Қоғам

Еркек декретінің «секреті» неде?

Mid adult man holding his baby
Written by Aray2005

Еліміз бойынша 50 мың ер азамат бала күтімімен үйде отыр

Бүгінгі таңда еркектердің декретке шығуы жиілеп барады. «Ай мен күннің аманында, отбасының тірегі саналатын азаматтардың мұндай қадамға баруына не себеп?» дейтін боларсыздар. Бұл сауал бізді де ойға қалдырып, еркек декретінің «секретін» анықтауға тырысып көрдік.

Жалпы ресми мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша қазіргі таңда 50 мыңға жуық еркек декретте отыр екен. Осылайша «Әйелімнің орнына бала бағамын» деп шешкен ер азаматтар небәрі 5 жылдың ішінде 10 есеге артқан. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрсұлу Кемелдің айтуынша, соңғы 5 жылда 1 миллион 86 мың адам мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір жылға дейін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алған екен. Оның ішінде 50 мыңға жуығы – ер азаматтар. Яғни, үлестік түрде 4,5 пайызын құрап отыр.

Еңбек кодексінің 99 бабында «Бала күтіміне байланысты еңбек демалысын нәрестенің анасы, әкесі немесе заңды түрде асырап алған адам ала алады» деп анық жазылған. Әрине, анасының денсаулығы сыр берген жағдайда еркек декретке шықса түсінікті. Алайда, мұның астарында бір гәп жатқандай. Олай дейтініміз, небәрі бес жылдың ішінде декретке шыққан еркектер санының 10 есеге көбеюіне «Сананы тұрмыс билейді» деген тәмсіл түрткі болған сияқты.

Байзақ ауданының тұрғыны Нұрдос есімді (тегін көрсетпеуді өтінді) кейіпкеріміз осы сөзімізді растай түсті.
– Жасырып қайтейін, әйелім жұмыссыз болғаннан кейін декретті өз атыма жаздырдым. Қазір ай сайын 32 мың теңге көлемінде жөргекпұл алып отырмыз. Егер құжаттарды менің атыма рәсімдемегенде, ең төменгі төлем 17 мың теңге төленер еді. Ол қаржы қай жыртығымызды жамайды? Сондықтан сәл де болса, көптеу ақшаға ұмтылып, осы қадамға бардық. Бірақ, жұмыстан еңбек демалысын алған жоқпын. Бала күтімімен үйде әйелім отыр. Бұлай істеу заң шеңберінде рұқсат етілгендіктен, еш кедергісіз қызметімді жалғастырудамын.

Бұл екінші баламның күтіміне рәсімделген демалыс. Әйелім алғаш босанғанда еркектің де декретке шыға алатынын білгенімде, міндетті түрде құжаттарды өз атыма жаздыратын едім, – дейді Нұрдос.
Иә, кейіпкеріміз осылайша бар шындықты бүкпесіз айтып отыр. Алайда, бұл заңды ма? Осы сауалға жауап іздеп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының есігін қақтық.

–Бала күтіміне байланысты әйел де, еркек те декретке шығуға құқылы. Және декретке шыққан тұлғаның баланы қарайтын адамы болса, қайта қызметке шығуына да ешкім шектеу қоя алмайды. Бірінші, екінші және үшінші балаға біржолғы жөргекпұл 31,41 АЕК көлемінде, яғни 91 390 теңге төленетін болса, төртінші, бесінші балаларға 52,35 АЕК, 151 515 теңге беріледі. Бұл Үкіметтен қаралған қаржы. Енді, бала бір жасқа толғанға дейін берілетін төлемге келсек, ол әкесіне, не шешесіне берілсе де, оған тыйым жоқ. Және егер ер азамат әйелінің орнына декретке шығып, одан кейін қайта қызметке оралса да, оны тексеруге біз құқылы емеспіз. Біздің жұмыс түскен өтінішті қарап, бақылау ғана, – дейді акционерлік қоғамның облыстық филиалының мамандары.

Жауапты мамандардан осындай жауап естігеннен кейін ойға қалдық. Сонда айлық жалақысы жоғары отағасы әйелінің орнына декретке шығып, одан кейін жұмысқа қайта шықса да, бұған ешқандай шектеу болмағаны ма?

Жоғарыда аталған кейіпкеріміз Нұрдостың айтуын­ша, ол декретке құжаттарды рәсімдегеннен кейін қайта жұмысқа оралғанында айлық жалақысынан бір тиын да қысқармаған екен. Демек, акционерлік қоғамның мамандары берген мәлімет дәйекті деген сөз.

Осы орайда, еркектің декретіне қатысты аға буынның пікірін білген едік. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхановтың айтуынша, бұл ер азаматтардың абыройына сын екен.
– О заманда, бұ заман еркектің әйелдің тірлігіне араласқанын қайдан көрдіңіздер? Еркектің тірлігі әрқашан түзде болған. Ал, қазан-ошақ, бала-шағаның ортасында жүрген еркектің оңғаны жоқ. Бүгінгі жағдай батыстың салқыны екені даусыз. Еуропаланған ұрпақ өзгенің қаңсығын, таңсық көріп жатыр. Алайда, бұл біздің қазақы сана мен таным-түсінігімізге жат нәрсе. Ананың тәрбиесі нәресте үшін таптырмас қазына. Ал, үйде отырған әке ондай тәрбие бере ала ма? Рас, қазір баланы бесікке бөлеу қалып барады. Заманауи дүниелерді пайданалып, бала күтімін жасай беруге болады. Бірақ, ата-бабаларымыз 5 жасқа дейін баланы ана бағу керек, одан әрі әке тәрбиесін көргені абзал деген. Осыны түйсіне білетіндердің азайғаны өкінішті.

Рас, қазір кейбір еркектер үйде жұмыссыз қол қусырып қарап отырғандықтан, табыс тапқан әйелге қарсы келе алмайтын шығар. Бірақ, қаржылай мұқтаждық болсын, не өзге де себеп болсын, еркек әрдайым еркек болып қалуы қажет, – дейді А.Сейілханов.

Ардагер ұстаз Тұрсын Есіркепованың да ойы осы пікірге тоғысады. Оның айтуынша, бұның бәріне орта буын кінәлі екен.
– Ертеде ата-бабаларымыз 3-4 әйелге дейін алып, бәрімен бірдей тату-тәтті ғұмыр кешті ғой. Өйткені, ол кезде ер азаматтың беделі биік болды. Ал, қазір еркектердің декретке шығып жатқанын көріп, ұяттан бетім қызарады. Неге біз ұсақталып кеттік? Ер азаматтың абыройын қалай ғана төмендетіп алдық?

Бұған біреулер заманды кінәлап жатыр. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, заманды өзгертетін адам ғой. Егер орта буын азаматтар әйелінің орнына декретке шығып жатса, оған еліктеген кейінгі буын қандай тәрбие алсын? Міне, бар мәселе осында, – дейді кейуана.

Иә, заманына қарай адамы дейміз. Десе де, шын мәнінде еркектің декретке шығуы санаға сыймайды. Өйткені, атауының өзі құлаққа түрпідей тиеді.
Десе де, шет мемлекеттерде әкенің декретке шығуы қалыпты көрініс. Мәселен, Ұлыбритания, Қытай, Бельгия, Финляндия, Австрия, Франция елдерінде қамқор әкелер ақылы демалыс ала алады. Ал, Швецияда баланың әкесіне кемінде бір айға дейін декреттік демалыс алу міндеттелген. Финляндияда әкелердің 66 пайызы бала күтімімен үйде отырады екен. Испанияда еркектердің жалақысы сақтала отырып, он апта көлемінде бала бағуға демалыс беріледі.

Бұл, әрине, батыстағы бұқараның болмысы. Ал, біз осы жолмен жүруіміз керек пе? Бұған тап басып жауап беру қиын. Өйткені «сананы тұрмыс билеген» бүгінгі заманда біреуге ақыл айту да жөнсіз сияқты.
Сіз қалай ойлайсыз, зерделі оқырман?

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР