Ерлік ешқашан ұмытылмайды

0 44

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек Ұлы Отан соғысының ардагері Бекасыл Белгібаевтың шаңырағына арнайы барып, мерейлі мерекесімен құттықтады.

97 жасқа аяқ басқан ардагердің тіршілігі тың. Он сегіз жасынан ел тыныштығы үшін майданға аттанған Бекасыл ақсақал сұрапыл соғыс жылдары атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болып Отан алдындағы борышын ерлікпен өтеген. Қытайдың Маньчжурия аймағын Жапон басқыншыларынан азат ету соғысына да қатысқан. Елге оралғаннан кейін өзі туып-өскен Жуалы ауданында алтын бесік – ауылдың әлеуетін көтеруге үлесін қосып,табандылықпен еңбек еткен. Бейнетінің зейнетіне жеткен. Тоғыз ұл-қызынан тараған немере, шөберелерінің саны сексеннен асқан. Мереке күні облыс әкімінің орынбасары Дәулет Жамаубайұлы ардагерді арнайы құттықтап, аймақ басшысының ізгі лебізін жеткізді.

-Бүгінде өңірде өзіңіз секілді 35 ардагер қалды.Облыс басшысы Бердібек Машбекұлының тапсырмасы бойынша барлық майдангерлеріміздің хал жағдайларын біліп, арнайы құттықтап жүрміз. Осы ашық аспан үшін Сіздерге шын жүректен алғысымыз шексіз. Сіздер өздеріңіздің жастық шақтарыңызды ұрпақтың бүгінгідей тыныштығы үшін бердіңіздер. Жеңістің жүз жылдығына дейін арамызда аман есен жүре беріңіздер,-деді аймақ басшысының орынбасары.
Майдан даласында да, тылда да айбынды ерлік танытып,абыроймен еңбек еткен Бекасыл қария бұл күнде қаладағы ұлы мен келінінің қолында. Мерекеге орай майдангерді құттықтап келушілердің қарасы қалың.
-Жастайымнан өмірдің тауқыметін көп көрдім. Бала кезден әке-шешеден айырылдым. Ерте жастан жетімдіктің ащы дәмін таттым. Ер жеткен соң азаматтық борышымды өтеу үшін соғысқа бардым. Құдай елімізді соғыстан сақтасын. Өсіп келе жатқан ұрпақтардың тыныштығы, бейбіт ғұмыры баянды болсын. Соғыстан кейін туған ауылымда еңбек еттім. Трактор айдадым,механизатор болдым. 1985 жылы зейнетке шықтым. Мереке қарсаңында арнайы үйімізге келіп құттықтаған барлықтарыңызға үлкен рахмет. Істеріңізге әрдайым Алла жар болсын,-деп Бекасыл қария өзінің ақ батасын берді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.