Жастар.kz

Ерікті болғыңыз келе ме?

Written by Aray2005

Ендеше қатарға қосылыңыз

Барлық әлеуметтік жобаларда қоғам мүддесі үшін ерікті түрде жұмыс істеп жүрген жандар жетерлік. Олар өз міндетіне алған игі істерді шын жүректен, адал пейілімен атқарып жүр. Десе де, көбіне ол туралы ешкімге, еш жерде тіс жармауға тырысады. Себебі, жақсылық жарнаманы қажет етпейді.

Ресми статистика мұқтаж жандарға қол ұшын созатын адамдар жайлы бізге әзірге ашып айта қойған жоқ. Ал шын мәнінде, ондайлар аз емес. Тіпті кейде айналамыздағы жақсы танысымыздың балалар үйінің немесе қарттар үйінің есепшотына ақша аударатынын біле бермейміз.
Коронавирус кеселі бір жағынан мыңдаған қамқор жандарды ортақ мүддеге ұйыстырды. Эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының қанша уақытқа дейін созылатындығын білмейміз, бірақ біз бұл проблеманы күш біріктіргенде ғана шеше алатынымыз айқын.
«Волонтерлік қызметі туралы» Заңда еріктілердің мақсаттары, принциптері мен міндеттері, еріктілер қызметінің негіздері көрсетілген. Волонтерлік – ерікті түрде әлеуметке бағытталған, ақы талап етілмейтін қоғамға пайдасы көп қызмет.
18 жасқа толған волонтерлер еріктілік қызметті жүзеге асыруда оларға жұмыс істеудің қауіпсіз әдіс-тәсілдерін үйретуді және жазатайым оқиғалардан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйлестірушілердің қолдауымен еркін таңдау жасай алады.
2020 жыл – Қазақстандағы еріктілер жылы. Ондағы мақсат – жобалар туралы ақпараттандыру және жұртшылықты еріктілер қозғалысына қосылуға, осы маңызды іске өз үлесін қосуға шақыру. Биыл осы бағыттағы қолға алынып жатқан барлық жұмыстар мен еріктілердің ұмтылысын барынша көрсетуге, елге жеткізуге үлкен мүмкіндік туып тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы еріктілер қозғалысының құрметті елшісі ретінде республикадағы барлық еріктілерді біріктіруді мақсат еткен Birgemiz еріктілерінің елордадағы фронт-офисінің ашылу салтанатына қатысты. Birgemiz миссиясы – қозғалыстың танымалдығын арттырып, еріктілердің жобаларын үйлестіруді және қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Мәселен, «Jas Otan» жобасы барлық өңірлердегі жастарды біріктіре алды. Соңғы екі айда жастар миллиондаған маскалар мен дезинфекциялық құралдарды таратып, қайырымдылық азық-түлік пакеттерін үйді-үйге жеткізіп берді.
SOS ALMATY жобасы да пандемия кезінде алматылықтарға көмек қолын созуда белсенділік танытты.
«Сәби» қайырымдылық қоры БҰҰ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының «Балалар ерекше күтім мен көмекке құқылы» деген қағидаты бойынша жұмыс істейді. 2020 жылы Қордың құрылтайшылары 1 миллион доллар қаржы жұмсады.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қамқор қолдар» ұраны бірде-бір тастанды бала назардан тыс қалмайды деген жанашырлықпен астасып жатыр.
«Дара» қоры балалардың медициналық мекемелеріне, балалар үйлері мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттарына көмек көрсетуге бағытталған жобаларды жүзеге асырады.
Сондай-ақ, Niet қорының негізгі міндеті – қиын жағдайға тап болғандарға азаматтар мен ұйымдардың қайырымдылық қолдауы арқылы атаулы әлеуметтік көмек көрсету.
Ал «Жақия» қайырымдылық қоры әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балалар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің тәрбиесі мен оқуына көңіл бөліп, салауатты өмір салтын қалыптастыру мүмкіндіктерін жақсартуға тырысады.
«Усман және Мәриям» қоры Жамбыл облысындағы жетім балаларға, жалғызбасты қарт адамдарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетеді.
Ерікті қайырымдылық қоғамы 348 балаға 2 миллион доллардан астам қаражат жинады.
Шындығында, әрқайсымыз іштей еріктіміз. Ешқандай заң сізді игі іс жасауға мәжбүрлей алмайды. Көршіңе көмектесіп, жақыныңа жәрдемдесу – бұл біздің халықтың болмыс-бітімінде бар қасиет. Біз қашанда көмекке мұқтаж жандардың жанынан табыла білеміз. Тек айналаңа бір сәт көз жіберіп, тығырыққа тірелген, өмірдің қиын жадайында қалған жандарды көре біліп, көмек қолын созу ғана керек. Бүгін сен көмектессең, ертең – саған.
Еліміздегі еріктілер қозғалысы жоғары деңгейде мойындалған. Президент атап өткендей, еріктілік – бұл қазақстандықтардың мемлекет пен тұтастай қоғамды дамытудағы патриотизмінің көрсеткіші. Жақында еріктілерге арналған «Qazvolunteer.kz» бірыңғай ақпараттық алаңы іске қосылды.
Ерікті болғыңыз келе ме? Қазір-ақ қосылыңыз. Жобаға 25 мыңнан астам ерікті қатысуда.

Бақтияр Алдашов,
облыстық мәслихаттың депутаты

ПІКІР