Жастар.kz

Еріктілер жылындағы елеулі істер

Written by Aray2005

Жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету мақсатында Елбасы Жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы, ал Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл – Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл орайда еліміздің, соның ішінде облысымыздың барлық өңірінде іргелі бағдарламалар, бірегей жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда былтыр елімізде «Жастар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары білім алушыларының құзіреттілігін арттыру және көшбасшылық қасиеттерін ұштау, жан-жақты кемелденіп өркендеуіне бағытталған «Қазақстан Республикасы колледжерінің ТОП-100 студенті» жобасы ұйымдастырылды. Осы айтулы сынақта Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің 4-курс студенті Наргиза Мамедалиева, №9 Меркі колледжінің 2-курс студенті Меруерт Нәметқұл және Тараз сервис және технология колледжінің 3-курс студенті Ерасыл Берді өздерінің озық білімдерімен, ерекше таланттарымен мыңның ішінен суырылып шығып, үздіктердің қатарынан көрінді. Мұндай жетістіктер жамбылдық жастардың болашаққа нық сеніммен, ерекше ынтамен қарауына мүмкіндік туғызатыны, жаңа жетістіктерге ынталандыратыны анық.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 20 мыңнан аса жас болса, оның 2 мыңнан астамы колледж студенттері. Жалпы өткен жылы облыста білімді жастарды қолдауға арналған бірқатар жоба қолға алынып, бүгінде оларды жүзеге асыру жұмыстары басталып та кетті. Солардың бірі — заманға сай білікті мамандар даярлау мақсатында қолға алынған «Жас маман» жобасы. Облыстағы 11 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесі жобаны еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 жаңа кәсіп даярлауды көздейтін «100/200» қағидаты бойынша іске асырады. Яғни өңірдегі 11 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи жабдықтармен жаңартылатын болады. Бұл еліміздің құрылыс, энергетика, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы саласының дамуына жол ашпақ. Ерекше атап өтетін жайт, аймақтағы 11 жаңғыртылған оқу орнында ең қажет индустриялды-сервистік 14 мамандық бойынша мамандар даярланбақ.
Бүгінде әлемдік экономикадағы өндірістің барлығы цифрлық технологияға көшуде. Жамбылдық жастардың да осы көшке ілесіп, технологияға қарай жаппай бетбұрыс жасап жатқаны қуантады. Бұл қарқынды процеске жамбылдық жастар да білек сыбана кірісіп кетті.
Облыс колледждерінде Волонтер жылы аясында да көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда колледждердегі 26 ұйымда 3055 ерікті бар. Олар түрлі мәдени-рухани қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастырып тұрады.
Мысалы жыл басынан бері медициналық колледждің еріктілері #бізбіргеміз эстафетасы аясында «Жүректен – жүрекке» ұранымен қала тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетсе, Жамбыл Индустриалды-технологиялық колледжінің еріктілері қала тұрғындарына тегін техникалық-тұрмыстық көмектерін көрсетуде. Ал Байзақ ауданындағы №3 колледж волонтерлары «Байзақ баба» мешітінің ауласы мен ішіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, қарт тұрғындардың үйлеріне барып, тұрмыстық-техникалық көмек көрсетті.
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері «Сөзден іске» жобасы бойынша Волонтер жылының «Асыл мұра» бағыты бойынша Тараз қаласындағы «Mart» сауда-орталығында «Алғысым шексіз» атты акция өткізді. Студенттердің флешмобымен басталған акция барысында еріктілер Қазақстанда тұратын этностардың ұлттық билері мен әндерін орындады. Көрермендер арасында өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрінен викториналар ұйымдастырды. Бұл күні сауда орталығына келушілер еріктілердің өз қолдарымен пісірген бауырсақтан дәм татып, қазақтың ұлттық дәмінен ауыз тиді.
Мұндай игі шаралар жастардың бойында мейірімділік, адамгершілік сезімдерін қалыптастырып ғана қоймай, өз мамандықтарына деген қызығушылықтарын да арттырары сөзсіз.

Талғат Жамалов,
облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары

ПІКІР