Еріктілердің еңбегі ерлікпен тең

0 2

– Халқымыз «Кемедегінің жаны бір» деп айтқандай, елімізге аты жаман індет келгелі бері ұлтымыздың рухани болмысына тән қарапайымдылығы мен мейірімділігі қайта көрініс берді. Нарық заманы адам мен адамның, ағайын мен туыстың, жекжаттардың арасын алыстатқаны жасырын емес. Осындай ел басына күн туған сын сағатта барлығымыз бір екенімізді өмір дәлелдеп берді. Халқымыздың бір-бірлеріне деген қамқорлығы артты.
Осы ретте мен еліміздің ертеңі, халықтың, мемлекетіміздің сенімін арқалап өсіп-өніп келе жатқан жастарға дән риза болдым.
«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиынға салған шақ», деп хакім Абай айтып кеткендей, нан мен суға емес, адамзатты ауаға мұқтаж, оттегіге зар етіп қойған коронавирус індеті кезінде қиындыққа мойымай, біз секілді қарияларға да қамқорлығын аянбай, бір үйдің баласындай топтасып, белсенділік танытқан жастардың әрекеті, расында, ерлікпен пара-пар игі іс. Тіпті егде жастағы зейнеткерлер өз бетінше үйден шыға алмаған кездерде зейнетақыларын үйді-үйге алып барып, жылы-жұмсақтарын, азық-түліктерін де жеткізіп берді.
Сол арада дәрігерлерге де көмектесіп, ыстық тамақтарын тасып, індетке душар болған науқастарға оттегі баллондарын жеткізумен айналысты. Осындай қайырымды жастарымыз барда еліміздің болашағы қашанда жарқын болатынына шын жүректен сенемін. Ең таңданарлығы, оларды ешкім күштеп бағыттап отырған жоқ немесе тапсырмамен жүрмегені белгілі. Барлығы өз еріктерімен осындай игі іске ұмтылған ерікті жастарға еріксіз разы боласың.
Өзім секілді көптеген замандастарымның батасын алып жүрген осындай ерікті жастарымызға шын жүректен алғыс айтып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, талпыныстарына толағай табыс тілеймін. Ұлтына адал қызмет еткен, ел үшін туған азамат ретінде азат еліміздің тарихында аттары алтын әріптермен жазылсын!

Кәрібай ҚҰРМАШЕВ, зейнеткер
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.