Еріктілердің ерен еңбегі

0 0

COVID-2019 қауіпті вирусы пандемиялық сипат алмай тұрған кезде-ақ елімізде маска тапшылығы сезілген-ді. Барының бағасы шарықтап шыға келді. Уақыт өте дәріханаларға апталап бетперде түспей қалды. Алайда, халық шулаған соң, облыс әкімдігінің араласуымен әрі қатаң тапсырмасымен бүгінде облыстағы ірі дәріханаларда маска сатыла бастады. Бірақ әр адамға бесеуден ғана тиюде. Соған қарамастан, бұнымен бетперде тапшылығы толық шешіле қоймады.

Десек те қиын жағдайды көре тұра оған бей-жай қарай алмайтын қайырымды жандар қашанда қоғамда бар екенін кезекті рет көз жеткіздік. Өткен аптадан бері өңірде маска тігіп ерікті түрде тегін тарату үрдісі басталды. Алғаш болып бұл сауапты істі қолға алғандар – кәсіпкерлер.
Атап айтсақ, тараздық Алима Садықова бастаған «Асыл-Ай» тігін фабрикасының ұжымы бірнеше күн бойы аяқтарынан тік тұрып, жамбылдық жағдайы төмен көпбалалы аналар мен мүгедек балалары бар отбасыларға мыңдаған тегін медициналық маскалар тігіп, таратты.
– Әрине, қалтамыз көтеріп жатса барлық тұрғынға көмек қолын созғымыз-ақ келеді. Шамамызға қарай бір үйде төрт, тіпті 7-8 баласы бар отбасыларға, мұқтаж жандарға таратайық деп шештік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, облысымыздағы өзге де тігін шеберханасы иелерін игі істі жалғастыруға шақырамын, – дейді кәсіпкер А.Садықова.
Сондай-ақ, қайырымды жандардың бірі Алтынай Бекенова өзінің «Алтын-ай» тігін ательесінде мерекелік демалыстарға қарамастан бетперде тігіп, денсаулығына алаңдаған жандардың сұранысын қанағаттандыруда. Қажетті барлық маталар мен өзге де материалдарды Тараз қалалық әкімдігі жеткізіп беруде.
Бүгінде «алтын-айлықтар» 4 мыңнан астам бетпердені тігіп, көпбалалы аналардың құқығын қорғап жүрген «Ақ жүніс» қоғамдық қозғалысына тапсырыпты.
Сондай-ақ, Тараз мемлекеттік педагоги­ка­лық университетінде де еліміздегі коро­на­ви­рус­тық инфекцияның шығуына байла­ныс­ты қайырым­дылық көмек және қала тұрғын­дарына қолдау көрсету акциясы ұйым­дас­тырылды. Яғни ТарМПУ оқу шеберлері қолда бар мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана отырып, арнайы медициналық маскаларды тегін тіге бастады. Бетперделердің бір бөлігі университет қызметкерлеріне таратылса, одан әрі қала тұрғындарын, әсіресе қарт адамдарды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Мұндай сауабы мол істе сарысулықтар да белсенділік танытты. Бетперде тапшылығын жою мақсатында Сарысу ауданы әкімдігі кейбір цехтарды шикізатпен қамтамасыз етіп, арнайы тапсырыс беруде. Бастапқы күндері тігілген екі мыңнан аса бетпердені еріктілер халыққа қызмет ететін, халық көп баратын халыққа қызмет көрсету орталығы, банк, жұмыспен қамту орталығы, пошта секілді мекеме кәсіпорының жұмысшы қызметкерлеріне таратты.
Мұндай бастамаға шудағы жастар да үлес қосуда. Былтырғы «Zhas Project» жобасының жеңімпаздары маска тіктіріп, еріктілердің көмегімен аудандағы жалғызбасты қарттардың үйлеріне таратыпты. Бұл шара әлі де жалғасып жатыр.
Таразда да волонтерлер қоғамдық жұмыста жүрген азаматтарға қолдан маска тігіп, тегін таратты. Қаланың тазалығына жауапты аула сыпырушылары көпреттік медициналық маскалармен қамтылды. Осылайша тараздық белсенді жастар да коронавируспен күресуге өз үлестерін қосып келеді. 200 дана бетпердені тігуге 12 метр шыт мата мен 10 метр созылмалы бау кеткен екен.
Жалпы тегін бетперде тігіп жатқан азаматтар мұнымен тоқтап қалмайтынын айтуда. Тек материал жағынан қиналып қалған сәтте өзге азаматтар да жәрдемдессе деген тілектері бар. Ал осы бастаманың басы-қасында жүрген жас еріктілердің еңбегін ерекше атап өткен жөн-ақ. Бетперде тігуден бөлек, олар азық-түлік жеткізу, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жаднамалар таратуда да тыным тауып жатқан жоқ.

Жасұлан Сейілханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.