Қоғам

Ерлігі елге өнеге

Written by Aray2005

Миллиондаған адамның өмірін жалмап, миллиардтаған отбасының ошағын ойран еткен екінші дүниежүзілік соғысты ешкімнің есіне алғысы келмейтіні анық. Ұрыс алаңындағы соғыс өрті шарпып өткен қиранды қалалар мен күлі көкке ұшқан елді мекендерді айтпағанда, оның қасіреті мен зардабын сол кездегі КСРО құрамында болған мемлекеттердегі әрбір адам тартқаны белгілі.

Біз сөз еткелі отырған Тараз қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Ережепбай Жетібаев бір қолын оққа байлаған оғлан. Қазақ елінен ұлт болашағы, ұрпақ қамы үшін майданға аттанып, теңдесі жоқ ерлік пен қажыр-қайраттың үлгісін көрсеткен жерлестерімізді құрметтеу, Отан алдындағы адалдығын, елге, жерге деген сүйіспеншілігін бүгінгі буынға дәріптеу, майдангерлерді құрмет тұту біз үшін бұлжымас парыз.
Кейіпкеріміз Т.Рысқұлов ауданы, қазіргі Абай ауылында дүниеге келіпті. 1941 жылы 22 маусымда гитлерлік Германия соғыс өртін тұтатқанда ол әлі буыны бекіп, қабырғасы қатаймаған 16 жасар бала екен. Ауылдағы білім ошағы 4 сыныптық болғандықтан, негізгі оқуды Луговой стансасында жалғастыруына тура келген. Қарт жауынгер балалық шақтың бал дәмін дұрыстап татпағанын күрсініспен еске алды.
– Сол кездегі тағдыр тауқы­метін сөз етуге тілім бармайды. Бір білетінім, ел ішін аштық жайлағанда адамдардың мінез-құлқы айуаннан бетер өзгеріп, бір-біріне үрке қарайтын дәрежеге жетті. Менің әкем ол кезде қырықтың қырқасынан асып кеткен, ақыл тоқтатқан жан еді. Аштық алқымымыздан қысқанда әке-шешем екі әпкем мен мені қастарына ілестіріп, Алатау асып, қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласы маңындағы Беловод ауылына табан тіреді. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде елге оралдық. Аштық салған ауыртпалық пен тұрмыс тауқыметі қажытқан болар, көп ұзамай, яғни 1938 жылы анам өмірден озды. Балиғат жасына толмаған мені анамнан айырған өмір ерте есейтті. Мектепте оқыдық деген атымыз болмаса, көбіне майдан үшін деп өгізбен талай соқа тартып, астық бастырған кездерім әлі жадымда. Сегізінші сынып оқып жүргенімде Ұлы Отан соғысы басталып, 10-сыныпты бітірер-бітірместен әскер қатарына шақырылдым. Луговой стансасынан отарбаға отырып, Ақмола облысының бұрынғы Ақмола қаласына жеткізіліп, онда әскери ұрыстың әдіс-тәсілін меңгердік, – дейді Ережепбай Жетібайұлы.
Қарт жауынгердің айтуынша, соғыс басталған жылдары бұрынғы Ақмола қаласында әскер жасындағы ер адамдардың толық тізімі жасалып, әскери бөлімдерді құру, біріктіру мен орналастыру мәселесін шешу ісі жүзеге асырылып жатқан. 1943 жылы кілең 17-18 жастағы бозбалалар аталған қалаға қарайтын бір әскери бөлімде ұрысқа шыңдалып, 6 айдан кейін майдан даласына жіберілген. Сол жылғы жаздың ортасында қазақстандық жауынгерлер Ленинград түбіндегі қалаларды жаудан азат етуге жанын салып ұрыс жүргізген.
– Қазақстанда құрылған 310 және 314-дивизиялары Ленинградты қорғауға және оны қоршап алған неміс әскерлерінің құрсауын бұзуға белсене араласып, жау құрсауында қалған қаланы фашистерден азат етті. Мен майданға 1943 жылы 361-атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері ретінде араластым. Гитлершіл опасыздарға қарсы үздіксіз ұрыс сала отырып, Ленинград облысындағы Вологда, Псков секілді бірнеше қалаларды жау қолынан қайтарып алдық. Басында СВТ-40 винтовкасымен шайқасқа аралассам, кейінгі серігім ППШ автоматы еді. Сол кездері Кеңес әскерінің қайратты да қажырлы, айбынды тегеурініне шыдамаған фашистер батысқа қарай шегініп бара жатты. Бізді барлаушы топ немістердің қайда орналасқанынан, қашан шабуыл ұйымдастыратынынан шамалап болса да құлағдар етіп отыратын. Бірақ бір жолы жау ойламаған жерден тұтқиылдан шабуыл жасады. Біздің взвод жау қоршауында қалып қойып, ақыры ол қиян-кескі ұрысқа айналды. Барлығымыздың мақсатымыз – өліспей беріспеу. Бір қызығы, олар кейде үш дөңгелекті мотоциклмен 20-30 шақты адам шабуылға шығып, біз жақ күшіне енгенде әлгі көліктеріне мініп, бой тасалайтын. Бұл жолғы ұрыс олай болмады. Қазақстандық жауынгерлер жағындағы адам күштерінен де, техникадан да біраз шығын шықты. Сол жолы мен сол қолымнан жарақат алып, Ленинград қаласындағы әскери госпитальға жеткізіліп, артынша Вологда қаласына жөнелтілдім. Ол жақта да біршама уақыт емделдім. Бұл 1944 жыл болатын. Осы жылдың шілде айында комиссия ұйғарымымен мен соғысқа жарамсыз болып, елге қайтуыма тура келді. Алдымен Мәскеу қаласына жеткізіліп, одан кейін Луговой стансасына алты күн жол жүріп отырып жеттім. Ленинград облысының бірнеше қаласы мен елді мекендерін азат етудегі ауыр шайқастар әлі жадымда, – дейді қария.
Елге келгеннен кейін Ережепбай Жетібаевқа аудандық білім бөлімі бастауыш сыныпқа мұғалім болып баруды ұсыныпты. Онжылдық білімі бар майдангер Қазақ колхозында 1 жыл ұстаздық етіп, одан кейін тұратын жердің ыңғайы болмағандықтан, Жалпақсаз ауылына жұмыс ауыстырған. Ол жерде 8 жыл табан аудармай еңбек етіп, отбасын құрған. Әкесінің өтініші бойынша өзі туып-өскен (бұрынғы Еңбекші колхозы) Абай ауылына 1952-1953 жылдары көшіп келіпті. Сол кезеңдерде аталған елді мекен мен Көкарық ауылы бірігіп, 8 жылдық, одан кейін он жылдық білім беретін мекеме болып қайта құрылған. Соғыстан кейінгі жылдары Жамбыл педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген ол осы орта мектепте 1980 жылға дейін ұстаздық етіп, 55 жасында зейнетке шығыпты. 25 жыл ұстаздық қызмет атқарған кейіпкеріміз одан кейін ауылдық кеңестің төрағасы болып 6 жыл еңбек еткен.
– Отты жылдарда Отанын қорғап, одан кейінгі жастық жалынын елдің өркендеуіне арнаған біз секілді ардагерлердің қатары күннен-күнге сиреп барады. Ол кездегі қасіретті жылдарды тарих үшін өз аузымыздан жазып алу мақсатында іздеп келген сендерге, елеп-ескерген ел азаматтарына алғыстан басқа айтарым жоқ. Қазақ халқының бұған дейін басынан өткерген қасіретті тағдыры енді қайталанбасын деп тілеймін. Елімізде береке-бірлік, бейбітшілік, молшылық орнап, мемлекетіміз өркендей берсін, – дейді Е.Жетібаев.

Бүгінде екі ұл, бір қызынан 12 немере мен шөбере сүйіп отырған Ережепбай Жетібаевтың Тараз қаласына қоныс аударғанына 20 жылға жуықтаған. Бауырынан өрбіген ұрпағының ішінде кіші қызы, екі келіні, немересі, жалпы өзін қосқанда бұл отбасынан 5 бірдей мұғалім шыққан. Көнекөз қария немересінің үлкені Нұрбол Жетібаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң ғылымдарының кандидаты, доцент екенін мақтанышпен жеткізді. Қазіргі таңда ұлды ұяға, қызды қияға қондырған қария елде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. Өмірлік серігі Мәншүк Жетібаева үйлеріне газет-журнал келіп тұратынын, бірақ «ARAI»-ға қолы жетпей жүргендерін сөз арасына қосты. Артында өшпес өнеге қалдырарлық ғұмыры бар, ерлігі елге мұра болған ардагерлеріміздің қолқасы қоғам барда ескеріледі, құрметіміз азаймайды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР