Еріктілердің ел сүйсінетін тірлігі көп

0 0

Волонтерлердің қоғамдағы алар орнын бағамдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Волонтер жылы деп жариялаған болатын. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілерге еншілеп берген жылдың жартысынан асып барамыз. Байқағанымыз, қоғамға қандайда пайдамды тигіземін деген жастардың қатары жыл санап артып келеді. Бұлардың қатарында жамбылдық жастар да бар. Қазіргі таңда олар облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының түзіп берген түрлі жобалары аясында тірліктерін тіктеп, талмай еңбектеніп жүр.

Өңірде волонтерлік қызметпен құрамында 6 784 волонтері бар 13 ұйым, кәсіптік білім беру ұйымдарының жанынан 36 волонтерлік топ құрылған. Әлбетте олардың жұмысын тиімді ұйымдастыру үшін жүйе керек екендігі белгілі. Осы орайда еліміз бойынша құрылған волонтерлердің республикалық штабының аясында еріктілерге қолайлы ортаны дамыту мақсатында «Әулиеата жастары» волонтерлік штабы да жұмыс істейді. Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Абдуалиеваның айтуынша, төтенше жағдай кезінде «Әулиеата жастары» волонтерлік штабында өз еркімен 717 ерікті қызмет атқарған. Олардың көмегімен 9 352 адамға азық-түлік қораптары үлестірілсе, 2023 адамға дәрі-дәрмек жеткізіліп беріліпті. Сондай-ақ тұрғындарға 100 000-нан аса бетперде тегін таратылған. Сол секілді 1743 жалғызілікті қарияның тұрғын үйлеріндегі шаруашылықтарына көмек көрсетілсе, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалымен бірлесіп, 65 жастан асқан тұрғындардың зейнетақысын үйге жеткізіп беру қызметін ұйымдастырып, барлығы 2 мыңнан астам адамға зейнетақы мен жәрдемақыға қол жеткізген.
Бүгінде аймақта волонтерлік қызмет үшін қолайлы ортаны дамыту және волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін «Asyl mura» фронт-офисі ашылып, жастар игілігі үшін қызмет көрсетеді.
– «Asyl mura» фронт-офисінің жұмысын таныстыру мақсатында 2 рет онлайн тікелей эфир және 2 рет волонтерлермен кездесу өтті. Қазіргі таңда түрлі тақырыптарда онлайн форматта іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. «Birgemiz: Asyl mura» жалпыұлттық жобасы аясында археологиялық қазба жұмыстарына волонтерлердің қатысуымен Жуалы ауданы, Бақалы ауылының маңында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Asyl mura» жалпыұлттық жобасы аясында жарияланған республикалық шағын гранттарды облыстық 3 волонтерлік ұйым жеңіп алды. Сонымен қатар «Birgemiz: Sabaqtastyq» жалпыұлттық жобасы аясында республикалық шағын гранттарға облыстан 6 ұйым қатысып, оның 2-уі жеңімпаз атанды. «Birgemiz: Taza alem» жалпыұлттық жобасы аясында 6 жас шағын грантқа ие болды, – дейді А.Абдуалиева.
Айта кетерлігі осы Волонтер жылы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен өңірде 7,3 миллион теңгеге 21 волонтер жасқа 300 мың теңгеден грант бөлу қарастырылып жатыр екен. Бұл қоғамға пайдамды тигізсем деп жүрген еріктілердің әлеуметтік жағдайын көтеруге сеп болмақ. Себебі еріктілер қоғамдағы кез келген істің басында жүрсе де еңбектеріне ешқашан қаржы талап етпейтіні белгілі. Дегенмен сананы тұрмыс билеген осынау заманда олардың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету де өте құптарлық іс.

Сондай-ақ облыс тұрғындары арасында онлайн волонтерлікті дамыту мақсатында «SMART волонтер» интернет платформасы әзірленіп жатқанын да тілге тиек ете кеткен жөн. Өйткені жұқпалы дерт дендеп тұрған осынау шақта мұндай бастамалар қажет-ақ.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.