Жастар.kz

Еріктілер жылындағы ерекше акция

Written by Aray2005

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен Еріктілер жылына орай ерекше акция өтті. Белсенді жастар Тараз қаласындағы жаяу жүргіншілер жолағына «Балаңыздың қолынан ұстаңыз!» және «Құлаққаптарды шешіңіз!» деген ескертпе жазбалар жазды.

Жобалық офистің жетекшісі Зарина Қуатованың айтуынша, бұл шараның мақсаты – қала тұрғындарының жолдан өтер кезде сақ болуға шақыру.
– Қалада жол көлік оқиғалары көп жағдайда осы жаяу жүргіншілер жолағында орын алып жататыны белгілі. Сондықтан біз Еріктілер жылының «Саулық» бағыты бойынша осындай бастаманы қолға алдық. Бұл ескертпе жазба шаһар тұрғындарының жолдан өтудегі қауіпсіздігін сақтауға өзіндік үлесін қосады деп сенеміз, – дейді З.Қуатова.
Жалынды жастар мұндай ескертпе жазбаларды қаладағы 24 жаяу жүргіншілер жолағына жазуды жоспарлауда. Және мұндай игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

С.Жапарұлы

ПІКІР