Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

0 17

Қордай ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің филиалдары мен инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды.

Ауданда ерекше білім алуға  910 бала кезекте тұрса, оның ішінде 403-і мүгедек. Енді міне осы балалар өздеріне қажетті білім беру, дамыту бағдарламалары бар орталықтардың қызметіне жүгіне алады. Игі істің басында «Samruk-Kazyna» Ұлттық әл-ауқат қоры тұрғанын ерекше атап керек.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің мамандары үшін ерекеше білім беруді қажет ететін балаларға тиімді көмек көрсету мақсатында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен ынтымақтастықта «Дара» қайырымдылық қоры қолданыстағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін жаңартып, жарақтандырып, сондай-ақ ауылдардағы жалпы білім беретін мектептер базасында оның филиалдарын ашты.

Нысандарды ашу салтанатына облыс әкімдігінің білім басқармасының  басшысы Гүлнар Ходжабергенова, «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің меңгерушілері, педагогтар, ата-аналар мен балалар қатысты.

Қордайдағы №4 Б.Бөлтірікова атындағы орта мектептің ғимаратында ашылған алғашқы нысанды таныстырған орталық меңгерушісі Асия Валиева балалардың табысты оңалуы үшін жасалған жағдайды қонақтарға көрсетті. Меймандар орталықтың бөлмелерін аралап шығып, ризашылықтарын білдірді.

Ашылу салтанатында сөз алған білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова барша қатысқан қауымды құттықтап, орталық қызметкерлеріне табыс пен сәттілік тіледі.

Ал «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Сәуле Бексұлтанова осындай мекемелердің ең әуелі халық игілігіне жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Орталықтың ашылу рәсіміне келген ата-аналармен әңгіме барысында Сәуле Дүйсембайқызы балалар дамуындағы ауытқуларды ата-анасы ерте байқаса, емделіп кету мүмкіндігі жоғары екендігін атап өтті.

– Мамандардың уақытылы және білікті көмегі балдырғандардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алады және кез келген баланың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі баланың лайықты және сәтті болашағына жол ашады. Қордай ауылындағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына керекті қолдауды 15 жыл бойы психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті көрсетеді. Бірақ осы уақыт ішінде түзету кабинеті жаңарту көрмеген, материалдық-техникалық жабдықталуы да бүгінгі күннің талаптарына  сәйкес келмейді. Жұмыс істеп тұрған аудандық түзеу кабинетін дамытудың осы жобасы ауылдық жерлерде тұратын ерекше балаларға көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту үшін үлгі бола алады. Өйткені, Қордың стратегиялық мақсаты – түзеу кабинеттері қызметтерінің ерекше бала өсіп келе жатқан отбасы үшін «қадамдық» қолжетімділікте болуы, – деп атап өтті ол өз сөзінде.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті – бұл кез келген ерекше бала және оның отбасы дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, тифлопедагог, ЕДШ нұсқаушысы, музыкалық ырғақ педагогы сияқты мамандар командасының кешенді білікті көмегін ала алатын мекеме. Жыл сайын аталған ППТК дамуында түрлі ауытқулары бар 120-дан астам балаға қызмет көрсетеді, ал қызметтер балалар мен олардың отбасыларына тегін және тұрғылықты жері бойынша көрсетіледі.

Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері басқа да арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейтудің арқасында ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалар өз құрдастарымен бірге жалпы білім беретін мектепте білім ала алады. Осыған байланысты Қор жалпы білім беретін мектеп базасында Инклюзивті білім берудің ресурстық орталықтарын ашу арқылы инклюзивті білім беруді дамыту бойынша жұмыс істейді және мұндай орталық Қордай ауылында №51 жалпы білім беретін мектеп базасында да ашылды. Келген қонақтар кабинет жұмысымен танысып, арнайы дайындалған видеороликтерды тамашалады.

Ресурстық орталық – бұл мектеп кеңістігі және ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар мен қарапайым мұғалімдердің ынтымақтастық аймағы. Ресурстық орталықтың қолдауымен мектепте оқуда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектептерге толық және тиімді енгізу, дамуында ауытқулары бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарға және олардың ата-аналарына ғылыми-әдістемелік қызметтер кешенін көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалады.

Дәл осындай кабинеттер Масаншы және Сортөбе ауылдарында да ашылды. Ресми ашылу барысында облыс орталығынан ат басын бұрып келген қонақтар кабинетерді көріп, қызметкерлермен әңгімелесті. Өз кезегінде мұнда жұмыс істейтін педагогтар жұмысын көрсетіп, оқыту барысында қолданып жүрген әдістерін көрсетті.

Серғазы Манасбаев,

Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.