұрысыңды, болмысыңды аңғартып тұрады.
– Сөз арасында «ұстаздың беделі зор еді» дегенді айтып қалдыңыз. Сіздіңше, сол кезең мен қазіргі кезеңнің аражігі қандай?
– Ақиқатында, жер мен көктей. Біздің уақытта орыс тіліне көп басымдық берілетін. Соған қарамастан ана тілімізді басты орынға қоятынбыз. Салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды жадымызда сақтап, жас ұрпақтың санасына сіңіруге тырыстық. Қазіргі таңда осыған шүкіршілік етемін. Ал ол кезеңнің мұғалімдері өте қарапайым әрі жүзінен мейірімі төгіліп тұратын. Балаларды алалау болмайтын. Таңнан қара кешке дейін жан-тәнімен оқушыларына сабағын беріп, құшақ-құшақ дәптер көтеріп жүретін. Тағы бір айта кетерлігі, көшеде алыстан ұстазды көрсек тығылып, бос жүргенімізді көрсетпеуге тырысатынбыз. Бұл мұғалімге деген құрметтің белгісі еді.
Ал қазір ше? «Заманына қарай адамы» дегендей, жаңа технология, инновация, жаңғыру, жаңару заманында ұстаздың рөлі екінші орынға түсіп қалған секілді. Жан-тәнімен сабақ беруден гөрі көбіне интернетте отырып, білім үстірт берілуде. Яғни ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендей. Бұл менің жеке пікірім. Дегенмен барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпын. Олардың арасында да білім жолында аянбай еңбек етіп жүргендері жетерлік.
Жалпы мемлекетті, тілді, ұлтты құрту үшін, ең алдымен, білімді құрту керек екен. Білім құрыған кезде мемлекет те, ұлт та өздігінен жойыла бастайды. Дегенмен бұл менің данышпандық танытып айтқан сөзім емес, өзіміздің зиялы қауым өкілдерінен қалған сөз. Сол себептен білім терең болмайынша, ұрпағымыз дамымайды. Ашығын айтар болсам, байқағаным, қазір білім үстірт беріліп жатыр. Тек қана пайызды дұрыс берсем болды деген желеу мен мақсат қана тұр. Бұл жүйеден гөрі оқушыға төрт пен бес деген бағаны қойып жүргені дұрыс еді. Яғни жаңа технологияның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Инновацияның тек тиімді жағын ғана алуымыз қажет. Сондай-ақ бүгінгінің мұғалімдеріне жаның ашиды. Себебі жаңа бағдарламаның жетегіне ілесу үшін көбіне компьютер алдында уақыт өткізіп, электронды күнделік толтырады. Осындай факторлардан кейін 45 минуттық сабаққа қалай дайындалып, қандай білім береді?! Егер әлгіндей нәрселермен әуре-сарсаңға түсіп, уақыт жоғалтып жатқанда балалармен қайтіп сұхбаттаса алады? Сондықтан бүгінгі күні әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, қоршаған ортада өзін-өзі қалай ұстап жүргеніне мән беріп жатқан ұстаз жоқтың қасы. Білімнің үстірт беріліп жатыр деуімнің де себебі осы.
Тағы бір айта кетерім, бүгінгі білім жүйесінде қазақ тілі мен әдебиетімізге, мемлекеттік тілге ден қою төмендеп бара жатыр. Бұл мәселе жүректі ауыртады. Оқушылардың үш тілде білім алуы көңілге қонымсыз. Балабақшадан жасөспірімнің ана тілінде таза сөйлей алмай жатып үш тілді игеруі – өте күрделі. Үш тілде білім беретін дарынды балаларға арналған мектептерде физика, химия, биология секілді пәндер ағылшын тілінде үйретіліп жатыр. Сабақты қазақ тілінде толық игере алмай жатқан бала ағылшын тілін қалай игереді?! Ұстаз ағылшын тілінде жаңа сабақты түсіндірді, кетті. Ал оны баланың түсінген-түсінбегенінде ешкімнің шаруасы жоқ. Бұл бағытта алдымен үш тілге дарынды балаларды үйретіп алайық. Әрине, балалардың бәрі дарынды, жаман бала жоқ. Бірақ нашар ұстаз болуы мүмкін. Сондықтан ауыр бағдарламалар арқылы олардың физиологиялық, психологиялық кері әсерлерін қолдан жасамауымыз керек.
Иә, біз егемен ел ретінде дамыған отыз елдің қатарына кіруіміз қажет. Бірақ бұл сатылап жүргізілуі тиіс. Өзім мектепте басшылық еткен жылдары мұғалімдерге оқушылардың барлығы бірдей вундеркинд емес екенін айтып отыратынмын. Әсіресе мұны Ұлттық бірыңғай тестілеу келе жатқанда жиі ескертетінмін. Олардың барлығы жоғары балл алуы мақсат емес. Ол мүмкін де емес.
1998 жылға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бағдарламасы бар болатын. Онда 27 нұсқа бар еді. Содан әр мектеп өзіне керектісін таңдап алатын. Сол арқылы бір сынып физика мен математиканы тереңдетіп оқытса, екіншісі қазақ тілі мен әдебиетіне басымдық беретін. Ал қазір бағдарлама жалпылама. Оқыса да сол, оқымаса да сол. Бұл өз кезегінде балаларға қиыншылық тудыруда. Ақпараттың көптігі сол, оқушылардың қабілеті жетпейтін деңгейге алып келіп, оларды ауруға ұшыратып жатырмыз. Олардың ашушаңдығы мен жүйке жүйелеріндегі ауруларды қолдан жасап жатқандаймыз.
Мұндай күрделі оқу бағдарламалары барлық балаға бірдей арналмауы керек. Ол өте дарынды балаларға бағытталғаны жөн. Жоғарыда атап өткен 1998 жылға дейінгі бағдарламаны жалпы білім беретін мектептерге қолдануымыз қажет. Бұл менің талай жыл ұстаздық еткен практик маман ретінде айтып отырғаным. Қазір білім саласына келген әр министр өз реформасын жасайды. Білім саласындағы өзгерістерді түсінбейтін халге жеттік.
Ал оқулықтарға келетін болсақ, бағдарламалар сапырылысып кеткен. Оқулықтарға да баса мән беріп, сараптайтын ғалымдардың мұқияттылығы қажет. Бұл да менің ақылгөйсіп айтқаным емес, халық пен ұстаздардың жанайқайы.
– Бүгінде мектептерге Үкімет тарапынан барынша жағдай жасалынуда. Атап айтқанда, ІТ сыныптар ашылып, кеңжолақты ғаламтор желісіне қосылуда… Дегенмен ұстаздар қауымы ондай мүмкіндікті қаншалықты пайдаланып жатыр?
– Бүгінгі біздің кемшін тұсымыз – министрлік айтса болды алды-артымызға қарамай, кез келген орталықты ашып жібереміз. Бірақ оның материалдық базасына көңіл аудармаймыз. Ең бастысы, өз ісінің маманына мүлде бас ауырта қоймаймыз. Келісесіз бе, дәл қазір білікті маман жетіспейтінін астын сызып тұрып айта аламын. Себебі физиканы қазақ тілінде берген мұғалім 3 айлық курстан соң ағылшынша судыратып сабақ бере алады ма? Мейлі бір жыл оқысын, оның дайын екендігіне күмәнім бар. Олардың барлығы курстық дайындықтан өтуі керек. Сондай-ақ мұндай мамандар үш тілді қатар білуі міндет. Дегенмен олар өте аз. Ойлаңызшы, ағылшын тілін енді ғана меңгеріп келе жатқан 8,9-сынып оқушысы химияны бөтен тілде қалай түсінеді, қайтіп түйсінеді? Мен тәжірибелі мұғалім ретінде бұған түбегейлі қарсымын. Сондықтан балаларға ана тілімізді өз дәрежесінде үйретіп алайық. Қазіргі таңда қазақтілді оқушылар өзара әңгімелескенде орыс тілін де қосып жібереді. Енді оған ағылшын тілі қосылса не болмақ?! Яғни дүбәраланған мәңгүрт бала тәрбиелеп жатырмыз ба?!
Қазіргі таңда бала дарынына қарай ашылып жатқан ІТ мектеп, Назарбаев Зияткерлік мектебі, үш тілде білім беретін мектептер, дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мектептер бүгінгі бағдарламаны игеріп-ақ жатыр. Ал қалған мектеп-гимназиялар сол бағдарлама аясында білім беруде. Бірақ оған ондағы балалардың шамасы жете ме деген сауалдар бойынша сұрыптау жасалса.
Иә, біздің балалар физиологиясы мен психологиясы көтеріп тұрса, жеті тілде сөйлей берсін. Оған қарсы емеспін. Мұндай балалар дарын мектептерінде бар. Себебі олар арнайы тест арқылы өтеді. Ал жалпы білім беретін мектептерге мұның не қажеттілігі бар?! Демек, 12-13 жасқа дейін оқушы өз ана тілінде білім алғаны ләзім.
– Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданайын деп жатыр. Бұдан не күтесіз? Өзіңіз де мұғалім мәртебесі туралы ұсыныс білдірген боларсыз?
– Осы заң арқылы мұғалім мәртебесі көтеріледі деген ойдамын. Оның жұмысы жеңілдеп, қағазбастылықтан арылып, ставкалық сағат саны азаюы шарт. Негізінен, заңнан күтетін көп дүниемнің бірі – айлық жалақының өсетіні. Себебі қазір мектептерде әйел азаматтары өте көп. Соның кесірінен мектепте қыз мінезді жігіт дайындап жатырмыз. Керісінше қоғамда еркекшора қыздардың қатары артып барады. Үйде де, балабақша мен мектепте де баланың көбіне көретіні әйел азаматы. Енді алдағы уақытта заңда мектепте жұмыс істейтін ер-азаматтардың айлық жалақысының пайызын арттырса деген үміт бар. Бұл оларды ынталандыратын еді. Расында, қазір ер мұғалімдер саусақпен санарлық қана ғой. Сондықтан заң аясында ер-азаматтарды мектепке тарту ісі қаралса.
– Жасыратыны жоқ, бүгінде бала тәрбиесіне келгенде ата-аналар барлық жауапкершілікті мұғалімдерге жүктеп қойған. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– Бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесі төмендеп кеткені соншалық, бала тәрбиесін ұстаздарға артып қойғаны рас. Мектептен тыс жерде, сенбі-жексенбі күндері бұзақылық жасап қойса да мұғалімдер жауап береді. Осы мәселелерді жоғарыда атап өткеніміздей арнайы заң шығарылып, ондай жағдайда мектепті емес, бірінші ата-ананы жауапқа тартуды көздеу қажет. Яғни оқушының отбасындағы ата-ананың жауапкершілігін көтеруіміз керек. Олардың жауапкершілігін бір жаққа ысырып, барлығын мектеп пен мұғалімге артып қойып отыра беруге болмайды. Жоқшылық пен ашаршылық, соғыс кезінде де ата-ана балаларын тәрбиелеген. Солардың ішінен небір таланттар мен ақын-жазушылар, профессор-ғалымдар шықты. Мұны тарих баяғыда-ақ дәлелдеп қойған. Ал қазір көптеген ата-аналар ұстазды балағаттап кетіп жатыр. Сол себептен олардың беделін көтеру міндетті түрде күн тәртібінен түспеуі керек. Өз кезегінде мұғалім де «мұғалім» деген мәртебесіне лайық, атына заты сай болуы абзал. Демек, ұстаз мәдениетін қалыптастыру да қажет.
– Сіз кезінде балабақшада директор да болған екенсіз. Шыны керек, соңғы уақытта әлеуметтік желіде балабақша қызметкерлерінің жұмысқа атүсті қарауының нәтижесінде орын алған оқыс оқиғалар көбейіп кетті. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін қандай шаралар қолдану қажет?
– Бұл өте күрделі мәселе. Шағын бизнес ретінде жекеменшік балабақша ашуға рұқсат берілгеннен кейін ондай мекемелер бірінен соң бірі ашылып жатыр. Олардың басым бөлігі жеке тұрғын үй ғимаратынан ашылуда. Дұрыс, бизнеске қолдау білдірмей, экономика дамымайды. Бірақ «Мұндай бизнесті бүгінгі қоғамда жүргізу лайық па?» деген сауал санамызға қайта-қайта оралады. Негізі, ондағы басшының жауапкершілігін арттыру қажет. Айтпағым, осы салада тәжірибесі мол, бірнеше жыл жұмыс жасаған адам басшылық етер болса, олқылықтар орын алмасы анық. Яғни қаржысы бар адам осындай кәсіппен айналысарда педагогикалық білімі бар мамандарға мән беруі тиіс. Жұмысқа алып отырған маманымен келісімшартқа отырғанда нақты атқаратын жұмысы мен жауапкершілігін жетер жеріне жеткізіп түсіндіргені абзал.
Соңғы жылдары болып жатқан оқиғаларға басшылықтың әлсіздігі әсер етуде. Рас, мұндай мәселелер көбеюде. Оның алдын алуда жекеменшік балабақшалардың жұмысын жүйелендіру керек. Сондай-ақ білім басқармалары мен бөлімдері қадағалауды күн тәртібінен түсірмеуі ләзім. Жекеменшік деп көз жұма қараудың соңы неге алып келетінін барлығымыз білеміз.
– Соңғы жылдары қаламыз көркейіп, саябақтарымыз жаңғырып келеді. Алайда саябақтардағы әп-әдемі бүтін дүниені сындырып, бүлдіріп кететіндері қынжылтады. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін не істеуіміз керек?
– Тараз қаласының тұрғыны болғаныма 30 жылдан асыпты. Соңғы екі жылда өзгерген Таразды бұрын-соңды көрмеппін. Қала ерекше көркейді, ұйқыдан оянды, рухы, мәдениеті түбегейлі өзгерді. Мен «Жеңіс» саябағындағы мемориалды тақтадан әкем мен соғыста қаза тапқан бауырымның есімін оқығанда көзіме жас алмай тұра алмадым. Облыс халқына осындай естеліктерді сыйлау ұлтын сүйген азаматтың ғана қолынан келетін игі іс. Осы жақсылықты ұзақ мерзімге сақтап қалу үшін кез келген адамның келеңсіз жағдайдың қасынан үндемей өте шығуы – ақылға қонбайтын нәрсе. Оны талайымыз көріп те жүрміз.
Дегенмен отбасындағы жеткіліксіз тәрбие өзіңіз айтқандай жағдайларға әкеп соқтыруда. Сондықтан үйдегі бала тәрбиесінде қоғамдық ортада жүру мәдениеті туралы үнемі айтылу қажет. Сонымен қатар балабақшада және мектеп қабырғасында жасөспірімдердің санасына сіңіре беру керек-ақ. Ақпарат беттерінде жиі жариялап, түптің түбінде көп болып күреспесек, мұндай оқиғалардың алдын ала алмаймыз.
– Сізді қоғамда тағы нендей мәселелер толғандырады?
– Ондай мәселелер көп қой. Ең әуелі, адам өмірге адам болып келгеннен кейін «адам» деген атқа лайық болып өтуі керек. Артында жақсы сөз қалдыратындай өмір сүру қажет. Ол үшін қариялар баталы, жастар саналы болса жеткілікті. Сондай-ақ қоғамдағы алауыздықтың көбейіп, ауызбіршіліктің жоқтығы тағы ойландырмай қоймайды. Аға буын жақсы сөз айтып жатса, оны тыңдайтын құлақ жоқ. Сондайда болашақты ойлайсың. Кейінгі ұрпағымыз не болады, қайда барады? Тіліміз, діліміз өз деңгейін сақтап тұра ала ма? деген сауалдар ой түбіне жетелейді, толғандырады. Иә, біздер өте жақсы заманда өмір сүріп жатырмыз. Кеңес заманының да жақсы жақтары болды. Бірақ тіліміз бен ділімізді жоғалтып ала жаздадық. Ал егемен ел болғаннан кейін өз шаңырағымыздың астында бейбіт өмір сүріп жатқан уақыттың өзінде салт-дәстүріміз бен тілімізден айырылып қалатын жағдайда отырмыз. Неге десеңіз, ортада алауыздықтар көп. Бұл дегеніміз – күндеушілік, көреалмаушылық. Осы орайда жақсының жақсылығын айтып үйренуіміз керек. Бұдан нұрымыз тасымаса, құтымыз қаша қоймайды.
Сондықтан ұлттық рухымызды сақтап қалу үшін идеологиялық жұмыстарды күшейтуіміз қажет.
– Биыл атойлатып Жастар жылын өткізіп жатырмыз. Алдыңғы толқын ретінде бүгінгінің жастарына көңіліңіз тола ма?
– Жалпы толады. Себебі олардың көпшілігі саналы, тәрбиелі. Олар мемлекеттің жасап берген жағдайының арқасында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алуда. Бірақ бұл тұста қарын аштырар мәселелер де жоқ емес. Нақтырақ айтатын болсам, аталған бағдарлама арқылы шетел асып оқыған кейбір жастардың Отанына келуге құлықсыздығы. Сонда олардың отаншылдығы мен патриоттығы қайда қалды? Сондай жастар келіп, елімізді одан әрі гүлдендірсе деген арманым да жоқ емес.
Дегенмен болашақ иелерінің әлеуметтік желінің әлегіне түсіп, әдеби кітап оқымайтыны толғандырады. Яғни компьютер басты жастардың өсіп келе жатқандығы. Шындығында, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, қария мен жастың бет қарай алмайтын дүниелері көбейіп кеткен. Бұл әсіресе жас қыздардың арасында көп кездеседі. Жартылай жалаңаштанған қыздар мен баласын тастап кетіп жатқан аналар, зорлық-зомбылық ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етпей қоймайды. Әрине, бұған тек қыздар ғана кінәлі емес. Жігіттеріміз де барынша жауапты. Сондықтан ұлымыз бен қызымызға жаман әдеттерден тең тыйылу керек. Қыз бала аспаннан аяғы ауырлап қалып жатқан жоқ, тәрбиесіз ұлдың кесірі ғой. Ұлтымызды сақтап қалатын ұрпақтың тәрбиесін әрдайым назарда ұстауымыз қажет. Түптің түбінде бұл отбасы тәрбиесіне келіп тіреледі. Одан кейін барып қана балабақша мен мектеп тұрады. Қазір мектеп пен мемлекетке жауып қоя салатын болдық. Әлбетте, барлығына қоғам кінәлі. Сол адамгершілік пен имандылығымызды күшейту қажет. Сонда ғана жастар мәдениетті болады. Ал мәдениетті азаматтың қоғамды дұрыс жаққа өзгертетіні ақиқат.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР