Қоғам

Еріктілердің еңбек өтілі неге есепке алынбайды?

Ерікті атану еріккеннің ермегі емес. Өйткені, ешқандай ақысыз, үлкенді-кішілі шараларды ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасынан табылатын жастардың осы санатына жоғары талап қойылады. Бос уақытын қоғамдық жұмысқа арнаудан бөлек, волонтерлік қызметте шет тілін меңгеру, адамдармен сыпайы, мәдениетті қарым-қатынасқа түсе алуға баса назар аударылады. Ал, 2016 жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып «Волонтерлік қызмет туралы» Заңды қабылдады. Дәл осы заң шеңберінде еріктілер қозғалысының өкілдері волонтерлік жұмыс кітапшасын жүргізу туралы мәселені көтеріп жүр. Сәйкесінше облыстағы ерікті жастарды да волонтерлік жұмыс кітапшасын қолданысқа енгізу туралы бастаманы қос қолдап қолдауға әзір.

Әрине, еріктілер қозғалысының әу бастағы мақсаты ешқандай ақысыз, өз еркіңмен қоғамдық жұмыстың бел ортасынан табылу екендігі белгілі. Десе де, осы ұйымдарға жастарды тартуда әртүрлі мотивациялық әдістер қолдану қажет-ақ. Мәселен, көршілес Ресей Федерациясында ағымдағы жылды волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялап, еріктілерді қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде. Аталған мемлекетте әр ерікті волонтерлік жұмыс кітапшасымен қамтамасыз етілген. Бұл кітапшада ерікті қызмет көрсеткен шаралар тізіледі. Тіпті, Ресейдегі 110-нан астам жоғары оқу орны дәл осындай құжаты бар талапкерлерге оқуға түсуде жеңілдіктер қарастырған. Волонтерлік қозғалыстың әлемдік тәжірибесінде бар бұл үрдісті әзірге еліміздегі халықаралық еріктілер ұйымдарының өкілдіктері ғана кәдеге жаратуда.
– Қазіргі таңда біздің облыста 10 еріктілер қозғалысы бар. Өкінішке қарай, олардың көбінің жұмысы көрінбей жатыр. Кейбірінің ашылуынан жабылуы тез болатын жағдайлар да кезігеді. Себебі, әрбір оқу орны, әрбір жастар ұйымы волонтерлік қозғалыс ұғымын өзінше түсініп, оның жұмысын қалауларынша жүргізіп жататыны жасырын емес. Дәл осы кемшілікті жою мақсатында екі жыл бұрын облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Біз біргеміз» волонтерлік қозғалысын ұйымдастырдық. Ұйым ашылған күннен ерікті ретінде қызметке тартылған 10 жасқа волонтерлік жұмыс кітапшасы жүргізілді. Бұл жастардың жұмыс кітапшасында қазір Алматыдағы қысқы Универсиада ойындары мен Астанадағы «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне жұмылдырылғаны тайға таңба басқандай етіп көрсетілді.
Жалпы, бұл қызметтің еріктілерге берері мол. Қазір жоғары және арнаулы оқу орындарында мыңдаған студент түрлі жастар ұйымдарының бел ортасында жүр. Алайда, оқу орнын тәмамдаған соң ол жастар қоғамдық жұмыстарға қатысқандығын дәлелдей алмайды. Себебі, оларға арнайы жұмыс кітапшасы жүргізілмеген. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының келер жылға жоспарын нақтылау кезінде волонтерлар мектебінің жұмысын үйлестіру туралы ұсыныстарымды айттым. Бұл орайда, облыстағы ерікті жастарға арнайы жұмыс кітапшасын әзірлеп, қолданысқа енгізуге басымдық беріледі, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек.
Өңірдегі 10 волонтерлік қозғалыстың бірі- «Біз біргеміз» ұйымының үйлестірушісі Нұрсая Алниязова да еріктілердің жұмыс тәжірибесін есепке алатын құжаттың қажет екендігін алға тартады.
– Біздің қозғалыс мүшелері Алматы қаласындағы қысқы Универсиада ойындарында, Астанадағы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесінде қызмет етті. Сондағы халықаралық волонтерлік қозғалыс мүшелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргіздік. Оларда еріктінің қызмет жасаған шаралары жұмыс кітапшасына енгізіледі. Соның арқасында еріктілер өзі қалаған жұмысқа түйіндеме беруде дәл осы құжатын қоса ұсына алады.
Біздің қозғалысқа қазіргі таңда ТИГУ мен М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың 80 студенті мүшелікке өтті. Алдағы уақытта оларды ауқымды жобаларға тартуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, келер жылы «English For» жобасы арқылы ауыл жастарына жазғы демалыста ағылшын тілінің бастапқы деңгейін үйретуге күш салмақшымыз. Сәйкесінше, осы жобаға қатысқан жастарға арнайы жұмыс кітапшасы жүргізілмек. Бұл олардың өзі таңдаған мамандықпен жұмысқа орналасуына көмегін тигізеріне күмәнім жоқ, –дейді Нұрсая Алниязова.
Облыстағы волонтерлік қозғалыстың басы-қасында жүргендер еріктілерге арналған жұмыс кітапшасын жүргізудің өзіндік тәртібін енгізуге болатындығын айтады. Ең бастысы әр еріктінің қолында волонтердың жұмыс кітапшасы болса жеткілікті.
– Кітапшаға өздері ұйымдастырған шараға еріктілердің қатысқандығын әр басқарма мен мекеме растап отырады. Мәселен, біздегі волонтерлік қозғалыс өкілдері негізінен спорттық шараларды ұйымдастырумен айналысуда. Демек, волонтердың жұмыс кітапшасындағы жазба дәл осы басқарма басшысының қолымен және мөрімен расталады. Сол секілді, халықаралық деңгейде іс-шара өткізуге ниетті әрбір басқармалар мен мекемелер еріктілердің қызметін пайдаланып, оның жұмыс кітапшасына жазба қалдырады. Бізге келер жылдан бастап волонтерлік жұмыс кітапшасын енгізу қажеттігі туындайды. Өйткені, 2019 жылы біздің облысқа 2 шетелдік ерікті келіп, бізге волонтерлік қозғалыстың әлемдік тәжірибесін таныстырмақ, – дейді Уәлихан Болатбек.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР