Ерлігі еленбеген батырдың тағдыры

0 7

Өмір иірімдері сан алуан. Тағдырдың қай кезеңде бізді қайда лақтырып, өміріміздің қалай өзгерерін біз білмейміз. Бірақ уақыт өте келе оны саралап, қорытынды жасайтын кездеріміз болады. Әсіресе архив саласында адамдардың сан алуан тағдырлары туралы деректері жиі ұшырасып жатады. Тіпті бүгін бұрмаланған біраз ақиқатты да кездестіретін кез болады.

Бүгінгі әңгіме – Екінші дүниежүзілік соғыстан қайтпаған боздақ турасында. Шын мәнінде сол соғыстың тәмам болғанына 75 жыл өтсе де, әлі жазылмаған тұсы көп екенін аңғарамыз. Жыл сайын соғыс көрген солдаттар қатары сирегенімен, соғыстан оралмаған жақындарын жоқтаушылар әлі де бар. Менің әкем де солардың қатарында.
Аллаға шүкір, қазіргі XXI ғасыр – дамыған технологиялар заманы. Соның арқасында сонау Мәскеуге бармай-ақ атасының жерленген жерін анықтап, тіпті картадан көріп, дайын маршрут сызып қиналмай барып қайтуға болады. Дегенмен Мәскеудегі әскери архив базасы әлі де толық электронды-сандық түрге көшірілген жоқ. Жоспарлы түрде мүмкіндіктеріне қарай деректерін «Память народа» сайтына жүктеуде. Ғаламтор арқылы жыл сайын аталарының жерленген жерін анықтап, сүйінші сұраған азаматтардың хабарлары жарияланып жатады. Біз де өз кезегімізді күтіп жүрген жайымыз бар. Ал біз сияқты атасы туралы дерек күткен адам қаншама?! Солардың тілегі қабыл болды ма? 2018 жылы Жамбыл жерінде үлкен игі іс атқарылып, «Ерлік» мемориалдық кешені бой көтерді. Онда 106 мың жамбылдық жауынгердің есімі тақтаға жазылып, тіпті сұрауы жоқтардың да әруағы разы болды деген үміттеміз. Сол кезеңде тізімді дайындаушылардың қатарында жүріп, көп азаматтардың тағдырына үңіліп, таңырқаған да, жабырқаған да сәттер болды. Біреулерге жоғарыда аталған сайт бойынша майдангердің жерленген жерін тауып беріп, ұрпақтарының шексіз қуанышына куә болдық.
Сондай деректердің біріне 2019 жылы тағы да кез болдым. «Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қоғам қайраткері Б.Әбдіғалиұлының ізденісімен Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ түрлі себептермен осы марапатқа ие болмаған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 133 қазақстандық майдангердің есімі анықталды. Оның қатарында жамбылдық 8 майдангердің есімі бар. Солардың бірі – Ташан Рамазанов. Ол 1944 жылдың 27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Румыния жеріндегі, Орадя-Маре қаласында болған шайқастағы ерен ерлігі мен қайтпас қайсарлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда түрлі себептерге байланысты майдангерге ол марапаттың орнына «Қызыл Ту» Ордені беріліпті. Марапатқа ұсыну қағазында майдангердің ерлігі келесідей сипатталған: «Во время ожесточенных боев полка в районе города Орадеа-Маре с 27 сентября по 3-е октября, когда противник превосходуюми силами пехоты и многочисленных танков пытался окружить и уничтожить полк, командир батареи 45 (***) пушек старший лейтенант Рамазанов оставшись со своими пушками без должной поддержки пехоты умелым и искусным огнем бесстрашно отбил 12 атак танковых групп противника, численность которых в отдельных случаях доходило до 15 штук. Во время отбития атак батареей товарища Рамазанова подбито и сожжено 8 танков противника, будучи ранен старший лейтенант Рамазанов не оставил поле боя до отражения атаки противника.
За исключительное упорство и бесстрашие в бою, в следствии чего противник понеся большие потери в технике не сумел осуществить плана разгрома полка. Ходатаиствую о присвоении товарищу Рамазанову звание «Героя Советского Союза» с вручением ордена Ленина и медали «Золотая Звезда». 06 октября 1944 года».
Өкінішке қарай батыр Жеңіс күнін көре алмады. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық әскери архивтің «Память народа» ресми сайтынан Ташан Рамазановтың 1944 жылдың 22 желтоқсанында Чехословакия, Словакия жеріндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқаны көрсетіліпті. Римавска-Собота төңірегіндегі Ширковце селосында жерленгені туралы құжатында іздеушісі ретінде әйелі Нәйлә Рамазанова жазылған. Бұл деректерге қоса облыстық архивтің құжаттарын іздестіруді жөн көрдім. Онда Ташанның соғысқа дейінгі жеке ісі сақталған. 1941 жылға дейінгі өмірдеректері мен суреті де бар екен. Ал ең қызығы Нәйләнің да жеке ісі архивтен табылды.
Ізденіс жұмысы барысында Ташан мен Нәйләнің өмірі мені ерекше қызықтырды. Тіпті ұрпақтарын да іздестіргім келді. Бірақ, таба алмадым.
Бірі – майдангер, ал екіншісі – тыл еңбеккері, соғыстың жесірі. Ал оған дейін ше?! Соғысқа дейін екеуі де саяси қуғын-сүргіннің, ашаршылықтың зардабын көрген азаматтар. Тағдыр тепкісінен Жамбыл жерінде пана тауып, отбасын құрған азаматтар. Олардың көрген азабын біз білмесек те, құжат толығымен суреттеп сипаттамаса да, деректі құжаттар өзі-ақ дәйегін келтірді. Сондықтан да құжатта берілген мәліметтер бойынша олардың өмірі мен қызмет жолына жекелеп тоқтауды жөн санадым.
Ташан Рамазанов 1910 жылы Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 1917 жылы әкесінен, 1919 жылы анасынан айырылып, жетімдіктің азабын шеккен (бұл жылдары елде «кіші жылан» деп аталатын ашаршылық болған). 1924 жылға дейін Теректі ауданындағы Қыдырбаев деген байдың жалшысы болды. 1924-1928 жылдары өзі туған ауданда орналасқан балалар үйінде тәрбиеленді. 1928-1932 жылдары Омск қаласындағы университеттің жұмысшы факультетінің студенті болды. Оқуын тәмамдаған Ташан Петропавл қаласындағы Қарағанды облыстық атқару комитетінің кадр бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1934 жылға дейін Жаңаарқа, Қызылту аудандық комсомол ұйымдарының хатшысы болды. 1934-1937 жылдары Алматы қаласындағы қазақ кавалериялық полкінің қатарында болып, әскери борышын өтеді. Онда кіші курсант дәрежесінен взвод командирі дәрежесіне дейін көтерілген. 1937 жылдың қазан айында Жамбыл қаласындағы №49 жылқы зауытының директоры болып тағайындалды. Майданға да жылқы зауытының директоры бола тұра, өз еркімен сұранып кеткен.
Әйелі Нәйләмен 1938 жылы қосылған. Екеуінің ортақ екі баласы болды. Алайда олар 4 баланы тәрбиеледі. Ол жайында Нәйләнің өмірдерегін оқи отырып анықтадым.
Нәйләнің тұрмыс құрғанға дейінгі тегі – Абдразақова. Ол 1910 жылы сол кездегі Семей облысы, Новопокровка ауданының Жаңаауыл ұжымшарында дүниеге келген. 1926 жылы орта мектепті тәмамдаған соң екі жылдық есепші курсында оқыды. 1928 жылы еңбек жолын өзі туған өлкеде Жаңасемей қаласында есепші қызметінен бастаған. 1930-1931 жылдары Семей қаласындағы университетте білімін жалғастырыпты. 1931 жылы отбасымен бірге Жамбыл жеріне қоныстанып, Жамбыл стансасындағы ДН-6 мекемесінің кадр жөніндегі инспекторы қызметін атқарады. Мұнда ұзақ болмай, 1932-1938 жылдары Аягөз, Алматы стансаларында партия қатарында түрлі қызметтерді атқарған. Осы кезеңде ол алғашқы күйеуі Қасым Азнабаевпен отбасын құрды. Ол паровоз депосының машинисі еді. 1930 жылы олардың тұңғышы – Виссарион өмірге келді. Ал 1936 жылы Едіге есімді екінші ұлдары Меркі жерінде дүние есігін ашыпты. Ол кейін күллі қазақ еліне есімі белгілі геолог ғалым, Қазақстанның мұнай картасын жасаған Эдуард Қасымұлы Азнабаев есімімен танылды.
Өкінішке қарай 1937 жылы Қасым Азнабаев сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, Нәйләмен және ұлдарымен тағдырлары екі айырылған.
1938 жылы Нәйлә екі ұлымен Жамбыл жеріне қайта келіп, Ташан Рамазанов директор болған №49 жылқы зауытына хатшы-машинист болып орналасқан. Олар осы жерде тағдырын қосты. 1942 жылы Нәйла апамыз жан жолдасын майданға аттандырып, өзі де тылда аянбай еңбек етті. Сол үшін де «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған екен.
1949 жылға дейін Жамбыл қаласында партия қатарында түрлі қызметтерді атқарған Нәйлә Рамазанова 1 жыл Қордай ауданында аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Одан Меркі жеріне қоныстанып, 1950-1963 жылдары Меркі ауданында жинақ кассасының меңгерушісі, «Большевик» колхозының төрағасы, Меркі аудандық еңбекші депутаттар советі төрағасының орынбасары болды. Ал 1963 жылдан бастап Меркі аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Соңғы 1964 жылғы жазбадағы қызметі де осы.
Нәйлә өзі дүниеге әкелген ұл-қыздарының Отанына адал перзент болуына барын аямағаны анық. Соның бір мысалы – ұлы Эдуард Азнабаев. Ол 1995 жылы дүниеден өтті. Геология ғылымдары институтының лаборатория меңгерушiсi қызметінде болған Эдуард 1993 жылы құрылған әлемдiк энергетикалық кеңестiң Қазақстан ұлттық комитетiнiң мүшесі болып сайланыпты. Оның тәрбиесінде майдангер, ерлігі ескерусіз қалған батыр Ташан Рамазановтың да үлесі бары сөзсіз.

Назым Қожамарова,
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.